Нұр-Сұлтанда 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмекке ие болғандардың саны артты

9 сәуірдегі деректерге сәйкес 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке 170 мың адам өтініш берді. Төлемді 31 мыңнан астам адам алды. Өтінімдерді әкімдік «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен (МӘСҚ) бірлесіп өңдейді. 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алғандардың саны күн сайын артып келеді. Қалалық штаб демалыссыз күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.

Өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы,  telegrambot egov.kz немесе 42500.enbek.kz сайты арқылы электрондық форматта беруге болады. Қосымша ақпарат алу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12, 109(iKomek) хабарласуға болады. «Тегін азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды алатын азаматтар санатының тізімі кеңейтілді. ТЖ кезінде әлеуметтік көмекті I,II, III топтағы ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен балалар, ерекше қажеттілігі бар баланы күтумен айналысатын ата-аналар, сондай-ақ АӘК алушылар алады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақшалай көмек осы аптадан бастап беріледі. Бұл көмекті 4 АЕК мөлшерінде (10 мың теңгеден астам) 41 мың отбасы алады.»,-деді елорда әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Birgemiz» қоғамдық қоры халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына 50 000 теңге аудара бастады. Елбасының тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясымен бірлесе отырып, «Birgemiz» акциясы аясында аз қамтылған 6 мың отбасыға — азық-түлік пен гигиеналық заттар беріледі. 5500 отбасы азық-түлік себетін алды. «Осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар үшін қосымша қолдау шарасы енгізілді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мен мектеп жасындағы балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік көмек (МӘК) беріледі. Наурыз айында мемлекеттік әлеуметтік көмекті 2 мың 700 отбасы алды – бұл 4,5 мың бала. Мемлекеттік әлеуметтік көмек осы айда да беріледі. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 3 мың 400 отбасыға тағайындалды»,-деді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина. Диспансерлік есепте тұрған егде жастағы адамдарға амбулаториялық дәрі-дәрмектерді, қорғаныс құралдарын, азық-түлікті үйге жеткізіп жатырмыз.Бұл шаралардың барлығы қала тұрғындарын қолдауға бағытталған.

 

 

 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі