Мүгедектерге қолайлы жағдай жасалуы керек

Оралда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау жұмыстары – қоғам назарында. Өткен аптада «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы ұйымдастырған іс-шарада осындай мәселелер талқыланды.

«Қолжетімді орта» атауымен өткен семинар жұмысын ұйымдастыруға Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі Бейбіт Миханов ұйытқы болды. – Қолжетімді орта – бұл мүгедектер үшін барлық кедергілер мен қауіпті аймақтарды бірлесе отырып жою және қалпына келтіру болып табылады. Осы іс-шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың ең басты сұрақтарының бірі – пандус, жиектас (бордюр), жаяу жүргіншілер жолдары жөнінде мәселелер көтеріліп, шешімдерін табу бағыттары жан-жақты қарастырылды, – деді зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының директоры Абзал Молдағалиев.

Семинарға «Батыс Қазақстан облысы ерікті мүгедектері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ерген Бекарыстанов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер мен ардагерлерді қорғау секторының меңгерушісі Айгүл Нигимова, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Жанболат Үмбетқалиев, сондай-ақ І топ мүгедектері Тілек Есенов пен Абай Тұралиев  қатысты. Семинар соңында «Тең қоғам» орталығының психологы Гүлнұр Еркінқызы «Кері байланыс» атты тренинг өткізді.

Ұйымдастырушылар «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатынын айтып, тағдыр сынына ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ортаны бірлесе қалыптастыруға шақырды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы