Н.Назарбаев: Халық биліктің – қайнар көзі. Конституция – көптің киелі сөзі

Жириновский сияқты әпербақан саясаткерлер көшпенді қазақ халқын мәдениеттен жұрдай, білімнен құралақан, өнерден алшақ жабайы етіп көрсетуден танбай келеді. Бұл, әрине, күншілдік! Терең тарихы бар даламыздың әр кезеңде заман талабына ілесіп, уақытпен тіресіп, өркениет шыңына бет бұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Құс қанатын талдырған өлкенің ауызбіршілігін, ынтымағын, тұтастығын сақтау үшін ел тұтқасын ұстаған ақылмандар түрлі жарғылар мен заңдарға арқа сүйеді. Өз дәуірінде қазақ хандығында билер соты салтанат құрды. Қазақ халқының діни ұстанымы мен салт-дәстүріне орайластырылған заңдар жиынтығы үнемі толығып, жаңартылып отырды. Әріге бармай-ақ, ХҮІІ ғасырға көз жүгіртіп көрейік. Қазақ хандығына жанжақтан қауіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастайды. Осы тұста Тәуке хан хандықты cfc73c60140dfb94fd36754d5a8741f8нығайтуға күш салады. Ол үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажеттігі туындайды. Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. Күлтөбенің басында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бас қосып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Бұл заң сол замандағы қазақ қоғамының үдесінен шыға білді. Уақыт өте келе түрлі «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешкен халқымыз 1991 жылы егемендікке қол жеткізіп, 1995 жылдың 30 тамызында өзінің дербес Конституциясын  қабылдады. 

Мынаны есте ұстаған абзал. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата Заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын. Екіншіден, елдің еңсесін көтеріп, жедел жаңғырту үшін саясидан бастап түпкілікті экономикалық өзгерістер қажет еді. Жаңа Конституцияны қабылдау да оңай бола салған жоқ. Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар тобы көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. «Біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені — тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын. Ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі 20 елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», — деп кейінірек есіне алады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

АТА ЗАҢ ПАТРИОТИЗМ РУХЫНДА ТӘРБИЕЛЕУГЕ ТИІС

29 тамыз күні Астанада ҚР Конституция күніне арналған «Конституция — қоғам мен мемлекеттің серпінді және тұрақты дамуының негізі» атты xалықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жалауын көтерді. Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының қатысушыларға жолдаған xатын оқып берді.

10132

«Бұл конференция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Ширек ғасырда Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізді. Республикалық референдумда қабылданған Конституцияны басшылыққа алып, бұлжытпай орындау еліміздің ойдағыдай дамуының негізгі кепілі болды. Ата Заң нормаларының арқасында елде сенімді экономикалық өсу мен қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы байқалды. Елдің xалықаралық аренадағы беделінің артуын қамтамасыз ететін түбейгелі реформалар жүргізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан ғасырдың ортасына қарай, әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналуды көздеп отыр. Оны жүзеге асыру үшін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының және бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі ұлт жоспарының міндеттері ойдағыдай шешіліп жатыр. Конституцияда бекітілген құндылықтар «Мәңгілік ел» актісінде көрініс тапты. Қоғам мен мемлекеттің бірлескен күш-жігері Ата Заңымыздың әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталған. Конференцияға қатысушылардың ғылыми идеясы еліміздің одан әрі құқықтық дамуына ықпал ететініне сенімдімін. Конференцияға қатысушыларға жемісті жұмыс, кәсіби табыс тілеймін», — деп жазған Нұрсұлтан Назарбаев өз xатында.

Конференцияға ҚР Мемлекеттік xатшысы, Парламент депутаттары, Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының бірінші басшылары, әлемнің 10 елінен және 6 беделді xалықаралық ұйымынан келген шетелдік қонақтар қатысып отыр. Олардың арасында БҰҰ-ның, Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясы, ЕурАзЭС сотының, Қазақстандағы Еуразиялық одақ өкілдігінің мүшелері бар. Конституциялық патриотизм рухында тәрбиелеу барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті болуы тиіс. Бұл жалынды сөзді ҚР Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов айтты.

«Қазақстан мемлекеттің барлық атрибуттарымен егеменді және тең құқылы мемлекет ретінде қалыптасты. Халық ғасырлар бойы армандаған қазақстандық мемлекеттілікті қайта жасау бойынша тарихи міндеті табысты орындалды. Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кірді және «Қазақстан — 2050» Стратегиясының дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жетуге ілгерілеуде», — деп атап өтті Кеңес басшысы.

Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов жиын барысында елдің негізгі заңының нығайтушы рөліне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Конституцияның 1-бабы 2-тармағында республика қызметінің негізін қалаушы қағидаларға қазақстандық патриотизм жататындығы айтылған. Конституциялық патриотизм рухында тәрбиелеу барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті болуы тиіс.

«Негізгі заңды құрметтеу, конституционализм идеялары мен қағидаларына шынайы берілгендік, оларды жаппай мақұлдау мемлекет алдында тұрған жоғары мақсаттарға жетудің кепілі болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленген бағытты мүлтіксіз қолдану қажеттілігі жыл сайын қоғам санасында көбірек сіңірілуі тиіс», — дедi И.Рогов.

49ad7ab75404c5ce1600118030ff41c4

PS: Еске салсақ, Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Егемендікті заңды ресімдеу үдерісін біржола аяқтаған қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Ол өзіне жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің негізгі элементтерін қамтиды: территориялық бүтіндік, азаматтық, қолданыстағы құқық, мемлекеттік тіл, халықаралық субъектілік құқығы, мемлекеттік билік органдары жүйесі және т.б. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСРО мемлекеттің егемендігі туралы Декларациясындағы негізде елдің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Рас, жүз жылдық тарихы бар еуропалық конституциялардың қасында біздің Ата Заңымыз жас, алайда өткен ғасырлардың даналығынан сабақ алған, қазіргі заманның жаңалықтарынан қуат алған, әр бабы байыпты, әр сөзі салмақты. Өйткені ол еліміздің қысқа ғана мерзімдегі толағай табыстарының заңдық тұғыры болды және болашағымыздың құқықтық бағдары болмақ. Елбасының «Халық — биліктің қайнар көзі, Конституция — көптің киелі сөзі» деген толғамды сөзі бар. Киелі сөздің қадірін түсінген халықтың аспанын бұлт шалмайды. Ендеше, Конституция бойынша өмір сүру қажеттілік қана емес, қасиетті борышымыз.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ ӨМІР СҮРУДЕМІЗ

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев: «Конституциялық міндеттер мен идеялар, азаматтар жауапкершілігі, одан туындайтын қолданыстағы заңнамалар, стратегиялық және мемлекеттік бағдарламалар, Президент Жолдаулары, әлемдік өркендеу үрдістері арқылы халқымыздың игілігіне айналып отыр. Біз, тағы да қайталап айтамын, шынайы қалыптасқан Конституциялық кеңістікте өмір сүрудеміз. Тәуелсіз Қазақстан тарихи қысқа мерзімде — ширек ғасыр ішінде адамзат өкілі таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Еуразияда ғана емес, әлемдік көшбасшылар санатындағы еліміз әлемнің ең беделді ұйымдарының мүшесі ғана емес, олардың көп қырлы жұмысын үйлестіре білетін басшыға айналды. Осындай белестеріміздің әлі де биіктей беретіні еліміздің бүгінгі қолданыстағы Конституциясының салтанатын паш етеді», — дейді.

Нағашыбай Қабылбек