Менің ханым…

Ол — қазақ жеріне алғаш оралмандар легін әкелуші. Қалмақ-жоңғар қырғынынан босып кеткен халықты Хиуа, Қоқан хандықтарынан қайтаруға барын салған тұлға.

Ол — белгілі 18 күйдің авторы, ал белгісізі қаншама. «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қара жорға», «Майда жел», «Шаңды жорық» сынды күйлерді өмірге әкелген күйші. Ал «Жетім торы» күйін иесінен (Батыр Баян) айырылған тұлпарға «Сен иеңнен айырылып жетім қалсаң, мен батырымнан айырылып жетім қалдым» деген сөздерді айта отырып шығарған еді.
Ол — білікті архитектор. Көшпелілердің өміріне арнап, әскерге тиімді, шынайы өмірде қолайлы ерекше үй түрін ойлап тапқан кемеңгер. Оның ерекше үйі қазақта ғана бар және ол «абылайша» деп аталады.
Ол — теңдессіз әскери стратег. Оның ойлап тапқан «сүйрік найза» әдісі 1756 жылы Цинь әскерін тас-талқан еткен еді.
Ол — ақын әрі ойшыл. Оның қазақ өміріне арнап айтқан сөздері шаң басқан мұрағаттарда зерттелуін күтіп жатыр.
Ол — керемет дипломат. Қытаймен де, орыспен де тіл табыса білген жан. Сол қасиетінің арқасында үш жүздің басын қосты.
Ол — батыр әрі қолбасшы. Талай жекпе-жекте оның қайқы қылышынан талай жаудың басы домалаған еді.
Ол — аграном. Қазақтың қай аймағына қандай дақыл түрін егуді айтып отырған және қазақтың отырықшы болуын армандаған еді.
Ол — болашақты болжаушы. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деп қазақ болашағы үшін ой толғайды.
Ол — қазақтың алғашқы географы Шоқан мен соңғы ханы Кенесарының атасы.
Ол — 70 жасында дүние салған еді. Алайда оны Ресей патшалығы шапанын улап өлтірді деген күдік бар және ол күдік бірқатар ғалымдармен дәлелденді.
Ол — мен үшін қашанда шоқтығы биік тұлға, тіпті Эверест оның жанында мен үшін жай ғана жота. Ол — мен қашанда бас иіп өтетін біртуар, ол — қазақтың ханы АБЫЛАЙ. Ол — менің ханым.

Асхат Касенгали