«Мен талай рет саяси қуғынға кандидат болдым»

«Шала ұрандатушылар – біздің адамдар, біздің сорымыз», – деп жазыпты Бауыржан атам «Біздің жапа шеккен дәуіріміз қаламсаппен емес, қанмен жазылған» атты мақаласында.

Момышұлының күнделік жазатын жақсы әдеті болатын. Онда тек әрбір күндегі есте қаларлық оқиғаларды түртіп қана қоймай, заманында орын алған тарихи жағдайларды ой елегінен өткізіп, бағалап, қорытындылаған. Біздің бақытымызға орай, Баукеңнің осы қалыптасқан әдеті мен батылдығының арқасында өз қолымен жазылған құнды мұрасы сол қалпында жетіп отыр. Оны сақтап, бізге жұмыс істеуге берген Момышұлының мұрагері Ержан бауырымызға мың алғыс.
Бауыржанның күнделік жазғандығын айта отырып, «батылдығы» деген сөз бекерден-бекер айтылмағанын аңғарамыз. Неге десеңіз, оның өмір сүріп, қызмет еткен уақыты қызыл империяның қылышынан қан сорғалап тұрған қиын кезеңмен тұспа-тұс келген. Сондықтан да болар, полковниктің 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Бауыржан Момышұлы дәуірінде Қазақстанның ешбір қоғамдық қайраткері мен жазушысы күнделік жүргізген жоқ» деген пікір айтылған.

Кеңес үкіметі кезінде, өкінішке орай, өсек қатты өрбіп, жала жабу деген дерт кең етек алды. Қорқыныш пен үрей билеген заманда билікке жақсы көріну үшін тіпті өздерінің көршілерін ұстап берушілер аз болған жоқ. Қолға түскендер қатаң жазаланып, «халық жауы» атанғандары атылып кете барды. Қатты өкінерлігі, сөз жеткізушілердің арасында зиялы қауым өкілдері мен көзі ашық, көкірегі ояу оқымыстылар басым болды. Осыған өте қапаланған Баукең бір үлкен жиында: «Белгілі автордың көркем шығармасы 11 том болатын болса, он екінші томы қаламгерлердің бір-біріне деген қысқаша жазбалары және хаттарымен қорытындыланады. Мен осы жерде кейбір жазушылар 13-ші томдарын «Шағым мен арыз» деп ат қойып шығаруға арланбайтындығына сенімдімін», – дегені бар. Сөйтіп айтып алып, «неге біраз жазушылар ренжіді» деп таң қалған екен.

1948 жылы Момышұлы Ворошилов атындағы КСРО Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдағаны белгілі. Әйтсе де, оны қызметке тағайындау сегіз айға созылды. Жақсы ұсыныстар да болды. Мәселен, Порт-Артур корпусы командирінің орынбасары, Румыниядағы механикаландырылған армия штабы басшысының орынбасары. Армия генералы Петров Бауыржан Момышұлын өзіне механикаландырылған немесе атқыштар дивизиясының командирі етіп жіберуді де сұранған. Бірақ оның барлығы сөз жүзінде қалып қойды. Полковник өзінің «Өзекті өртейтін қателік – ақталмаған құрбандық» атты мақаласында былай деп жазады: «Орталық комитетте әскери жоғарғы шендегі кадрлар мәселесін шешетін Берияның арнайы адамдары отырды. Олардың назарынан менің соғыс алдындағы «саяси сенімсіздігім» тыс қалмады. Ол аз болғандай, комиссар Логвиненко мен СМЕРШ-тік Вилковтың: «Бауыржан Момышұлы – жақсы командир, бірақ ұзақ жылдар бойы бірге қызмет еткенде, Сталин жолдастың дансаулығы үшін бірде-бір рет тост айтпады», – деп сөз жеткізгені аяққа күрмеу болды».
Момышұлы «саяси сенімсіздігін» 1936 жылы көрсеткен екен. Бұқаралық ақпарат құралдарында бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған Кеңестік Конституцияның жобасы жарияланды (оны халық кейін сталиндік Конституция деп атап кеткен). Сол күні осыған орай Момышұлы әскери қызметін өтеп жүрген полкте митинг өткізілді. Онда сөз алған төрт оратор: «Сталиндік Конституцияны біз бәріміз толық қолдаймыз», – деген резолюция ұсынды. Оған жалпы дауыс беруде Бауыржан қалыс қалды. Сондықтан «үштіктің» – полк командирі, полк комиссары және мемлекеттік саяси басқарма ерекше бөлімінің өкілі қоқан-лоққы көрсетіп, тізе басуы басталды. «Мен КСРО азаматымын, – деді Баукең оларға. – Жоба халықтың жалпы талқылауына түсті. Бірақ мен онымен әлі танысып үлгермегендіктен, дауыс беруді жөнсіз деп есептедім. Үкімет маған сондай мүмкіндік береді».
Әрине, бұдан кейін оны кім жақтырсын?! Көптеген әріптестері қырын қарап, теріс айналды. Бәрі «партия үшін, Сталин үшін» деп ұрандатып, сол кездегі көсемнің аузынан шыққан сөзін қағып алып қолдап жатқанда, қалыс қалу ешкімнің өңіне тұрмақ, түсіне де кірмейтін жағдай еді. Бұл «саяси қателік» деп танылып, аттестациясына солай деп те жазылды. Ал өз көзқарасын батыл білдіріп, шындыққа тура қарайтын батыр Баукеңде мұндай «саяси қателіктер» жетерлік еді.
«1937 жылғы ауыр кезеңді жүрегіме ауыр қабылдап, күңіренгендердің бірі мен болдым», – деп жазады Баукең. Өз көзқарасын ашық білдіріп те жүрді. 1944 жылы «Ақан сері» спектакліне бара жатып, ол Ғабит Мүсіреповке 1937 жыл миллиондаған жандардың жүрегін қанжылатып, өшпес жара салған кезең ретінде тарихта қалатындығын айтқан еді. Оның бұл сөзіне тосырқай қараған қарымды қаламгер: «Сен жолың болғыш жігіт екенсің, мен әлі де қалай ұсталып, айдалып кетпегеніңе таң қаламын», – деген екен.

Шетелдің «тыңшысы» ретінде қазақтың бетке ұстар қайсар ұлдары жаппай жазаланып жатқанда, Бауыржан Момышұлы «мен Жапонның өкілімін» деп қасақана айта алатын көзсіз батыр еді. Бір кездері 8-ші гвардиялық дивизияға Панфиловтың атақ-даңқын көре алмайтын генерал Спиридион Чернигов басшылық етті. Ол бәріне сенімсіздікпен қарады. Полк командирлерінің басқан ізін аңдып, арандатумен болды. Бір күні полктің замполиті Толстунов пен СМЕРШ-тің сенімді өкілі Вилков полк командиріне келіп, абыржыған бойы генерал оларға «сендер партияның мүшесі әрі сенімді өкілдерісіңдер» деп Момышұлы туралы толық баяндап тұруды тапсырғанын айтады. Мұны естіген Баукең қатты қапаланып: «Ал мен Жапонның өкілімін!» – деп жауап қайтарған. Әрине, ол сөз жоғары жаққа да жеткендігі және мұндай сөзді ешкім ешқашан кешірмейтіндігі де белгілі еді.

Баукеңмен Калинин қаласындағы әскери академияда бірге қызметтес болған Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Петр Горелик биліктің қазақ батырына көзқарастары онша емес екендігін жақсы білген. «Оның болжап білуге болмайтын мінезі, бүркемелеусіз ашық қазақ патриотизмі, жұмсартып айтқанда, қуатталмады», – деп жазады ол «1-ші Бауыржан» деген мақаласында. «Жұмсартып айтқанда» деп өте дәл айтылып отыр. Ал ащы шындығын айтатын болсақ, «қуатталмады» емес, қуғындалды. Горелик өзінің одан арғы ой-толғамдары арқылы бізді, міне, осындай қорытындыға алып келеді: «Бас штабтың академиясын бітіру оның түлектерінің басым көпшілігі үшін генералдық лампасқа апарар тіке жол болатын. Бірақ Бауыржан Момышұлына генерал шені берілмеді. Оның өз қызметін туған Қазақстанында жалғастыруына да рұқсат етілмеді».

ТОҚТА! Оны Қазақстанға неге жібермеді? Петр Гореликтің айқындамасы бойынша, мәселе Баукеңнің «бүркемелеусіз ашық қазақ патриотизмінде»! 1948 жылы оны Қазақстан Республикасы /ДОСАРМ/ Кеңес Армиясын қолдайтын ерікті қоғамның төрағасы етіп жіберу жөнінде бұйрық шығарылды. Әйтсе де, ол бұйрықтың күші бір айға жетпей жойылған. Ол кезде Бауыржан Момышұлының аты қазақ жерінде аспандап тұрған. Дарынды командир ретінде ғана емес, қазақ тілінің, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ұлт тарихының тағдырына қатты алаңдаған азамат ретінде де. Мәселен, 1947 жылғы «Біздің жапа шеккен дәуіріміз қаламсаппен емес, қанмен жазылған» атты мақаласында ол ұлт мәселесін батыл көтерді. «Ұлт мәселесі түпкілікті шешімін тауып, барлық халық тең дәрежеде бақытты өмір сүруіне біздің ұлы держава шовинистері, жергілікті ұлтшылдар және билікті өз мақсатына пайдаланушылар мен партия ішіндегі шала коммунистер көп кедергі келтіруде», – дей келіп, төмендегідей сөзбен түйіндепті: «Шала ұрандатушылар – біздің адамдар, біздің сорымыз».

Бұл сөзден кейін ол Одақтың көсемдеріне қалай жақпақ? Өз ұлтына деген махаббаты үшін, қазақ халқының болашағына алаңдағаны үшін, қазақ тіліне жанашырлық танытқаны үшін, қазақ әдебиеті мен мәдениетін, өнерін насихаттағаны үшін «ұлтшыл» деп танылып, еш жерге қызметке жібермей, тынысын тарылта түседі. Қазақстанның өзінде жоғарғы лауазым иелері, КГБ және НКВД оны тұтқындауға үстінен материалдар жинай бас-тайды. Бұл қылықты Бауыржанның күнделігінен білуге болады.

Сол кездегі социалистік жүйенің келеңсіз көріністерін ашып айта бастаған ол 1946 жылы «Ежов қолғабы» деген әңгіме жазды. Онда батыр өз халқына қарсы сөз тасушылар мен сол сөзге еріп, ақ-қарасын анықтамай жатып, геноцидке жол берген социалистік жүйені, ежовшыларды қатты айыптайды. Ол өзінің КГБ тізімінде тұрғанын да жақсы білді. Баукең естелігінде: «1947 жылы республика басшыларының табандатылған талаптарына орай Бас штаб Алматыдан тез арада шығып кетуім жөнінде жеделхат жіберді», – деп жазады. Бұл кезде Мәскеудің үкімімен қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақ тарихы өрескел бұрмаланып жазылып жатқан еді. Әрине, мұндай кезде қазақ билігі тік мінезді, турашыл Бауыржан Момышұлынан қатты сескенді. Бұл батырдың атақ-даңқы тек Қазақстанда ғана емес, Мәскеуде де шарықтап, сол кездегі 15 мемлекеттің басын қосқан КСРО атты алып державаға да кеңінен жайылған кезі еді. Оның бір ғана сөзі қазақ халқының Одаққа деген көзқарасын күрт өзгертіп жіберуі әбден мүмкін болатын. Сондықтан олар Баукеңді Қазақстаннан аулағырақ ұстауға тырысты. Ол түсінікті де. Себебі Одақ өзінің 30-шы жылдары қазақ халқының бетке шығар қаймақтары, ұлт жанашырлары мен қайраткерлерін саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, «халық жауы» деген желеумен көбісінің көзін жойған болатын. Сол кездегі қазақ зиялыларынан тек Мұхтар Әуезов қана әупірімдеп аман қалды. Әйтсе де, оның жүрген жүрісі, тұрған тұрысы қалт жіберілмей, аңдулы болғандықтан, халықты ұйытып, артынан ілестіре алмасы анық еді. Ал Бауыржан Момышұлының аузынан шыққан әрбір сөз сол заматта күллі халыққа жетіп жатты. Сондықтан Кеңес Армиясының Бас штабы академиясын бітіріп, аттестацияда еңбегі жоғары бағаланған Момышұлын Алматыға қызметке жіберу Одақты уысында ұстап отырған шенділерге өте қауіпті еді. Оны Қазақстаннан аулақ Сібірге жіберу әлдеқайда тиімді болатын.

Әрине, қиян-кескі соғысты көріп, енді ғана бейбіт өмірге оралған офицерге қайта Қиыр Шығысқа кету оңай болған жоқ. Ол барғысы келмегенімен, әскери тәртіпті аттамай, бұйрыққа көнді. Лаж жоқ, келісті. «Оның үкіметке деген, ставкаға деген өшпенділігі іс-қимылынан, әрбір сөзі мен әңгімесінен көрініп тұратын», – деп жазды кейін полковник Горелик.

Бауыржан Момышұлы ешқашан өзінің көзқарасы мен ұстанған принципінен тайқыған емес. Ол бұл ісін былай деп түсіндіреді: «Біздің тағдырымыз қыл үстінде тұрғанда, өліммен жүзбе-жүз талай мәрте кездестік… Бірақ біз шындыққа тіке қарадық, адалдықтың ақ жібін аттамадық. Ешқашан ешкімді сатқан жоқпыз». Ол және оның қарулас достары бұл сөзді айтуға толық құқы бар. Себебі олар полковник айтпақшы: «Жеңіс талын сумен емес, қанмен өсірді».

Бекет МОМЫНҚҰЛ,
«Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі