Мойынқұмдағы шаруаларға әкімнің сыйқалтасы жетті

Мойынқұм өңіріне бару көптен бері ойымызда жүрген. Соның сәті бейсенбі күні түсіп, аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманалы Құрбанов, аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Төрехан Қойлыбаев, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмахановтармен бірге құмды өңірдегі шопандардың жай-күйін көруге және аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сыйқалтасын шаруаларға жеткізуге барғанбыз.

Қойнына 111582 гектар алқапты сыйдырған Мойынқұм өңірінде 100-ге жуық шаруалар мал бағымымен айналысады. Құмды өңірге ене бергендегі жиекке тоқтамай өту маңғаз даланың заңдылығына қайшы келетіндей. Аудан атқамінерлері осы тұсқа аялдап, ұшы-қиыры жанарға сыймайтын алып өңірге осылай амандасса керек. Оның үстіне құмды өңірде бетке алған әрбір жолаушы үшін бұл үрдіс сақталып қалған.

Дархан даладағы өңір шаруалары туралы сөз жұптаған Ербол Жиенқұлов:
– Мойынқұм, Көделі, Шәйхана (Қоңыртөбе), Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурылдағы 255 базда аудан шаруаларының малдары қыстаудан өтуде, -деді.

Құмды өңір елдің байтақ жерінен сыр шертетіндей.
Аудан әкімінің орынбасары бірқатар шаруаларға барып, Жаңа жылмен құттықтап, мал-жанын сұрап, құрмет көрсетті. Төрт-түлікті, қора-жайды аралап, малшылармен тілдесті.

Жамбыл ауданы әкімдігі