Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз

«Ана тілін үйрену – ұлы іс, әркім өз ана тілінде сөйлеу керек. Ең жақсы тіл – ана тілі» – дейді Сәбит Мұқанов. Ана тілін жетік білу, таза сөйлеу мәдениеттіліктің белгісі. Тіл бар жерде – ұлт бар.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тіл мәселесі – ұлт мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан!

Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Ендеше, Мұхтар Әуезов айтпақшы, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе».

Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы. Өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді.

Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: «Тіл байлығы елдің елдігін – жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» – деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын.

Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық!

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Анеля ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның оқушысы.

Жуалы ауданы