Меркіде қант 490 теңгеден сатылуда

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында, жұмысшы топ мүшелері Меркі ауданы аумағында орналасқан азық-түлік дүкендеріндегі бағаларды зерделеп, бағаларды негізсіз жоғарылатпау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Ендігі кезекте үстеме ақыны 15 пайыздан асырған кәсіпкерлерге заң шеңберінде ескерту беріледі. Бұл ретте, «ЕРСОП», «ЕРАП» жүйелерімен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аудан әкімі Жорабек Баубеков айтты. Оның мәліметінше, «Меркі қант» және «Меркі ірімшік» зауыттары мен азық-түлік дүкендері келісімге отырып, жеткізу шарты әзірленген. Мамыр айында қант зауытына 12 000 тонна қант тростнигі келіп, маусым айынан бастап қант зауыты қайта іске қосылды.

✅ «Маусым айында аудан әкімдігі мен «Меркі қант» зауытының басшылары арасында келіссөздер жүгізіліп, 20 тонна қант аудан дүкендеріне делдалсыз келісі 470 теңгеден берілді. Бұл ретте дүкен иелеріне қанттың сатылу бағасы 1 келіге 490 теңгеден аспау керектігі туралы ескертіліп, адам басына 2 келіден артық сатпау туралы ұсыныс берілді. Сонымен қатар, басқа елді мекендерді қантпен қамтамасыз ету мақсатында 14 тонна құмшекер ауылдық округтердегі дүкендерге жеткізілді. Тиісінше, дүкендердегі сату бағасы 1 килограмм үшін 490 теңгеден болды. Тамыз айында қант зауытына қосымша 21 000 тонна қант троснигі жеткізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде облыстағы өнім көлемін арттыруға өз үлесін тигізетін болады», — деді спикер.

❗️ Жорабек Нұрмергенұлы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына ауданға жалпы 25 тонна құмшекер босатуы туралы сұраныс хат жолданғанын атап өтті. Алайда, бүгінгі күнге кәсіпкерлік басқармасы тарапынан құмшекер босатылмады. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға тегін бөлке нан тарату мақсатында наубайханасы бар 3 азық-түлік дүкен иелерімен келіссөздер жүргізіліп, әр аптаның жұма күні тегін бөлке нан таратылуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметі