Министрді түзету һәм толықтыру немесе наурызды қайтсек деген сауал қақында

Біздің мақсатымыз – министрді мұқату не сынау емес,министрліктің  халықтың қажетіне жарайтын дүниені бере алмай отырғандығына күйініш барын жасыра алмаймыз.

Одан әрі сұқбатты кірістіре отырып, тақырыпты талдау арқылы мәселенің мән-жайына тоқталмақпыз.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстанға»21.02.2018  санындағы наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу жөнінде тарқатқан әңгімесіөкінішке қарай дер кезінде емес, бірнеше жылға кешіккен әңгіме. Арыстанбек Мұхамедиұлының министр болғанына бірнеше жылдың жүзі болды және Наурыз тақырыбының төңірегіндегі кемшілік пен жұртшылықтың сыны әбден жауыр болған кездегі сұқбаты күн тәртібіне берілген жауап деуге болмайды. Бұның орнына мамандар мен ғалымдарды жұмылдырып, мерекенің толық та дау тудырмайтын нұсқасын өмірге келтіріп, тұжырымдап, мемлекеттік ауқымдағы шара жасауы керек еді. Ал мынадай сұқбатты кез келген гуманитарлық саланың маманы айтып келеді.

«Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сах­налық кейіпке еніп кетті» деген де сөздер айтылып жүр. – Иә, аздаған жұртшылық­тың қы­зық­тауына ғана айнал­ған фольк­­лор­лық қойылым көрі­ні­сінен аспай жүргені рас. Сол се­бепті мерекенің өзіне сәй­­кес ай­шық­тарын түлете оты­­рып, фольк­лорлық-этнографиялық ауқым­нан жалпы қазақстан­дық ме­реке дәрежесіне жеткізу керек» деп мойындапты. Бұған ден қоямыз, бірақ бұның айтылғанына да Арыстан Мұхамедиұлы министр болғалы жауыр болған сөздер ғой. Енді қашан Наурызды азаматтық мереке деңгейіне жеткіземіз?  Қалай?  Одан әрі министр бірнеше жолдарды атапты.

«Бірінші. Ең әуелі Наурыз бал­­дыр­ғандарға арналуы керек».  Қарсы емеспіз, бірақ Наурыз мейрамы адамның жасы мен жынысына, тегіне қарамайды. Десек те, сол Наурызда дәстүр бойынша «жолдық» деген сыйлық болғанынан министр неге хабарсыз? Оның бәрі бар және болған. Бірақ деңгейді түсіріп алған осы саланы меңгеретін мемлекеттік органдар емес пе?! Тіпті мамандар Рождествоның атрибутына айналған Йолдың түркілік жолтерек екенін дәлелдеп, оны қалпына келтіріп қойғалы он жылдан асты. Жолтеректің орда үйдегі нұсқасы адалбақан, оның бойымен тілек пен жақсылық дариды деген халқымыздың бұрыннан қалыптасқан ырымы мен рәсімі бар. Оның  мифологиялық нұсқасы кәдімгі – Бәйтерек!

«Екінші. Ұлттық киім…Ел ағалары жаға­лы киім, тымақ және бөрік киген…»    Арыстан Мұхамедиұлы  Алтын орда заманындағы Наурыз мерекесінде киілген наурыз бөріктен хабары жоқ, білуге де тиіс емес, бірақ мамандардан білуі керек еді. Бұны бүгінде орыс халқының баскиімдер жыймасынан табамыз. Тарихи ма – тарихи, айғақ па – айғақ! Енді бас қатырудың не керегі бар? Әркім өз міндетін атқарса, бәрі де өз орнына келе қалмай ма? Министрге мәдениттанушы не этнолог болудың не керегі бар?

Министр мырза, «Ел арасында ұлттық киімге деген сұраныс пайда болады да, кәсіпкерлер сапалы өнімге көңіл бөле бастар еді.» дейсіз, ол үшін ұлттық құндылық қоғамда мойындалуы керек, ол үшін оған мемлекеттік кірісім мен ғылыми дәйекті насихат керек.

«Үшінші. Қызғалдақ – Наурыз­дың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді».Арыстан Мұхамедиұлы, сіз секілді елдің мәдениет саласын басқаратын адамның Наурыздағы табиғи нышандарды ең болмаса әлеуметтік желіден танымай келуі өте ыңғайсыз жағдай. Біліп жүріңіз, Наурыздың  табиғи екі нышаны бар: қарды тесіп шығатын көктемгі бәйшешек гүлі мен халқымыз жыл құсы атап кеткен наурызек құсы. Қаперіңізде болсын, министр, бәйшешек гүлі жапонға сакура қандай құнды болса, қазаққа сондай құнды гүл, өйткені ол көктем мен махаббаттың белгісі.

Ал, жыл құсы туралы  хакім Абай не деді:

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

«Төртінші. Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктем­нің тууы».Тоқтаңыз, министр!  Көктем күн мен түннің теңелуімен келмейді, ондай болса, күзде де күн мен түн теңеледі, ендеше 21 қыркүйекте «көктем» неге күзге айналады? Мәселе мүлдем басқада.   Наурыз айы туғанда,бүгінше – 14 наурыз (ескіше – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, «көріседі» де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады: тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 — ескіше) наурыз – түркілік жыл шеңберінің жігі, Көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдің басы.Биылғы Ит жылы осылайша 14 наурызда кіреді.  Бұл көрісуді ұлы Абай былай жазған:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

«Бесінші. Батыстық ағайын­дар «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтеді» дейсіз,көрісу рәсімі батыс қазақтарының ойлап шығарғаны емес, оған кемінде 5 мың жыл болған көріністі, Аңырақай жотасындағы Таңбалытастан табылған мына сурет әйгілейді: Тәңір мен Іңір құшақтарын жайып көрісу сәті мен 12 мүшелдің кейпіндегі жылкиелер билеп жүр. Бұдан артық мерекеге қандай төлқұжат керек?!

Сондықтан жұртты әбден шатастырып, дүбәрә, тиянақсыз өтірік ғылымды тықпалауды доғару керек.  Өйткені, түркілік ұлы төрт мереке Күн мен Түннің өзара қатысына сәйкес обастан қалыптасқан, Наурыз соның біреуі ғана! Ал сіз айтып отырған қызғалдақ гүлі жазғы Сабатой (қымыз мерекесі) мейрамының нышаны бола алады. Оның бүгінгі жұрнағы «қымызмұрындық» аталып жүр. Саха жұрты оны Ысыах атайды. Күзгі теңеліске Сабантой (жиын-терін) мерекесі сәйкес, ал қысқы  соғым науқаны деп жүргеніміз, ежелгі түркілік Күн сәулесінің өліп тірілетін ырымына арналған құрбандық болған – 22-25 желтоқсан. Ол мереке түркілерде Нартуған аталған. Европаға сіңген түркілер оны Рождество түрінде христиандық діннің бас мейрамына айналдырды.

Ұлы Мәшһүр-Жүсіп Көпей жазғандай, Наурызды 14-22 наурыз аралығында мерекелеуді қалпына келтіру керек, Оны елбасы да мақұлдағалы бірнеше жыл болды. Ол үшін әр күнді демалыс етудің де керегі жоқ. Әр күнге сәйкес өз шарасын өткізсе жетіп жатыр, халық соны аңсағалы бірнеше жыл. 2013 жылдан бері Шымкент қаласы осы үрдісті қолға алды, ең болмаса соны елге тарқатудың жөні бар еді, Мәдениет министрі!

Сіз келтіргендей «Ас мәзірін әз-Наурызға бейімдеп, кәсіпкерлер Наурыз көже, бауырсағын алдымен сол адамдарға тегін таратса» деген сценарий қаншалықты қажет?  Наурыз ашаршылыққа қарсы науқан ба, немене?  Наурызда онсыз да, уыз бар, уызқағанақ бар, шеке беру бар, оны әр жанұя өзінің міндеті ретінде атқара бермей ме? Көшеге қазан шығарудың керегі не? ХХІ ғасырдағы мерекенің өз келбеті болмай ма? Одан да ежелгі сақ,ғұн бабаларамызша таңды қарсы алу, Қыдыр түнін өткеру, егделерге Белкөререр жасау т.т. қыруар дайын дәстүр тұрған жоқ па? Бұның бәрі Наурызға тән. Обаста жамбы ату, көкпар, алтыбақанның бәрі — Наурыздың рәсімдері, ұлттық ойындар емес!  Алтыбақан Күн мен Түннің үйлесімін беретін жоралғы болған, Айтыс Жаз бен Қыстың, Өлі мен Тірінің айтысын паш етуден басталған. Көкпар дегеніңіз 12 шоқжұлдыздың Күнге таласынан бастау алған көрініс. Оған обаста 12 ру таласқан, «көкпар» сөзінің өзі Көктің жыртысы, парағы дегенді білдірген.

Тіпті бүгінгі карнавалдың арғы түбінде планеталар шеруін жасаған бабарәсім жатқанын аңғаратын уақыт болды емес пе?

Наурызды әурелеп керек емес, оның өз рәсімі мен атрибуты, өз нышаны, дәстүрі мен арнайы дәмдері жеткілікті, дайын тұр. Бұның барлығы біріктіріліп концепция да жасалды. Бірақ оның бәрі министрлік назарынан тыс қалып келеді.

Министр мырза, одан да елдің мәдениетіне жол ашыңыз! Біз қолдайық!

 

Серік Әбдірешұлы, мәдениеттанушы