Міне, қазағым қандай болған!!!

Әлем аяғына қайыңның қабығын кебіс қып киіп жүргенде, біздің қазақ бабаларымыз былғары етік киген. Жұрт жамау-жамау кір қожалақ боп жүргенде біздің халық алабұтаның күлінен сабын қайнатып, киген киімдері мұнтаздай тап-таза болып жүрген.

Бақ пен Қызырдың көзі сұлулыққа түсетінін білген қазақтың жігіттері сусардан бөрік, құндыздан ішік, былғарыдан етік тіктірген.

Қыздары алтыннан алқа, күмістен шолпы соқтырған. Торқадан қамқа, жібектен көйлек, пүліштен жиде, масатыдан көрпе, мамықтан құс жастық тіктірген. Содан қазақ халқына Бақ қарап, Қызыр дарыған.

Өркениетті біз басқадан емес, әлем БІЗДЕН іздесін. Сүтті ұйытып қатық қылып, қатықты күбіге құйып пісіп айран қылған. Сары майын қалқып алып қойдың қарнына сақтаған қазақты әулие демеске болмас.

Сапарға шықса алты малта құртты ас қылып, жүрек жалғаған. Ұстаған аңының етін өз қарнына салып, шоққа көміп ыдыссыз ас ішкен де ҚАЗАҚ. Жолдасын жауға тастамаған халық, бүтін құрты бөліп жеген де, жарты құртты жарып жеген де ҚАЗАҚ.

Жасына қарамай, ақылы асқанды аға тұтқан, ізеттіні іні көрген. Пейілі кең, ниеті түзуді бауырына санаған. Әдептен аспаған, дәстүрден озбаған.

Сөзге тоқтаған. Тауып айтылған ұтымды сөзге атасының құнын кешкен. Аманатқа қиянат жасамаған. Досы түгілі, жауының да артынан пышақ салмаған. Жатқан аңға қапияда оқ атпаған. Басын шауып тастасаң да намысын нанға сатпаған.

Малын жанының, жанын арының садақасы қылған. Қарт ата-анасын алақанында ұстаған. Ағайыннан безбеген. Құда-жекжатпен тек татулықты көздеген. Ұлы өссе ұлықтымен, қызы өссе қылықтымен көрші болған.

Міне, қазағым қандай болған!!!