«МІНЕЗІ ЖАМАНҒА ШЫҚПАЙМЫН»

19-ғасырда құқын қорғаған қазақ қыздары
19-ғасырда билік орындарына тікелей жүгініп, мал-мүлкін қорғап, өз тағдырын өзі шешу құқығы үшін табанды түрде күрескендер де болған. Зерттеуші Әсия Бағдәулетқызы Орталық мемлекеттік архив қорындағы материалдарға сүйене отырып, қоғам қысымына қарамастан, құқығы мен еркіндігін қорғаған әйелдер туралы баяндап берді.
Қазақ әйелдерінің өз құқығы үшін күресі
Архивтерде сақталған мына деректер – қазақ әйелдерінің таңдау еркіндігі үшін жүргізген күресінің аз ғана бөлігі. Бізге жеткен бұл қысқа шағымдар мен хаттар екі ғасыр бұрын да қоғам құрсауына қарсы шығып, өз хақын талап еткен қайсар қазақ әйелдерінің болғанын көрсетеді.
«Күйеуім кәмелетке толмаған, некемізді бұзыңыз!»
1853 жыл. 24 жастағы Ұлғаным Жемтікова орыс шенеуніктеріне шағым түсіріп, ажырасуды талап етеді. Оны 21 жасында небәрі 11 жастағы балаға еркінен тыс ұзатқан екен. Ұлғаным «тағдыр салды, мен көндімге» салмай, заң баптарына сүйене отырып, жеке бас бостандығын алды. Сотта он төртке жаңа толған күйеу Ұлғанымға «қалаған адамына тұрмысқа шыға алады, бұл жөнінде ешқандай талап қоймаймын» деп қолхат жазып беруге мәжбүр болады. Ұлғанымның бұл өтініші өз дәуірі үшін сирек кездесетін жағдай еді.
«Казактар тартып алған мүлкімді қайтарыңыз»
Халифа Ғазина – Абылай ханның немересі әрі Кенесары көтерілісіне қатысқан сұлтан Құдаймендінің жары еді. 1854 жылы күйеуі тұтқындалып, мал-мүлкі талан-таражға түседі. Алайда Халифа тікелей әскери басқармаға шағымданып, мүлкін қайтаруды талап етеді! Полктегі 25 казак түгел тексеріліп, қосымша 52 адам сұраққа алынады. Ешқайсысы ұрлықты мойындамағанымен, отряд бастығы Фролов мүлікті заңсыз иемденді деген күдікпен қызметтен шеттетіледі.
«Мінезі жаманға шықпаймын!»
1831 жылы Жәнікей есімді бойжеткен әкесі ұйғарған күйеу жігіттің қыңыр мінезіне шыдамай, Итжақ есімді қойшымен қашып кетеді. Дау туындағанда қыз Орынбор мұсылман діни жиналысына өзі арызданып, істің мұсылман әдет-ғұрпымен қаралуына қол жеткізеді. Нәтижесінде тергеушілер Жәнікейдің талабын орынды деп тауып, оған басқа күйеу таңдау еркін береді. Ол өзі сүйген Итжақпен заңды түрде қосылады. Ал дауды басу үшін әкесі Жәнікейдің орнына бұрынғы күйеу жігітке кіші қызын беруге мәжбүр болады.
«Әкем ұйғарған некеге үзілді-кесілді қарсымын!»
1825 жылы Үміт Кенжекеева сүймеген адамға тұрмысқа шықпас үшін өзінің ағайындас туысы Ыбыраймен қашып кетеді. Алайда қатал әке мен дала билері ғашықтарды ажыратып, Үмітті үйіне қайтарады. Ыбырайға 1 ірі түйе, 9 жылқы және бағалы мүлік түрінде айыппұл салады.
Бір қызығы, осы істе жазаланған Ыбырай – арада 30 жыл өткенде аға сұлтан болып, бұған дейін айтқан Ұлғанымның ажырасуына рұқсат берген адам еді. Әрине, бұл екі тарихи істі өзара тікелей байланысты дей алмаймыз. Дегенмен Ыбырайдың жастық шағындағы осы бір махаббат шырғалаңы оның әйелдер құқығына қатысты кейінгі шешіміне жанама түрде әсер еткен болуы мүмкін.
Qalam Tarih facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1BNWNQ9gFd/