Меркіде туризімнің түтінін тік ұшыруға мүмкіндік мол  

 

   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге ту тігіп», өскен өлкенің табиғатын тану мен тарихи орындарын дәріптеп, насихаттаудың қаншалықты маңызды екені баса айтылғаны белгілі. Міне, осынау туған топырақтың құндылықтарын ұлықтау  мақсатында Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімдігі «Алтын аймақ шақырады» атты экспедиция ұйымдастырды. 

Экспедиция  мақсаты Меркі ауданында туристік саланы дамыту, оны аталған табиғаты тұнық, суы шипа, ауасы жанға дауа, аты аңызға айналған, бар құпиясын әлі де бауырына басып жатқан, халық «Әулие көл» деп атап, бас иіп, тәу етіп келген «Көк Көлді», кіші «Әулие Шоқы», Үлкен «Әулие Шоқыны» көзбен көріп, жалпы «Сандық» жайлауы мен «Қарақыстақтың» туристік әлеуетін бағамдау, оған қандай инфра-құрылым, қай бағытты қалай дамытса, ел игілігіне жаратса  болады. «Меркі-Қасқасу-Қарақыстақ», «Меркі – Құлан – Сандық» «Меркі – Ойранды – Қарақыстақ – Сандық»  жолдарының жай-күйін, сапасын, тиімділігі мен жұмысының шама-шарқын т.б анықтау, сонымен қатар әрине таза ауа жұтып, табиғатын тамашалап, бар нәрсені көзбен көріп, қолмен ұстап бағамдау.

Сонымен Меркіден шыққан алғашқы, салихалы, әр түрлі өз мамандықтарының білгірі, туған жерін «пірім» деп түсінетін экпедиция мүшелері Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылынан басталатын, қыста қары жарты күн де жатпай еріп кететін, барлық төрт түлік мал қыстай қолға қарамай өз тұяғымен жайылып, қоңын жоғалтпай, төлін түлетіп шығатын, қой қоралаған қотанның құмалағын жиып, суырып, кешке темір пешке жағып, асын әзірлеп, шәйін терлеп-тепшіп сараптап ішіп отыратын атақты «Қарақыстақ» жайлауына ат басын түзеді. «Көк Көлге» дейін асып-саспай жүрсе бес сағатта жетуге болады екен. Асу асып, жүз бір шақырым жерді басып келген жорықшылар, осында «Ақ тастыдан» алтын кенін қазып жатқан кеншілер салған қара жолмен тура «Көк Көлдің» басына келіп, «жүктерін» түсірді.

Иә, айнала көк шалғын. Ілгеріде аталарымыз «Құдайдың құдіретін көрем десең, тауға бар» деген екен. Міне соған өзіміздің де көзіміз жетіп отыр. Тау шатқалына кіре бере бізді күтіп алған «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің қорықшылары бастап алып жүріп, жол-жөнекей мал бағып, кәсіп жасап отырған малшылармен, әр сайдың атауымен, олардың ерекшелігімен барынша таныстырып, «Қарақыстақта» кезінде егін де егілген еккенін, бір емес екі мешіт, тіптен балаларды оқытатын медресе де болғанын, кәзір де арпа, жоңышқа, картоп, көкөніс т.б. егіп отырғандар бар екенін қорықшы. Азат Еренсіз, жан-жақты білгенінше жеткізіп, айтып келді. Саяхат барысында жоғарыда айтылған орындарды көріп, естелікке суреттерін де түсірдік.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасы жасалып, бүгіндері еліміз бойынша туған жермен танысу, оны насихаттау барынша жанды жүргізіліп келеді. Біздің де алғашқы таныстығымыз жас ботаның көзіндей мөп-мөлдір болып, тұп-тұнық, тып-тымық боп жатқан «Көк Көлден» басталды. Әрине, айтулы әулие көл туралы аңыз әңгімелер де, көздерімен көргендердің баршаны қызықтыратын жайттары да көп. Ол өзінше бір хикая. Ал айналасы түгел тау-төбе, қазандықтағыдай көлдің ерекше қасиеті – еш жақтан су ағып келмейді, суы ағып кетпейді, сонда да деңгейі өзгермейді, қыста қатпайды, суы борсымайды, айналасы түгел тал-тарақ, арша, шырша, сансыз өсімдік, гүл өсіп тұрса да бірде-бір тал жапырақ бетінде жатпайды…    Өйткені арнайы барған топ  биіктен түсіру үшін дрон ұшырып түсірмек болғанда «ақылды» қондырғы көл жақты түсіре алмады. Тіптен ол жаққа қарай ұша да алмай дал болды. Төрт көзі түгел қадалып тұрған экскурсанттар да бұл құпияға қайран қалды. Дрон түсірмек тұрмақ, белгілі бір қабырғаға тірелгендей белгілі жерден әрі аса алмады. Оны өз көзімізбен көріп, таң қалдық. Ойға баттық…

Кезінде Анатолий Печерский деген ағамыз, жеміс-жидек кеңшарындағы мектеп балаларынан «Жас натуралистер» үйірмесін құрып, бірнеше рет аталған көлге саяхат ұйымдастырғанын, ол Мәскеу мен Алматыдан шығатын газет-журналдарда жарияланғанын, тіптен аудандық газетте де шығып тұратынын жақсы білеміз. Ел арасында «Ақ бураның көлі», ақ бураның, түйенің дауысындай дауыс шығады, айдаһар да көрінеді дегенді естігенбіз, оқығанбыз. Сол әулие көл моп-момахан, тымырсық күйінде, желмен жәй ғана тербеліп жатыр…

Фотоаппараттарын, жол қапшығын арқалаған табиғатты қызықтаушылар айнала мүлгіген тыныштыққа, таза ауаға көкірегін кере демалып, түріне сан жетпейтін, біз өмірі көрмеген өсімдік пен гүлдерге тамсана қарап, «Сары көлді», «Жасыл көлді», «Бұзылған көлді», «Астау көлді» көріп, аралап, айналып, әр тасын сипап өтті десе болады.

Қорықшылар алты сара ала қаз бірнеше жыл осы көлдерді мекен етіп келе жатқанын, енді олардың қатарына қара Дегелек қосылды дегенін естігенде құлағымыз елең ете қалды. Біз тек жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ақ дегелек» деген әнінен, отбасына сәби сыйлайтын ақ дегелекті ғана білетінімізді жасыра алмадық.

«Қарақыстақтың» көркін, сәнін, көз тартатын келбетін, сырлы сымбатын, самал желмен тербелген, жұпар исі аңқыған сан түрлі гүлдерін санап та, танып та білу мүмкін емес.

Қар басқан шыңдар, сілем-сілем шатқалдар, аспанмен тірескен арша, шырша, қарақыстақ өзенін байлай өскен тал, теректер де, аталарымыз уық жасайтын, тек қана осы жерде өсетін сәмбі талдар көз жауын алады, жаныңды тербетеді, көңіліңді қуанышқа бөлейді. «Міне, біздің еліміз, көрікті жеріміз, темірқазығымыз, алтын аймағымыз, ақ бұлағымыз, мөлдір шуағымыз, тұғырлы тұрағымыз», деп жар салғыңыз келеді.

Иә, бабаларымыздың ен жайлауы, кең жайлауы болған жер бізді де таңқалдырмай қоймады. Ертеде төрт құбыладан батыстан, шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен шыққан бұлт, «Әулие Шоқыда» тоқайласып, бір айналмай өтіп кетпейді» дейді екен. Сол құбылыс та саяхатшылар, шоқыдан түсіп лагерьге жетер-жетпесте қайталанып, төрт жақтан қоршаған бұлт «Әулие Шоқы» басына келіп түйісіп, сіркіреп жауын болып жауып, бұршақ пен соңы қарға айналып барып тоқтады.  Жорықшы қыздардың бір айтқандай аспаннан «мұз» да жауды.

Түс аумай экпедицияға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен құрылған «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жедел тобының» басшысы, табиғатты қорғау облыстық кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаев бастаған топ келіп қосылып, ұйымдастырылып жатқан іс-шараның мән-мағынасын арттыра түсті.

Жорықшылар «Сандық» пен «Шәйсандықтың» да айтып жеткізе алмайтын табиғи кереметтігіне тәнті болды. Осындағы он бірінші ғасырда батыс түрік қағанатының орталығы болған Сандықтаудағы бірден, екіден, тіптен бір қорықта үштен тұрған бал-бал тастармен танысты. Осында жайлаулап жатқан «Меркі» қой зауытының шопандарының жай-күйімен танысты. «Жолы болатын жігіттің, жеңгесі алдынан шығатыны сияқты» ақермендіктер өткізіп жатқан «Серне» тойының да үстінен түсіп, Сайлау мен Рабиғаның той дастарханынан дәм татып, игі тілек тілеп, руникалық жазба тастарға бет түзеді. Қысы ұзақ, қары қалың, тасы аз, тегіс асудың күнгей жағына демалыс, шаңғы, шана,  ат спортын дамыту, мұнда келетін жол сияқты мәселелерді зерделеп, оның нақты іс-жоспарын жасау керектігіне  көңіл бөлінді.

Ендігі сапар «Қарақыстақ – Ойранды – Меркі» жолымен ауылға қарай ойысты.

Ойранды асуы да өзінің әсем көркімен, сансыз сылдыраған бұлағымен тәнті етті. Осында аңыз бойынша Мұса Пайғамбар ұстаған асатаяқ жасайтын тіп-тік өскен қасиетті ағаш түрі көпшілікті өзіне ерекше тартты. Жорықшылар бұлақ көзін ашып, андыздап кеткен тау суын негізгі арнаға да бұрып, игілікті іс те атқарды.

«Ақсарай» жайлауына жетіп, елді мекендердің қарасы көрініп, ұялы телефондар іске қосыла бастаған сәтте экспедиция ат басын тартып, тыныстаған кезеңде, екі күнге созылған ең басты жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі Мейірхан Өмірбек шын мәнінде осы іс шара барысында алға қойған туризмді дамыту туралы  танымдық мақсаттар шын мәнінде жүзеге асқанын, оған қатысып, үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, алдағы кезеңде нақты жобалар жасалып, зерделеніп, ең бастылардың бірі – хауіпсіз жол мәселесі, туристердің қауіпсіздік жағдайын қарап жүзеге асыру кезең-кезеңімен қолға алынатынын  ойластырып отырғанын сеніммен айтты.

Өз кезегінде жорық барысында түйген ойларын ортаға салған облыс әкімдігінің туризм департаментінің бас маманы Салтанат Тулекова шын мәнінде Меркі ауданының туризм саласына көңіл аударғанына қуанышты екенін, бастаманың тиімді екенін айтып, сонымен қатар «Қарақыстақ», «Сандық» жайлаулары, табиғаты терең де құнды тарихы бар, туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасап тұрғанына ерекше назар аударды. Сапарды өте тартымды, жоспарлы, мақсатты, сәтті ұйымдастырған меркіліктерге ерекше ықыласын білдірді. Сол сияқты бұл істі әрі қарай дамыту керектігіне, әрі, осы жорыққа қатысқандардың айтулы шараға ұйымдасқан түрде қатысқанына, үлес қосқанына шынайы алғысын білдірді.

Иә, екі күнгі  іс-сапар өте тартымды, өте тиімді, пайдалы өтті десек қателеспеспіз. Алған әсерден, көрген кереметтерден, табиғаттан алған күш, қуатта да, кеудені кернеген қуанышта да  шек жоқ. Экспедиция мүшелері мұндай іс шараны жиі өткізіп, жиі саяхатқа шығып тұруға уағдаласты.

Серік Құралбай,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Меркі ауданы