«Мойынқұмнан бау-бақшасы бар, еңселі үй алдым»

Өткен жылы осы санаттағы 51 жас маманға көтерме жәрдемақы, 20 жас маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілген. Биыл 49 маманға 14293,3 мың теңгеге бір реттік көтерме жәрдемақысы төленіп, 38 маманға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр. Атап айтсақ, «Дипломмен ауылға» жобасының қатысушыларының әрбіріне 291700 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, 4 миллион теңгеден тұрғын үй сатып алу үшін несие берілуде. Бұл қолдауға ие болғандардың басым көпшілігі денсаулық сақтау және білім салаларының мамандары.

Осы жобаның шарапатын көріп отырған жас маманның бірі – Ақерке Жанатова. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Философия және саясаттану» факультетін «Әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану пәні мұғалімі» мамандығы бойынша 2016 жылы бітірген. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап аудан орталығындағы іргелі білім ошағы М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінде жұмыс істеуде. Жолдасы Асанғали Әбдікерім де осы мектепте бағдарламашы болып еңбек етеді.

– Мен осы ауылдың келінімін. Осы уақытқа дейін ата-енемізбен бірге тұрып келдік. Жеке үй болып тұруға басымызда баспана болмады. Жолдасым екеуміз ақылдаса келе «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтініш бердік. Өтінішіміз аудан әкімдігі тарапынан қолдау тауып, пайызы төмен несие алуға қол жеткізіп, Т.Әубәкіров атындағы көшеден үй сатып алдық. Үйіміз еңселі, жайлы, өзімізге ұнайды. Айына 24500 теңге төлеп тұрамыз, – дейді жас ұстаз.

Ал аудандық орталық аурухананың жас балалар дәрігері Ақерке Әмзе С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетін 2020 жылы бітіріп, еңбек жолын жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде Шығанақ дәрігерлік амбулаториясынан бастапты. Осында алты ай жұмыс істеген жас маманды аурухана басшылығы өндірістік қажеттілікке байланысты балалар дәрігері ретінде аудандық ауруханаға ауыстырған. Жас маманды құшақ жая қарсы алған аудандық аурухана ұжымы оның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Ақерке Мырзабекқызы жас маман ретінде ауданнан, облыстан бір реттік көтерме жәрдемақысына, пәтер алуға пайызы төмен несиеге қол жеткізді. Ол Мойынқұм ауылынан еңсесі биік, бау-бақшасы, қора-жайы, моншасы, жаздық бастырмасы бар үй сатып алған.

– «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бірқатар ауылда кадр тапшылығы жойылып, ауыл мектептеріндегі білім сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ауылдағы білім, мәдениет, денсаулық, ветеринария, агроөнеркәсіп салалары жаңа, жігерлі мамандармен толықты. Олар ауданды, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуда, – дейді аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов.

Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
журналист.
Мойынқұм ауданы.

aqjolgazet.kz