НЕГЕ БӨРІ КӨККЕ ҚАРАП ҰЛЫДЫ?

Көктен басқа танымайтын құдайды,
Көкжал-бөрі бүгін неге мұңайды?
Көзге ілмейтін төбет пенен құмайды,
Күндерінен айырылды ма шырайлы?
Қу далада жалғыз қалған сыңайлы,
Кімді іздейді, неге көкке жылайды?
Арыстанға алдырмайтын арланым
Көкке қарап кімнен көмек сұрайды?
Неге көкжал көкке қарап ұлыды?
Дәрменсіз боп неге дымы құрыды?
Айтаққа еріп итке айналған өмірі,
Қандасынан қалды ма әлде көңілі?
Итке секілді паналамай жылы үйді,
Неге бөрі құла дүзде ұлиды?
Жер бетіне жүріп тұрған әмірі
Көкте ме оның табынатын Тәңірі?
Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы