Министрдің бұл жобасында шикілік көп

ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева жақында жазушылардың шығармаларына қаламақы төлеудің немесе оларды ынталандыру мақсатындағы ойын, тәртібін ортаға салды. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Үкіметін қаншама жамандасақ та, ол өкімет жазушыларға өте жақсы қарады. Жазушылардың кітаптарын өз қаржыларына тегін шығарып қана қоймай, өте қомақты қаламақы төлеп отырды. Әсіресе шығарған кітаптардың таралымы да өте көп (30 мың дана) болды. Олар барлық кітапханаларға, дүкендерге таратылды. Міне, бұл нағыз қамқорлық еді. Осы шығарылған кітаптар қазақ халқының рухын көтерді. Осы жерде тағы бір айтып өтетін нәрсе газет-журналдарды жазылуға да мәжбүрлік туғызатын. Әрбір отбасыға кемінде бірнеше газет-журнал жазылу талап етілетін.

    Тәуелсіздік алғаннан кейін жазушыларымыздың, журналистеріміздің жағдайы күрт төмендеді, әркімге бір телмеңдеп жетімнің күйін кешті. Отбасында да, мемлекетімізде де жазушының инемен құдық қазғандай еңбегі еленбеді, абырой-беделі төмендеді. Бұл жағдай 25-30 жылға созылды. Тек Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін ғана жазушылардың кітаптарына қаламақы төлене бастады. Жазушылардың қуанышында шек болмады. Бірақ кітаптардың таралымы өте төмен (2 мың дана) екенін жасыра алмаймыз. Мынаған назар аударыңыз. Елімізде 20 мыңға жуық кітапхана (мектептердегіні қосқанда) бар. Сонда бұл шығарылған 2 мың дана дүкендерге де түспейді деген сөз. Дегенменде осыған шүкіршілік еттік.

Ал енді Аида Балаева ханымның айтуынша, енді жазушыларға грант беріледі екен. Әлбетте, олардың шығармаларын арнаулы комиссия сүзгіден өткізеді. Бұған қосыламыз. Әрбір жазушы 160 беттік (10 баспа) шығармасын ұсынуға құқылы. Егер комиссияның сүзгісінен өтсе, жазушыға 4 млн теңге берілмек. Біздің түсінуімізше, осы қаржыға кітапты шығарасың. Бұл жерде министрлік баспа бағасын аса ескермеген сияқты. Ол баға құрығанда 2 млн теңге (бәлкім бұдан да қымбат), қалған ақша кітапханаларға, жеке адамдарға таратуға жұмсалмақ. Сонда жазушының күнкөрісіне не қалмақ? Осы жеріне түсінбедік. Кітап тез өтіп жатса ғана мемлекет көмектесіп, қаламақы төлемек. Бұл, біріншіден, ұзақ процесс. Екіншіден, қазір кітап апаратын бірден-бір көз – мектеп және бюджеттік ұйымдар жазушыларға есіктерін баяғыда-ақ жауып тастаған. Кітапты сату қылмысқа апарады-мыс.

Үшіншіден, оқырмандардың кітап оқуға деген ынтасы қазір өте төмен. Соңғы 30 жылда ол ынта, рухты қасақана өшіргенін жақсы білесіздер.

Министрлік тағы бір өте маңызды мәселені ескермеген сияқты. Жазушы әрбір шығармасын жазғанда қаншама күш-қайратын, уақытын жұмсайтынын білесіз бе? Жанын да, жігерін де, денсаулығын да аямайды. Барлық көңіл күй, сезімін, жан дүниесін, махаббатын осы жаңа шығармасына жұмсайды. Енді ол күш-жігерін грант алуға, таратуға, өзгелерге жалынуға, жалбарынуға жұмсаса не болмақ?

Біздіңше, бұрынғы министрліктің қалыптастырған тәртібі дұрыс. Онда да кітапты, шығарманы арнаулы комиссия қатаң сүзгіден өткізді. Сөйтіп, тиісті қаламақысын төлейді. Бұл әбден тексеруден өткен Кеңес Өкіметінің қалыптастырған тәртібіне ұқсайды. Тек кітап таралымын көбейтіп, насихат жұмысын күшейту қажет.

Неге екенін білмеймін, қаламдастарымыз министрліктің бұл бастамасына қол шапалақтап қуанып жатыр. Неге қуанып жатқандарыңызға түсінбедім. Жазушы – халықтың рухын көтеріп, әділдікті ту етіп көтеретін алып тұлға. Басқа-басқа, ең болмаса өз жағдайларыңызды түзейтін мәселеде әділдік танытсаңыздаршы. Мен министрліктің бұл жобасын аса құптамаймын.

            Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ