МЕШІТ ПЕН МЕКТЕП ҚАНАТТАС

Жазушы-публицист
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев):

 

Біреу фейсбукте «Мешіт салдыру — өткенге кеткен ақша, қайтарымы нөл, Мектеп салдыру — болашаққа инвестиция, дивиденді мол» деп жазыпты. Осындай орашолақ ойларды тапқырлық көру ұят қой. Әл-Фараби бабам: «Тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген. Мектеп білім береді, бірақ тәрбиесі үнемі кемшін, тәрбиенің көкесін мешіт береді, жинатары — тек көркем мінез.

 

Ислам дегеніміз — иман, иман дегеніміз — көркем мінез. Яғни мектеп пен мешітті бір-біріне қарсы қою білімсіздік, кешегі атеистік шолақбелсенді шенеуніктердің психологиясы. Қазақстанда мектеп жасындағы 3 млн балаға орта білім беретін 8 мыңдай мектеп бар, 13 млннан астам мұсылманға небары 2600 мешіт бар. Мешіт ондаған есе аз.
Мемлекет мектеп салуға міндетті. Мешіт салуға ешкім міндетті емес.
Қаперлеріңізде болсын, Қазақстанда мемлекет қаржысына салынған бірде бір мешіт жоқ. Қаражатын Алла жолына жұмсаған азаматтар өз еріктерімен салып жатыр. Сонда «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей бұл неғылған қыңсылау. Көксегені — ертең қартайғанда өзін білімі бар, бірақ иманы кем ұлы сақалынан сүйреп қарттар үйіне тапсыруы ма?
Ой-пікір жазарда ойланып жазайық!