Науқасты жылы сөзбен де емдеуге болады

«Бірінші байлық — денсаулық» дейміз. Сол денсаулық күзетіндегі медициналық мекемелердің жай-күйі қандай? Осындай сауалмен біз іргетасы кеше қаланған №29 емхананың бас дәрігері Айғырбаева Алтыншаш Нұрсыдыққызын әңгімеге тарттық.

— Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы №29 емхананың жұмыс істеп келе жатқанына көп бола қойған жоқ, яғни жылға жуық қана уақыт өтті. Емхана алғаш ашылғанда есепте 30 500 адам болған. Ал бір жылдың ішінде ол 42 600-ге жетті, — деп, емхана жайлы жалпы ақпарат беріп өткен Алтыншаш Нұрсыдыққызынан: — Кез келген әлеуметтік нысан белгілі бір мөлшердегі адам санына қызмет көрсетуге лайықталады. Сіз басқарып отырған мекеме аудан тұрғындарының барлығына бірдей көмек көрсете алып отыр ма? — деп сұрадық.

— Иә, емхана құрылысы басталмай тұрып-ақ жергілікті әкімшілік ол жағын ескерген. Емхана қазіргі кезде бір dsc_4855ауысымда 500 адамды қабылдап отыр. Ал мүмкіндігіміз одан да көп. 18 түрлі мамандық аясында медициналық қызмет көрсетуде. Олардың ішінде қазіргі кезеңде емделушілер сұранысына ие болып отырған проктолог, эндокринолог, маммолог, ультрадыбыстық зерттеуші дәрігер, көп салалы рентгендік зерттеу жасайтын мамандар бар. Дегенмен де, шет жақ болғандықтан, жұмыс сұрай келгендердің ойланып қалатындары рас. Жұмысқа қатынау жағы кедергі келтірсе керек. Алайда Алатау ауданының болашағы өте зор. Сондықтан да мамандар тарту мәселесі алдағы уақытта еш қиындық тудырмайды деп сенемін. Негізі, Алматы қалалық әкімшілік тарапынан көп қолдау жасалды. Зертханалық диагностикалау бөлімі заманауи жабдықтармен, білікті мамандармен қамтамасыз етілген. УДЗ, ЭКГ, рентген, маммограф, т.т., қысқасы, қажет құралдардың барлығы бар. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету талабына емхана толықтай лайық.

— Емхана қандай шағын аудандарға қызмет көрсетуде?

— Бізге қарайтындар: Ақбұлақ, Ақкент, Алғабас, Теректі, Мәдениет, Рахат шағын аудандары мен «Жылу электр орталығы2» және Боралдайдың бір аумағы. Емхана тұсауын кескелі бері 1200-ге жуық жүкті әйел есепке алынып, 1000-нан аса бала дүниеге келді. Мұны неге айтып отырмын? Алатау ауданында жас отбасылар мен көп балалы жанұялар өте көп. Ауданда мемлекеттік бағдарлама аясында баспана көптеп беріліп жатса, үйге ие болғандардың дені жастар.

— Алтыншаш Нұрсыдыққызы, емханада қандай бөлімдер жұмыс істейді?

— Жалпы дәрігерлік, гинекология, профилактика бөлімдері мен күндізгі стационар. Сонымен қатар, физио және массаж кабинеттері. Алдағы уақытта массажистреабилитолог маманын алсақ па дейміз.

Тағы бір айта кетерлігі, қант диабеті, жүрек қан-тамырлар аурулары сияқты адам өміріне аса қауіпті және жиі кездесетін дерттердің алдын алу үшін арнайы мамандар тобы жұмыс істейді. Бірнеше психологтан құралған «Үміт» атты жастар орталығын аштық. Олардың міндеті — ерлі-зайыптылар арасында болып тұратын жанжалдың туындауына түрткі болған факторды анықтап, онымен кешенді әрі кәсіби тұрғыда күрес жүргізу. «Үміт» орталығының жоғары дәрежелі психологтары, сонымен қатар, мектептермен де тығыз байланыста. Айта кетейін, біздің бақылауымызда алты мектеп бар. Оқушылармен жұмыс барысына сынып жетекшілері де белсенді араласып тұрады.

— Өзіңіз білесіз, құзырлы министрлік нұсқауымен тәжірибеге отбасылық дәрігерлер енгізілді. Емханаға барсаңыз, бір кезекте ересек те, бала да тұрады. Бұл жайында не айтасыз? Сондай-ақ, жуырда ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев Т.Дүйсенова (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі — ред.) мен Е.Сағадиевке (ҚР Білім және ғылым министрі — ред.) барлық медициналық оқу орындарында келесі жылдың қыркүйегінен бастап педиатриялық факультеттерді қайта құруды тапсырды. Ресми мәліметке сәйкес, 2012 жылы бес медициналық жоғары оқу орнында 742 педиатр даярланса, 2013 ж. 423 педиатр, ал 2014 тек 4 адам ғана педиатрияны бітіріп шыққан екен. Сіз қалай ойлайсыз, бала дәрігері мамандығын отбасылық дәрігерге қосып жіберген дұрыс па, әлде?..

— Кейде Кеңес үкіметі кезіндегі тәжірибені аңсаймыз. Әлбетте, өз уақытында оның қадірі де, қасиеті де болды. Алайда қазір ілім-ғылым алға жылжып кеткен. Жаһан заманы көшінен қалмауға тиіспіз. Менің ойымша, жалпы отбасылық дәрігерлердің болғаны өте тиімді. Мәселен, бала дүниеге келгеннен ол есейгенше бір дәрігердің бақылауында болады, яғни сол жанның физиологиялық дамуын үнемі назарда ұстап отырған дәрігер оның денсаулығы сыр берсе, емдеу де оңайырақ болмақ. Жалпы отбасылық дәрігер дегеніміз — әмбебап дәрігер, яғни ол педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, хирург секілді барлық медициналық қызметті атқара алады. Кез келген отбасына отбасылық дәрігерді өздерінің таңдауына рұқсат етіледі. Егер отбасылық дәрігер мықты маман болса, ол баланың педиатрға баруына жол бермейді. Бәлкім бала дәрігері хирург, терапевт, кардиолог, невропотолог т.т. сияқты мамандардың қатарында болғаны дұрыс шығар. Бұл — менің жеке пікірім. Біздің елде аурудың алдын алу мақсатында жасалып жатқан шаралар, былайша айтқанда, үгіт-насихат жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Алайда адамдар оған дұрыс көңіл бөле бермейді. Мәселен, темекінің сыртында қандай қорқынышты суреттер тұрады. Жоқ, бәрібір темекі шегеді. Адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру мәселесін мейлінше жақсарта түсу керек. Әрбір жанның денсаулығының жақсы-жаман болуы 80 пайызға өз қолында. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар. Егер адам салауатты өмір салтын дұрыс ұстаса, көп аурудан алшақ жүретін еді. Дене қозғалысының аздығы, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, міне, осылардың барлығы түрлі ауруларға әкеп соқтырады. Дей тұрғанмен айта кетейін, жастар арасында ішімдікке қарсылар көбейіп келеді. Өз басым соған қуанамын. Бүгінгі күні ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еліміздегі емхана қызметін барынша кеңейтуді қолға алып отыр. Кейбір емханаларда бір дәрігерге үш медбикеден бекітілуде.

Осының барлығы тұрғындардың ауруды асқындырмай, оның алдын алулары үшін жасалып жатқан шара. Скринингтік зерттеулер, есепке алу т.с.с. адам денсаулығын жақсартуда аса маңызды саналатын профилактикалық қызмет түрлерін кешенді жүргізуге құзырлы министрлік айрықша ден қоюда. Өз басым мұндай игі бастаманы қолдаймын.

— Қазір елде Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қарқынды жұмыстар қолға алынуда. Өзіңіз білесіз, «100 нақты қадамның» 81-қадамы отандық медицина саласын дамытуға негізделген. Ұлт жоспары мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді көздейді. Сіздің пікіріңіз?

— Ол дұрыс деп ойлаймын. Бәсекелестік, сапа артады. Жекеге өткен мекеменің жағдайы жақсара түседі. Әлбетте, ол мекеме бар табысын сол емхананың жағдайын жақсартуға жұмсайды. Өйткені бәсеке бар. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіру — уақыт талабы. Былайша айтқанда, халықтың денсаулығын жақсарту үшін жүзеге асырылмақ. Бұл үрдіс Еуропаның көптеген елдерінде қолданысқа енгізіліп, бүгінде жақсы нәтиже беріп отыр. Денсаулық сақтау саласына инвестиция тартылады. Ол арқылы медициналық ұйымдардың құрылысы, жөндеу жұмыстарынан бөлек, заманауи құралжабдықтар елімізге көптеп келеді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылғы Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі мемлекет экономикасына жеке инвестицияларды тартуда үлкен әлеует екенін атап көрсетті. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) экономикалық өсімді ынталандыру және жекеменшік сектордың экономикаға қатысуын кеңейту әдісі болып саналады. Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту, сондайақ, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартудың жолы ретінде қарастырылуда.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Ләззат Билан