МУЗЕЙ ҚОРЫ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Бүгін облыстық музей қызметкерлері қоғам қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Жандар Кәрібайұлының жұбайы Халима Бекмұрзаевамен сұхбаттасып, Жандар Кәрібайұлының жеке заттарын (фотосуреттер, медальдар,ордендер мен куәліктер, киімдер, кітаптар және т,б) музей қорына табыстады.
Жандар Кәрібайұлы 1939 жылы 20 қарашада дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл ауданы Аса ауылында Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-интернатында мұғалім қызметінен бастаған.

1966-1969 жылдарда аудандық «Шұғыла» редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, 1969 – 1976 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық «Шұғыла» – «Радуга» газетінің редакторы, 1976 – 1984 жылдары Жамбыл аудандық партия комитетінің хатшысы, 1984 – 1992 жылдары Жамбыл облысының партия комитетінің идеология, кейіннен ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімдерін басқарды. Жамбыл облысы Мәдениет басқармасының бастығы болды. 1995 – 2002 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. Сенаттың Аймақтық даму және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана» медальдарымен, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының күміс медалімен, «Алтын Барыс» белгісімен марапатталған. Жамбыл облысының құрметті азаматы. Сондай-ақ бауырластықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Моңғол Халық Республикасының «Достық» орденімен марапатталған. 100-ден астам көлемді публицистмкалық мақалалардың авторы. Олардың таңдаулылары «Ат тұяғын қыздырған Атамекен» деген атпен жеке кітап болып шықты.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі