Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс сайлауында дауыс берді

Бүгін елімізде саяси маңызды оқиға — ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Ел азаматтары бұл жолы да ерекше белсенділік танытуда. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та парламенттік сайлауға қатысып, Оқушылар сарайында орналасқан №81 учаскеде дауыс берді.

Қазақстандықтар бүгін, 20 наурыз күні республика бойынша 9840 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін дауыс береді. Сайлау барысын 817 халықаралық бақылаушы бақылап, 147 шетелдік БАҚ өкілі ақпарат таратып жатыр. Сондай-ақ, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында орналасқан №89 сайлау учаскесінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өз дауысын беріп, таңдау жасады.

«Бүгін — қазақстандықтар үшін аса маңызды әрі жауапты күн. Өйткені елімізде үлкен реформалар басталып жатыр. Ал ол реформаларды жүзеге асыру үшін кәсіби Парламент қажет. Жергілікті жерлерде де өмірдің әл ауқатын дамытатын жақсы мәслихаттар керек. Сондықтан да, біз болашақ үшін, кәсіби мамандар үшін, тыныштық пен тұрақтылық үшін өз дауысымызды береміз», — деді Г. Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, алдымызда жаңару мерекесі – Наурыз мейрамы келе жатыр. Сондықтан да көңіл-күйіміз керемет. Біз өз болашағымызға, тұрақтылыққа дауыс беріп отырмыз», — дейді Г.Әбдіқалықова.

Дереккөз: BAQ.KZ