Мұнайлы ауданында 119 адам Covid-19 жұқтырған

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, Мұнайлы ауданында бүгінге дейін 1338 адамнан сынама (анализ) алынған. Нәтижесінде 119 адамнан «COVID-19» анықталды. Оның ішінде 87 адамнан вирустық инфекцияның симптомсыз, тағы 32 тұрғыннан симптомды белгілері табылған. Тағы 21 медицина қызметкері сырқат жұқтырған.

«Covid-19 инфекциясымен сырқаттанған 65 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жолданды. Қуантарлығы, 55-і аурудан жазылып шықты. 1980 жылы туған Батыр ауылдық округінің тұрғыны қайтыс болды. Сырқаттың клиникалық белгілері табылмаған 46 науқас үй жағдайында ем алуда. Олардың жағдайын учаскелік дәрігерлер толық бақылауға алынып, бейнежазба арқылы қадағалануда. Бүгінгі таңда, жұқпалы аурулар стационарында 10, провизорлық стационарда 29 науқас, тағы 7 адам обсервациялық стационарда емделіп жатыр» — деді Р.Елтизаров.

Жалпы Мұнайлы ауданы бойынша Басқұдық ауылдық округінде 24, Маңғыстау ауылында 50, Батырда 12, Қызылтөбе ауылдық округінде 12, Дәулетте 7, Баяндыда 4, Атамекен ауылында 10 адам вирус жұқтырып отыр.

Әкімнің айтуынша, аймақтың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 8 маусымдағы «Маңғыстау облысының аумағында карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысына сәйкес Мұнайлы ауданы бойынша жұмыс жасап тұрған объектілерде санитарлық -нормалардың сақталуын қадағалау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында жұмыс топтары құрылған.

«Олар күнделікті түрде рейдттік шараларды жүргізуде. Соңғы 15 күнде 395 нысанға және ауданішілік маршуруттарға мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 10 нысанда санитарлық-нормалардың бұзылуы анықталып, әкімшілік шара қолданылды (айыппұл салынды). Ауданішілік маршурут иелеріне автобус сыйымдылығына сай адам отырғызу, маскамен кіруі талап етілуде. Алайда, тұрғындар тарапынан белгіленген талаптарды орындамау фактілері көптеп кездеседі. Осы орайда айта кететіні аудан тұрғындарынан автобусқа отырғанда барлық санитарлық-нормаларды сақтауын сұраймыз. Сонымен қатар, азық-түлік дүкендерін аралап, бекітілген шекті бағадан аспау туралы ескерту хаттар таратылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін заңбұзушылықтарға жол берген 2 нысанның материалдары сотқа жолданды» — дейді Мұнайлы ауданының әкімі.

Айта кетейік, Мұнайлы ауданында жұқпалы ауруларды емдейтін стационар жоқ. Осы себепті вирус жұқтырған науқастар Ақтаудағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, провизорлық және обсервациялық стационарларға жатқызылуда.

Аудан орталығында орналасқан дауыс ұлғайтқыш құрылғысы арқылы (күнделікті сағат 08:00 ден кешкі 20:00 дейін) тұрғындарға сақтық ережелерін сақтау жайлы хабарланып отыр. Оған қосымша жылжымалы түрдегі арнайы дыбыс күшейткіш арқылы ауданның барлық көшелеріне дыбыстық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ақпараттық 3 бильборд (Атамекен, Маңғыстау, Қызылтөбе ауылдарында) ілінді. Аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі (инстаграм, фейсбук) парақшаларына 1445 мақала жарияланған.

«Қазір көптеген кәсіпорындар жұмысын жандандырды. Азаматтар жұмысына қайта оралды. Саябақтар мен қоғамдық орындар есігін қайта ашты. Осыған сәйкес азаматтардың да саны көшеде көбейді. Осы арқылы қауіп арта түсуде. Қауіпті дерттен сақтанудың ең бірінші талабы — жеке бастың гигиенасы, халық шоғырланған жерде маска тағу, антисептик пайдалану, той садақа, қонаққа бармау, жанұялық шаралардан бас тарту. Жұмыс орынында, дүкендерде, базарда санитариялық талаптарды сақтау, сақтану. Осы талаптарды орындау арқылы ғана тек қана өзіміз емес, жанұя мүшелерінің, жақындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз» — дейді бфифинг спикері.

Қазіргі уақытта Мұнайлыда жұмыс жасап тұрған 16 супермаркет, 25 шағын маркет, 375 азық-түлік дүкені, 85 дәріханада дезифекциялау шаралары күнделікті түрде жүргізілуде. Ауданішілік маршуруттарда аялдамалардың басы мен соңына тоқтағанда дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Аудан аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелер копперативінің қызметкерлері ортақ пайдаланымдағы дәліздерге залаларсыздандыру шараларын жүргізеді.

Бұдан бөлек ауыл мен ауылдық округтердегі 29 ойын алаңы, 14 спорт алаңы, 7 Қазпошта бөлімшесі, 9 банк бөлімшелері мен басқа да әлеуметтік ғимараттар, жаяу жүргінші жолдары тұрақты түрде дезинфекцияланып келеді. Сонымен қатар КВИ анықталған тұрғын үйлер мен ғимараттар дереу оқшаулануда.

Маңғыстау облыстық ҚКО