Н.Назарбаев: Астанамен бірге «екінші Бурабай» да бой көтерді

Бүгін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Елорда маңындағы «Жасыл аймақ» РМК «Ақ қайың» орман тұқымбағын аралады. Шара аясында Елбасы орман тұқымбағының арборетумы мен ағаш тұқымының плантациясы жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ. ол Астана маңындағы жасыл желек орман шаруашылығы қызметкерлері мен ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында пайда болғанын атап өтті.

– Жылдар бойғы егілген ағаштардың жалпы аумағы 73 мың гектар болды, жыл сайын қосымша 5 мың гектар ағаш отырғызылады. Бұл аумақ көлемі жөнінен Бурабай ұлттық саябағына тең. Біздің ендігі міндетіміз – Елорда маңындағы орман ағаштары алабын Бурабай саябағы аймағына ұластыру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін барлық өңірде орман өсіру ісін дамыту қажеттігіне де назар аударды. БАҚ өкілдерімен өткен ашық аспан астындағы брифингте Елбасы:

– Осы жылдары жаңа елорда – Астана ғана емес, сонымен қатар «екінші Бурабай» бой көтерді. Бұған дейін мұның бірі де болмаған. Ен далада жаңа қала бой көтерумен бірге оның маңында «жасыл аймақ» та пайда болды. Соның арқасында қалада шаң-тозаң мен ұйтқыған жел де азайды. Бұл ормандарда жеміс-жидектердің алуан түрі өседі, жан-жануар әлемі пайда болды, – деді.

Соңында Мемлекет басшысы еліміздің барша азаматтарын ағаш егу ісіне өз үлестерін қосуға, Қазақстанның табиғи байлықтарын аялауға шақырды.

«ЕлАна»