НАУРЫЗ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

Ұлыстың ұлы кұні Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын ағайын! Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, мемлекеттік идеологиямызды бекемдей түсуге осы Наурыз мерекесі үлкен қозғаушы күш болатын сынды. Сөз басын сәлеммен, мерекелі де берекелі Наурыз тойымен құттықтаудан бастауды жөн көрдіп отырмын. Жер бетіндегі барша Алаш баласының аспаны ашық, жұлдызы жарық болып, айдарынан жел есе берсін!

 

 

ТАҒДЫРЛЫ МЕРЕКЕ

Кейбір зерттеушілер Наурыздың тарихын мыңжылдықтардан бастап қарастыру керек деген ойларын ортаға салып жүр. Олар ашық аспан астындағы «мұражайлардағы» таңбалы тастарда, бағзыдағы бабаларымыз қашап кеткен суреттер мен петроглифтерге қарап отырып осындай ғылыми тұжырым жасап отырса керек. Бұл жағын ғалымдарымыздың еншісіне қалдырайық. Өз басым, қазақтың қилы тағдырындай болған осы мереке туралы біраз естеліктер айтар едім. Менің балалық шағым, өткен ғасырдың ортасында, қазақылықтың, даналықтың, тектіліктің табы ұлттың жадынан өше қоймаған, тағдырдың тауқыметін тартып  жүрсе де жүректерінен мейірім мен жылулық өшпеген адамдар өмір сүрген жылдармен тұспа-тұс келді. Бұл жерде қазіргі адамдарды күстәналаудан аулақпын. Алайда жоғарыдағы сөйлемдермен баршаңыз келісесіздер деп ойлаймын.

Әлі есімде, Наурыз кезінде ауылда кәдімгідей той басталатын. Соғыстан кейінгі ел еңсесі енді-енді тіктеліп келе жатқан, қанды қырғынның қасыреті жүректерде әлі де сақталып тұрған сол жылдарда наурыз айы келенде адамдар сәтке болса да мерекелік көңіл күйге енуші еді. Бір-бірінің үйлеріне кіріп, хал-жағдайларын сұрасып, қыстан қалған сүрінің сорпасынан дайындалған наурыз көжені ішіп, арқа-жарқа болып жататын. Одан кейінгі жылдары осы құндылығымыздан біртіндеп ажырай бастадық. Анығы ұлттық құндылықтарымызды Кеңестің темір тегеуріні умаждап, қамырдай илеп бір бұрышқа лақтыра салып еді. Ана тіліміз де, ата дініміз де, халықты берекеге шақыратын салт-дәстүрлеріміз де Мәскеудің саясаткерлерінің қабағына қарап жаутаңдап қалған жылдар-тын. Қазақстан Республикасында Кеңес одағы орнағаннан кейін соңғы рет 1926 жылы Наурыз мерекесі тойланған екен. Алайда ауылдағы ағайын осы дәстүрді талай жылдар жалғастырып келгенін айта кеткен жөн. Алла сәтін салып, 1980-ші жылдардың кейінгі жартысында саясаттың жылымығы есе бастады. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндіктер туғандай болды.

 

 

1987-1988 жылдары Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебінде, ұзақ жылғы үзілістен кейін Наурыз мерекесін кең көлемде атап өттік. Мен осы өнер ордасында директордың орынбасары едім. Мұхтар Шаханов ата-аналар комитетінің төрағасы болатын. Мектеп ұжымының бастауымен, Мұхаңның қолдауымен 12 киіз үй тігіп, дабыралы мереке өткіздік. Әбіш Кекілбаев бастаған зиялы қауым өкілдері келіп қатысты. Қазақстан телеарнасынан журналист Нұртілеу Иманғали тікелей эфирде хабар бергені әлі есімде. Бұл үрдісті келер жылы да жалғастырдық. Марқұм Нұртілеудің түсірген осы кадрлары Ұлттық арнаның алтын қорында сақтаулы тұрған шығар деп ойлаймын. Сонан кейін Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Наурызымыз қайтып оралды. Осындай жаңалықтардың соңы тәуелсіздіктің ақ таңына ұласты. Ал Наурыз туралы саясат сахнасындағы тартыстардың өзі романға жүк болатын тақырып екенін білесіздер. Сондықтан бірде өктем күштердің ұйғарымымен мансұқталып, елеусіз қалдырылған, бірде қайта оянған үміттің өшкін сәулесіндей болып жүректерге ұлттық сезімнің алауын тұтатуға себеп болған  Наурыз мерекесін қазақтың қиын тағдырынан бөліп қарау қисынған келмейтін нәрсе деген дұрыс-ау.

 

 

СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ

Тәуелсіздіктен бері қарайғы жылдары бұл мерекенің қадір-қасиеті жылдан-жылға артып келе жатыр. Жер бетінде көптеген елдерде тойланатын жыл басы Әз-Наурыз Халықаралық мереке статусын еншіледі. Дегенмен қазақ үшін қадірі бөлек осы мереке, біздің ұлттық идеологиямыздың бір саласы ретінде айырықша бағаланатын құндылыққа  айналғандығы қуантады.

Биылғы наурыз айы мерекемен басталды. 1-ші наурыз «Алғыс айту күнін» атап өттік. Жаңа уақыт белдеуіне көштік. 8-ші наурыз «Халықаралық әйелдер мерекесін» Аналар күнін тойладық. Сондай-ақ еліміздің саяси-әлеуметтік өмірінде айырықша маңыз алатын Ұлттық құрылтай Әз-Наурыз мерекесімен қатар өтті. Мемлекет басшысының өзі айырықша тоқталып өткен бұл оқиға, тарих бетінде қалары сөзсіз.

«Биыл Ұлыстың Ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құрылтай да Әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды»,- деп бастаған Президент сөзінің ортасында Наурыз туралы айырықша тоқатылп өтті.

«Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым»,- деді мемлекет басшысы.

 

 

Биылғы жылдың үлкен жаңалықтарының бірі де бірегейі де осы еді. Бұдан былай Қазақ жұрты осы ұлық мерекені 10 күн тойлайтын болады. Осыған орай құзырлы мекемелер тарапынан ресми түрде мәлімдемелер жасалған болатын. Яғни мереке 14 наурыздан басталмақ. Онсыз да еліміздің батыс аймағы 14-ші наурызды Амал мерекесі, Көрісу күні деп айырықша дата ретінде атап өтетінін білеміз. Ал ендігі жерде Мемлекеттік деңгейде мәртебе алған бұл күн, халықты береке мен бірлікке шақыратын, адамдардың көңіліне бірегей ұлттық сананы ұялататын қастерлі ұғымға айналмақ. Бұдан артық не керек еді бізге? Ғасырлар бойы аңсаған азаттығымызды алдық. Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып жатырмыз. Осындай өр рухты оятатын оқиғалардан кейін қазақ қайта түлеп, жұмыр жердің бетін тұлпарының тұяғымен тітіреткен көктүріктің айбынды ғасырларын қайта жаңғыртып жатса таңғалмаспыз!

Енді Әз-Наурыз ұлтты бірлікке шақыратын айтулы күнге айналатын болады. Біз осыны байқадық. Мемлекеттік деңгейде маңыз берілген айтулы 10 күннің әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Енді осы айтулы дата 14 наурыз күні – Көрісу, яғни Амал мерекесімен басталады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні. 19 наурыз – Жаңару күні. Бұдан былай көктемгі ағаш егу науқаны да осы күнге орайластырылмақ. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. 21 наурыз – Ынтымақ, ал 22 наурыз – Төл жаңа жылымыздың басы болмақ. 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалпыұлттық экологиялық акция өтеді. Бұдан бөлек, мереке логотипі ретінде «қызғалдақ» гүлі таңдалыпты. Әрине, Еуропалық ғалымдар бірауыздан «Қызғалдақтың отаны-Қазақстан» деп тұрақтандырғанын ескерсек, даланың сәні, көктемде сайын сахараны алқызыл кілемге айанлдырып жіберетін қадірі бөлек қызғалдақ гүлін қалай әспеттемеске?!

Сөз орайы келгенде айта кеткенді жөн көрдім. «Qazaqstab dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газеті ұлттық құндылықтарды, ұлттық мүддені барлығынан жоғары қоятын ұстанымына сай, Наурыз мерекесі туралы зерттеулер мен қатысты жазбаларды жыл сайын жариялап отыратын басылым. Осы жерде этнограф, мәдениеттанушы Серік Ерғалидың біраз мақалалары мен сұхбаттары біздің газетімізде жарық көргені есімізде. Серік Ерғали Наурыз мерекесі туралы 20 жылдан бері зерттеулерінің нәтижесінде талай жаңалық ашып, өз тұжырымдамасын жоғарыға ұсынудан жалыққан емес. Оның «Нау мен ырыс» атты кітабы басылған еді. Дегенмен БАҚ-арқылы да талай пікірлерін айтып жүрген Серіктің,«Наурыз-фест» жобасын бір жылдары газетімізде жариялаған болатын. 14-ші наурыздан басатап 9 күнді айырықша атап өту керектігін ортаға салып жүрген этнограф, әрбір күнге жеке-жеке ат беріп, айырықша мағынамен тойлауды ұсынған еді. Бұл ойлары сол күйінде қабылданбаса да жалпы идеясы осымен ұқсас келетін Тұжырымдаманың Мемлекеттік деңгейде қабылдануы үлкен жаңалық болды.

 

 

Жасыратыны жоқ, кейде қазақ даласын үмітсіздік сезімі билеп алғанадй сезілетін кездері болады… Мұны тарқатып отырмаймын. Осындай кезде даламызға жоғалған жосынымыз қайтып келгені зор қуаныш еді. Ұлттық құрылтай мінберінде сөз сөйлеген Президенттің баяндамасы да көңілден шықты.

«Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды»- деген сөздерде үлкен мағына бар еді. Бұдан ары тіліміздің мәртебесі, тарихымыз, бай мұраларымыз туралы айырықша атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек» дей келіп ел ішіндегі кейбір берекесіздіктерді де сын садағымен түйреп өтті. Осы тұста «Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек»- деп атап өткен Президентіміз, ата дініміздің мәртебесі туралы айтқан сөздерінің астарында көп мағына мен мән жатқандығын аңғартты.

Мақаламызда жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларынан бір кем түспеген баяндаманы қайталап отырмаймыз. Еліміздің әлеуметтік, экономикалық салалары мен рухани болмысы, ғылым-білім туралы толық қамтылған баяндаманың өн-бойынла Ұлттық бірегейлік, Ұлттық болмыс, Қазақы қалыпты береке мен бірлікті айырықша дәріптегені баршамызды қуантты. Міне, Президент атап өткен осы құндылықтарымыз Әз-Наурыздың 10 күндік мерекесіне сиып жатқанын бағалаған жөн.

Әрине, көш жүре түзеледі. Бастысы СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ. Біз біртіндеп болса да ұлттық құндылықтарымызды асқақтатуға, барымызды бағалауға бетбұрып келе жатырмыз. Бұл жерде көшбасшыларымыздың Мемлекеттік деңгейдегі шешімдері айырықша маңызды болып отыр.

 

ҚАЗАҚ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫР?

Сөзіміздің өзегі береке-бірлікке ұйытқы болатын Наурыз мерекесі десек те қоғамды толғантқан мәселелерді айтпай кетуге болмас. Тіпті халық ретінде сақталып қалуымызды белгілейтін шешуші сәт келіп тұрғандығын қалай ұмытамыз? Сондықтан Жаһанданудың толқыны көміп кетпей тұрғанда барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп ұлттық болмысымызды қайта жаңғыртпасақ, мемлекет деген атымызға сын болмақ. Онсыз қазақ қоғамы көрінгеннің жетегіне еріп кететін түрі бар. Еріп те жүр. Рухани әлемімізге күдіктің ұрығын сеуіп, сол арқылы ұлттық тұтастығымызға сына қаққысы келетін әлдекімдердің жымысқы саясаты қазіргі таңда қарқынды жүріп жатыр. Әрине, зайырлы қоғамда әркімнің дініи сеніміне, таңдаған жолына тосқауыл бола алмаспыз. Алайда кейбіреулердің сенімі мен үгіті Қазақтың ұлттық тұтастығынан жоғары емес! Сондықтан өздері де жете біле бермейтін негізсіз сандырақтарының, халықтың рухани әлеміне, ғасырлар бойы қалыптасқан сеніміне селкеу түсірмеуі шарт. Біз соған атсалысуымыз керек.

Президентіміз сөз арасында «Біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де»,- деді сенімді түрде. Дегемен бұл арманнан адаспай жүру үшін бірегей ұлттық идеологиямыз Мемлекеттік деңгейде басты орынға шығуы шарт! Онсыз алға баса алмаймыз. Біз Алаш арыстары аңсаған ғажап мемлекетті әлі құра алған жоқпыз. Өкінішке қарай мұны біраз адамдар мойындағысы келмеуі мүмкін. Ендеше еске түсірейік. Туған тіліміз тұғырына шындап қона алды ма? «Халық қаласа хан түйесін сояды»- демеуші ме еді. 70 жылдық орыс тілінің желкелеуінен енді-енді құтылып келе жатқанда, ағылшын тілі Алаштың тілін ығыстырғысы келіп жанталасып жатыр. Осы жерде бастауыш мектепті бітіргенше балаларға тек қана жапон тілін оқытатын күн шығыс елінің өнегесі еске түседі.

 

 

Тіл-құрал. Сіз өз қажеттілігіңіз үшін көлік жүргізуді меңгеріп алдыңыз. Сол секілді кез-келген тілге қажеттілігіңіз түссе, өзіңіз-ақ кірісіп кетер едіңіз. Ол тек қана ағылшын тілі емес, мүмкін Африкадағы әлдебір ұлттың тілі шығар. Осы жерде мемлекеттің мойнында ауыр міндет тұрғандығын төбедегі төрелеріміз ұмытпаса екен дейміз…

Келесі бір мәселе азғындықтың етек алуы дер едік. Ғылым-білім бар жұрттардың қандай жағдайға жеткендігін көріп отырмыз. Құдайға шүкір! Біздің елде оқу-ағарту, жоғары білім саласы қалыптасып, қажетті жағдайлары жасалған. Яғни халықты сауатсыз қалдыруға жол жоқ. Осындай ғылым мен білім кең жайылған алтын ғасырдағы ең үлкен қасырет-рухани жұтаңдық, рухни азғындық болып отыр. Қазақ тарихында еркек пе еркек, әйел мен әйел шаңырақ көтеріп, бас құрапты дегенді ешкім естімеген шығар. Иә, ешкім естіген жоқ. Тек діндар қауым ғана арыдан жеткен риуаяттардан, қарғысқа ұшыраған Лут қауымы туралы білетін еді. «Мал құлағы саңырау» деп аса сергектікпен қарайтын дана халқымыз оны тарқатып айтпағанына кепілмін. Өкінішке қарай Қазақстанның мегаполистерінде «қызтекелер шеруі» өтетін болды. Бұл азғындыққа қарсы тұрып, талай мақалалар жазып, қарсылығымызды танытып келе жатырмыз. Ендігі айтпағымыз осы келеңсіздікке мемлекеттік тұрғыдан кірісетін кез келген сияқты.

Қадірлі Президент мырза! Жайықтың жағасында өткен Ұлттық құрылтайда өзіңіз айтып өткен «Біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де»- деген жігерлі сөйлемдеріңіз осындай келеңсіздіктерге тоқсауыл болуға әсер етсе тіпті де тамаша болар еді…

Әз-Наурыздың бір күнін Шаңырақ күні деп белгіленді. Мұны да жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Отбасын отаным деп санайтын қазақ едік. Қазіргі қоғамымызда сол отбасын тәрк ететін тәубесіздер молайып бара жатқанын қалай жасырамыз? Кейінгі жылдары «көкек әке» деген сөз пайда болып еді. Енді «көкек аналар» шыға бастады. Сананы тұрмыс билейді десек те, жүрегіміз, сезіміміз бар адамбыз ғой. Неге соншалық тас жүрек болып барамыз біз? Бұған қоғам болып атсалысатын кез келді ағайын! Шаңырақ күні бір күн ғана аталып өтпесе екен. Алдымен Қара шаңырақ дейтін қастерлі ұғымды қайта жаңғыртып алсақ, ары қарай сол төңірекке ұйыса келіп, бірлігімізді сақтауға, іргемізді бүтіндеуге кірісерміз.

Қанынан қазақтың исі аңқыған, жүзінен мейірім шуағы төгілген қарттарымыз да сиреп кетті. Ендігі қарттар батыстың джинси шалбарын киіп, ала-бажақ жейдесімен алшаң басып жүретін болды. Өз басым мұндай адамдарды қазақтың қарты деуге аузым бармас еді. Неге ұлттық болмысымызды паш ететін, миллиондардың арасынан көрген адам қазақ екен ғой деп шырамытып жататын келбетті қалай қалыптастырамыз? Бұл туралы да үміт оты оянды. Оятып жатқан тағы да қасиеті бөлек Әз-Наурыз. Ендігі жерде 18-ші наурыз Ұлттық киім күні ретінде аталып өтпек. Биыл жақсы бастамаларға куә болдық. Көптеген қыз-жігіттеріміз ұлттық киімдерімен жұмыс орындарына келді. Ендігі мәселе осы дәстүрді науқан ретінде қалдырмай, жалғастырып әкетсек деймін. Болмаса, тізесі жыртық джинси шалбар киген қыздарымыздың ұяты «әрбір жерден жылтыңдап» жүретін ұятсыз көрністерге етіміз үйреніп бара жатқандай…

Бізбенен біртұтас кеңістікте өмір сүрген өзге мемлекеттер, қазіргі таңда жоғын түгендеп, ұмытылғанын жаңғыртып жатыр. Оның бір көрнісі Наурыз мерекесі. Осы айтулы күнді әлдеқашан ұмытып кеткен кейбір туысқан халықтар бірден қабылдап алды. Жақсылықты қызғанбаймыз. Адамзаттың ортақ құндылығына айналған деген осы шығар. Түркі тілдес халықтарды қойып, парсы, күрд халықтары да атап өтетін бұл күнді Үндістан жерінде де айырықша қастер тұтады десіп жатыр бір зерттеушілер. Мейлі, күн мен түннің теңелген, көктемнің күні барша Адам ата, Хауа ана ұрпақтарын ізгілікке бастай берсін. Ал біз осы айтулы датаны онан ары әспеттеп, қасиетін қанымызға сіңірген шақта оның мәртебесі тіпті де биіктей бермек. Бұл басы ғана. Ендігісі өзімізге сын.

ТҮЙІН: Ата-баба дәстүрі тұнып тұрған идеология өз жолына енді түсіп, бағыт-бағдарын айқындай бастаған қазақ елі үшін биылғы Наурыз тойы айтулы жаңалықтардың бірі болды. Себебі қарбалас тірліктің иіріміне батып, ағайын туыстан алыстап, қазақы болмысымыз сұйыла бастаған қоғам үшін аса керек нәрсе еді. Біздің халықтың жоғалтқаны көп. Сонымен қоса жаңғыртатыны да көп. Себебі ата-бабамыздың салт-дәстүрі тұнып тұрған философия, тұнып тұрған идеология еді. Ендігі жерде Наурызды науқанға айналдырмай, береке-бірліктің бастауы, ұлттық идеологияның қайнар көзі ретінде әспеттей алсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Әз наурыз қарсаңында барша қазақ жұртын ұлық мерекемен, ұлыс мерекемен тағы да құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Даламызға бақ қонып, қыдыр дарысын! Дәулетіміз тасып, мейманамыз асып, халқымыздың бақыттан басы айналып жүре берсін! Наурыздан наурызға төрткөзіміз түгел аман-есен жетейік! Бар болайық, нар болайық! Барымызды бағалап, ұлттық құндылығымызды саралап, болмысымызды жаңалап, қазақы қалпымызбен дараланып жүре берейік! Әумин!

Сөз соңында тағы бір айтарым,  ең бастысы  сең қозғалды ағайын! Енді бізге керегі ынтымақ пен бірлік қана. Батыс-Шығыс, Оңтүстік-Солтүстік болып бөлініп, наурызды көкпарға түскен серкедей паршалап алмайық! Басымызға келген бақты шошытып алмайық! Ұлттық мерекені үш жүздің баласы алаламай, бізде былай деп қараламай, бір-бірінің жүрегін жараламай, бір тудың астында тойлауға жазсын! Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды» деді! Осы сөз-сөз!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

21.03.2024