«Нұрлы жер»   Баспаналы болуға баянды бастама  

Тұрғын үй қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекет халыққа жағдай жасау тетіктерін жыл сайын жетілдіріп келеді. Соның бірі – күн санап артып келе жатқан сұраныс жағдайында халықты өз тұрғын үйімен қамтамасыз етуді көздейтін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Биыл өңірде осы бағдарлама аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына 16,7 миллиард теңге қаралыпты.

Жалпы, ағымдағы жылы облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 465,4 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланыпты. Оның ішінде 140 247 шаршы метрі – көппәтерлі, 325 153 шаршы метрі – жеке тұрғын үй құрылысы. Тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына қарастырылған 16,7 миллиард теңгені нақтылар болсақ, арендалық үйлерге – 5,7 миллиард, кредиттік үйлерге – 6,2 миллиард, ал жалпы инфрақұрылымды дамытуға 4,6 миллиард теңге бөлінген екен. Осы қаржы есебінен 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 14 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылады екен. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың сөзіне сенсек, ағымдағы жылы бюджет есебінен 2 095 адам пәтермен қамтамасыз етілмек.

– Сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салу бойынша осы жылы 658 пәтерлі арендалық 9 үйдің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, облыс орталығында 400 пәтерлі 5 үй, Қордай ауданында 50 пәтерлі 1 үй, Жамбыл ауданы Аса ауылында 18 пәтерлі 1 үйдің құрылысы жүргізілетін болса, Сарысу ауданында 190 пәтерлі 2 үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар тұрғындардың басым бөлігі басыбайлы баспаналарына несие арқылы қол жеткізетіндігі белгілі. Осыған орай, өңірде 2019 жылы 1460 пәтерлі 21 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр, – дейді Жайықбай Шалдарұлы.

Яғни, тұрғындарға кредиттік негізде үлестірілетін тұрғын үйлерден 800 пәтерлі 10 үй өткен жылдан өтпелі екен. Сондай-ақ 660 пәтерлі 11 үйдің құрылысы жақын арада басталмақ. Айта кетерлігі, мұндай тұрғын үйлердің құрылыстарына 6,2 миллиард теңге бөлініпті. Демек, қыруар қаржы қарастырылып отырған бұл салада тоқырау болмайды деген сөз. Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, аймақта бірыңғай сәулеттік стильде жеке үйлер салу жобасы бойынша Тараз қаласында 255 үйдің құрылысы басталып кетіпті. Ол үйлер осы жылы өз иелеріне тапсырылмақ екен.

Бүгінде үй алудан бөлек жер алудың өзі біраз еңбекті қажет етеді. Жасыратыны жоқ, көптеген азаматтар үй салуға тиесілі алақандай жер учаскесінеге қол жеткізе алмай жүр. Алдыңғы жылдары жер мәселесі ушыққан кезде Үкімет тегін жер беру туралы айтқан болатын. Алайда оның кімге және қалай берілетіндігі түсіндірілмеген еді. Ендігі кезекте Үкімет тұрғындарға осынау «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жер үй салып беруді қолға алып, үй салуға керек жерді тегін бере бастады. Бірақ бұл бастаманың да қыр-сыры көп екен. Біріншіден, тегін жер үкіметтік бағдарламаға қатысушыларға ғана беріледі. Екіншіден, кезекте тұрған азамат жеке үй салу үшін қаржы төлеуі не «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымшы болуы қажет. Айта кетерлігі, мұндай жер телімдері су құбыры мен жарық жүйесі тартылған аудандардан беріледі. Аталған бағдарлама аясында өңірде 1704 гектар үй алқабы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылады екен. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығы Тараз қаласында 628 гектар жердегі 3289 жер теліміне, сондай-ақ Жуалы ауданында 65 гектардағы 356 жер телімі, Қордай ауданындағы 615 гектар аумақтағы 2776 жер телімі, Т.Рысқұлов ауданындағы 138 гектардағы 521 жер телімі және Шу ауданынан 258 гектар аумақтағы 1330 жер теліміне инфрақұрылым тартылмақ. Өз кезегінде инфрақұрылым жүргізілген осыншама жер телімдері өз иелерін табатын болады. Бұдан өзге облыста осы жылы кезекте тұрған 1554 азаматқа жер телімі үлестірілетін көрінеді.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тараз қаласында ілкімді істер іске асырылып-ақ жатыр. Мәселен, облыс орталығындағы Сабалақов көшесінің аяғынан тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін жер телімі «бірыңғай жүргізушіге» бөлініп құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ «Көлтоған» шағын ауданынан 128 жер телімі пайдалану мерзімінің аяқталуына және нысаналы мақсатына сай дер кезінде игерілмеуіне байланысты мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Қазіргі таңда ол жерлерді кезекте тұрған азаматтарға тарату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қалалық жер қатынастары бөлімінің тарапынан жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға 2005 жылдан кезекте тұрған 1000 азаматқа «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының басталуына байланысты ескерту хат жолданыпты. Бүгінде аталған бағдарлама арқылы жеке тұрғын үй алуға ниет білдірген 25 азаматтың тізімі «Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне» төлем қабілеттілігін бағалаудан өтуге жолдамалары жолданып, оның ішінде 4 азаматтың өтініштері мақұлданыпты.

Сонымен қатар ескерту хат жолданған кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын немесе ол бағдарламаға қатысудан бас тартқан жағдайда «Көлтоған» шағын ауданынан жер телімдері ұсынылуда. Бүгінде осындай шаралардың нәтижесінде кезекте тұрған 25 азаматқа жер учаскесінің құжаттары рәсімделіп жатқан көрінеді.

 

Төлен Дедек