МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

24 ақпан күні ҚР Ұлттық музейінде Астанада музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Тарихи тұлғалар» жобасы аясында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығына орай «Түркі әлемінің көсемі – Мұстафа Шоқай» атты конференция өтті.

Іс-шараға белгілі алаштанушылар – философ, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, «Мемлекет тарихы институтының» ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, PhD докторы Заңғар Кәрімхан, сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары қатысты. Жиынға №83 және Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының оқушылары мен ұстаздары да келді. Ғалымдар ұлт көсемінің ұлт болашағы, тіл, білім және ұлттық рух туралы ойлары мен еңбектерін жан-жақты талқылап, жас ұрпақты оның өмір жолын зерттеуге, білімге ұмтылуға шақырды.
Шара аясында №51 мектеп-гимназиясы музейінің жас экскурсоводтары ұйымдастырған көрме таныстырылып, оқушылардың орындауында «Алаш» күйі орындалды. Күйдің әуені тақырыпты аша түсіп, балалардың Алаш мұрасына деген ерекше ықыласын көрсетті.
Конференция барысында мұстафатанушы, профессор Әбдіжамал Бәкір қайраткердің шығармашылық мұрасының ерекше құндылығына тоқталды:
– 12 томдық шығармалар жинағындағы еңбектері 9 тілде жазылған. Жүзден аса елдің қайраткерлерімен, ғалымдарымен хат жазысып, артында 300-ден аса хат қалдырды. 150 халықаралық тақырыпқа 150 мақала жазды. Және ондағы негізгі мақсаты халықаралық жағдай Түркістан азаттығына игі ықпал етер деген мақсатта жазды.
Сонымен қатар, ол түркі жұртының даңқты күрескері Мұстафа Шоқайдың еңбектері әлі де зерттеуді қажет ететінін атап өтті.
– Осы кезге дейін 900-ден астам еңбегінің 224-і ғана қазақ тіліне аударылып отыр. Орыс тіліндегі 448 мақаласы әлі аударылған жоқ. 138 француз тіліндегі жазбасы әлі аударылған жоқ. 331 түрік, шағатай тіліндегі мақалалары аударылған жоқ. Шын мәнісінде, осы тұлғаға біз әлі де көңіл бөле алмай келе жатырмыз, – деді.