МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҰШҚЫР ҚАЛАМ ИЕЛЕРІ!

«Төртінші билік» деп аталатын баспасөз өкілдерінің қоғамдағы әсері орасан зор. Баспасөз бетіндегі мақалалар арқылы қоғамдық сана қалыптасады. Газет белгілі бір мәселеге бұқараның назарын аударып, сол мәселе төңірегінде пікір туғызады, ұсыныс айтылады.

Биылғы Барыс жылы облысымыз бен аудан баспасөздері үшін мерейтой жыл болды. Облыстық «Ақ жол» газетіне биыл 100 жылдық мерейтойын тойлап жатса, Сарысу ауданының арғы-бергі тарихын түгендеген аудандық «Сарысу» газетінің жарыққа шыққанына да биыл 85 жыл толды. Абыз жасқа қарай аяқ басып келе жатқан «Сарысу» газеті бүгінде көпшіліктің сүйіп оқитын басылымына айналған.

Сонау 1937 жылы «Социалистік шаруа» деген атаумен бастау алып, одан кейін «Ленин жолы», «Октябрь таңы», «Молшылық», бүгінде «Сарысу» атауымен тұрақты шығып келе жатқан қоғамдық-саяси басылым әр кезеңнің талабына сай шығармашылықпен еңбек етіп, аудан тұрғындарының қалтқысыз құрметіне бөлене білді. Аудандық «Сарысу» газеті аудан өмірінің айнасы. Ауданның тұтастай бір тарихы мен шежіресі.

Бүгін аудандық мәдениет үйінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев арнайы қатысты.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арнап, «Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Өйткені, жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңірдіңіздер. Сонымен қатар, кәсіби біліктіліктеріңіз арқылы мемлекетіміздің көш басындағы өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер», — деген сөзін тілге тиек еткен аудан басшысы сала қызметкерлерін құттықтап, қарымды қалам иелеріне шығармашылық табыстар тіледі.

Шара барысында ақпараттық саясатты іске асыруда жемісті еңбек етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен баспасөз саласының ардагерлері аудан әкімінің Алғыс хаттармен, қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова және жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин сөз алып, аудандық «Сарысу» газеті ұжымын құттықтады. Айтулы шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

«Аманат» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы М. Есмұрзаев және аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б. Қыдырбаев құттықтау сөз сөйлеп, «Сарысу» газеті ұжымына сый-сияпаттар табыс етті.

Өз кезегінде «Сарысу» газеті редакциясы» ЖШС-нің директоры Ж.Өзбеков газет ұжымына қолдау білдіріп жүрген аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Г. Алтынбековаға және аудандық білім бөлімінің басшысы И. Баймағамбетовке ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

А. Тілемісов Сарысу ауданы