«Нұрлы жер» аясында жеңілдетілген ипотеканы қалай алуға болады

Бүгінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотеканы беру жұмысымен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ айналысады. Ол арқылы екінші деңгейлі банктердің көмегімен пәтерді 10 пайыздық ипотекаға сатып алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Қазақстанның ипотекалық компаниясы жеңілдетілген ипотеканы алу бойынша арнайы жадынаманы шығарды. Оған сәйкес, алдымен банкке ипотекалық займды алуға қажетті құжаттарды, сондай-ақ мемлекет субсидиясын алу туралы өтініш тапсыру қажет. Осыдан кейін пәтер алатын адамның төлем қабілеттілігі мен кепілзаттың бар-жоғы тексеріледі. Банк оң шешім шығарса, үш күннің ішінде Қазақстанның ипотекалық компаниясына субсидияны беру туралы қолдаухатты жібереді. Компания өз кезегінде тағы бес күн тиісті құжаттарды тексереді. Ол да оң шешім шығарса, үш күннің ішінде банкке хабар береді. Банк осы шешімнің негізінде несие алатын адаммен келісімшарттарды рәсімдейді. Осылайша, адамның қолында екі келісімшарт болады. Біреуі займ алғаны туралы болса, екіншісі субсидияны алуды көздейді. Ал келісімшартты рәсімдеуге қажетті құжаттарға келер болсақ, алдымен үйдің құжаттары болуы шарт. Сосын мүліктің бар-жоғын дәлелдейтін анықтаманы беру керек. Бұдан бөлек, кепілгер, қосалқы қарыз алушы және қарыз алушының жеке құжаттары, зейнетақы қорының анықтамасы (алты айлық есеп), мекенжай анықтамасы, жалақы туралы анықтама, сатып алынатын баспананы бағалау есебі және алғашқы жарна бойынша банктің түбіртегі болуы қажет. Айта кетейік, Үкіметтің кешегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жеңілдетілген ипотеканың беріле бастағанын мәлімдеген еді. Қазіргі кезде ипотекалық несиелерді субсидиялау бағдарламасына «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ және «Сбербанк» АҚ қатысып, 10 пайыздық ипотеканы беріп те үлгерді. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ пен «ВТБ Банкі» жылдың екінші жартысында аталған бағдарламаға қатысуды көздейді.

http://inform.kz