МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ

( Циклді әңгімелер жинағы)

1. ЖАНКЕШТІЛІК

– Болды, солай шештім,- деді әйелі мұның бетіне жалт қарап. Күйеуі аузына апарған қасығын тоқтатып, сұраулы көз салды.

– Қарап отырып қолдан оны өлімге беремін бе?

Күйеуі әлі түсінбеген сыңайлы.
– Бауырыма екінші бүйрегімді беремін

– Есің дұрыс па сенің? Олай -бұлай болып кетсең, мына екі қыздың болашағы не болады?

Бірі бестегі, бірі үштегі екі қыздары анадайда ойнап отыр.

– Құдай сақтасын, олай- бұлай болсам, өзіңе аманат.

– Есіңді жи, сандырақтама,- деді күйеуі.

– Ал, бауырымнан айрылып қалсам, оның орнын қалай толтыра аламын?!

Отадан оянғанда алғаш сұрағаны:
– Бауырым қалай, тірі ме?- деуі болды.

Алла шебер! Үш жылдан соң екі қыздарына келешек арқа сүйер тіреу бола тұғын ұлмен шүйіншіледі оларды.

Түйін: Сын сағатта бауыры үшін өз басын қатерге де тігетін, екінің бірі тәуекелге келе қоймайтын, батылдыққа да баратын, жүрегі мейірім мен бауырмалдықтан жаратылған
МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

2. АДАЛДЫҚ

Төсегінде шалқалай кітап оқып жатқан күйеуінің қолындағысын ысырып, жарының иғына басын қойып жантая кетті.

– Осы Гүлназ сеніңше қандай қыз?

– Қай Гүлназ?

– Үйге келіп- кетіп жүрген Гүлназды айтам

– Білмеймін… Былайынша,.. ашық, жарқын… жаман адам емес сияқты. Не болды, сені ренжітті ме?

– Жоқ, ә, ол ондай қыз емес, әдепті. Тәтелеп өліп тұрады. Саған ұнай ма, былай?..

-Сен не, қызғанып жүргеннен саумысың?

– Кетші, қайдағыны айтпай. Жасым елуге келгенде, немене… Негізі, айтайын дегенім… Не ғой, ол маған да ұнайды. Сүйкімді, қылықты, жас… Мен оны бір жылдан бері “айналдырып” жүрмін, қазір көніп қалды, яғни… көндірдім

– Ой, әкеңнің… Сен не, аурусың ба?

– Ауруы несі?

– Анау, әйел мен әйел болатын…

– Кетші бар, не айтып кеттің?

– Енді не, адамды шошытып…

– Осыған дейін мен өзімшіл болыппын. Сен азаматсың. Сағызбаевтардың шежіре жолы сенімен тоқтағанын қаламаймын.

Мен саған жалғыз қыздан басқа… Ертең ол кетеді. Ал саған ұрпақ жалғастыру керек. Гүлназ жас қой, мүмкін, Алла қаласа, ұл туып берер

– Немене, басқа еркек тапқансың ба? Соны жақауратып жатқаннан саумысың? Айтпады деме, екеуіңді де өлтіремін…

– Е-е, мен сені жек көре алсам ғой. Ол мүмкін емес. Саған ұл керек, түсінемісің

– Қайдағыны айтпа, жат ұйықта,- деп бір жамбасына аунап түсті.

Гүлназ бен күйеуінің неке қию рәсімі кезіндегі жан толқынысының қасында, жастайынан қосылған жарының Гүлназдың құшағына кеткен түнгі жан толқынысын тілмен жеткізу мүмкін емес.

Ағаш кесер арамен бүкіл денесін біреу мыжғылап бөлшектеп жатқандай. Жүрегі қан жылады. Көзінен аққан жасынан әлем су болғандай.
Бірақ бәріне шыдады, көнді, көтерді.

Бір жылдан соң өмірге шекесі торсықтай ұл келді. Жылдар сап ұлдың да, қыздың да саны көбейе түсті.

Түйін: Өз бақытынан сүйіктісінің бақытын биік қойып, бақытты боламын деп емес, бақытты етемін деп ақ босағасын аттаған әулеттің болашағын ойлаған, ақ сезімін адалдықпен көркемдеген
МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

3. ТАҢДАУ

Ажырасып келіп, қызын төркінінде босанды. Босандым, белім қатқан жоқ деп жатып алуды әбес көріп жұмысқа шықты. Облыс орталығында тұратын ішім- жемі мол ағаға да салмақ салмай жатақханаға кетті, қызын қолына алды.

Ерге шығып егізді болды. Балалар соңынан балалар ерді. Ішерге ас таппай қиналса да аға мен жеңгеге қол жаймады, жағдай айтып мазаламады. Қуықтай үйінде ауру анасын да күтті. Келін мен баланың отауында бабы болмасын білген шешесі қызынікіне тоқтады.

Десе де, бұл ағасын тау көрді. Үйінде күтушісі болса да, оның қасынан табылып, жанын жалау етті. Қажет кезде санаспай, отымен кіріп, күлімен шықты. Онысын парызым деп ұқты.

Бірақ жеңгесі олай ойламады, мұжықсынды, биіктік жасады, “міндетті” деп тапты. Ағасын қарындасына қарсы қойып,
“ол жүргіш, ол ішкіш” деп, тіпті, өзі берген қызыл кофтасын “ұрлады” деді.

Бұл жоқшылыққа, кедейшілікке, қиындыққа көнсе де, арын өтірікпен таптатуға көнбеді. Ат тізгінін тартып, баруды тоқтатты. Ағайынның ас- тойында кездескенде, амандықтан әріге аспады.

Мұның жүрегіне батқаны жеңгесінің өсегі мен жаласы емес, соған бауырының сенгені, бұны сондай жамандыққа, арсыздыққа қиғаны еді.
Осы араздық жанына батып, талай рет жастығын жасқа малды.

Күндердің күнінде жеңгесі ауырды. Бір қол, бір аяғы істемей, кейінірек тілден қалып, онан соң төсекке таңылды.

Жағдайын сұрамасқа құдайдан қорқып, бірде үйлеріне бас сұққанда, тамақ тамған киімі, бабы кеткен түрі, жақындағанда үстінен шыққан қоламса исті сезіп, жаны ашыды, жүрегі ауырды.

Кеше ғана жалғанды жалпағынан басып, машинаның құлағында ойнап, еркін ішіп, еркін жүріп қалған пенденің мүшкіл халін көріп мүсіркеді. Сол күні түнеп, ауруды шомылдырып, шаш- тырнағын алып, аяқ- қолын уқалап, тәттілеп ас әзірлеп, қолдап ішкізіп, сөзінің бірін ұғып, бірін ұқпаса да әңгімелесіп көңілін аулады.

Мұны көріп ағасының да өңі кірді. Ертеңіне кетемін дегенін есітіп, жеңгесі жібергісі келмей жылады.

Үйіндегі шиеттей алты баласының ас- суын дайындап, біріне бірін тапсырып, енді ол таңертең ерте кеп, кешке жатар орында үйіне кететін болды. Бұл есіктен кірісімен екі көзі төрт боп күтіп жатқан ауру жеңгенің қуанышында шек болмады.

– Өткен істеріне өкінеді- ау, сірә, қолымды сипап бірдеңе дегісі келеді, бірақ тілі құрғыры келмей, тек егіліп жылай береді, жылай береді,- деді ол менімен бір әңгімесінде.- Мен одан кешірім күтпеймін, әлдеқашан бәрін кешіргем.

Алла мені таршылықпен сынады, бірақ ұл- қыз сыйлады. Күйеуімді қатты ауыртып сынады, бірақ жалғыз қалдырмай шипасын берді. Енді сенің иманыңды тексерейін дегендей маған талай тырнағын батырып, жанымды жаралаған жеңгемді мүсәпір етіп алдыма әкелді.

Пендешілік етіп кешірмей далаға тастармысың, әлде бағармысың деп таңдау тастады. Бармасам болмайды, бақпасам болмайды. Алладан қорқам, алда кімді не күтерін кім біледі? -деп, көз жұмғанша аялап күтті, арулап жерледі.

Түйін:
Өкпе- ашуды жеңіп, бауырының қайғысын жеңілдетуді ойлаған, ауырлықты сынақ деп қабылдап, Жаратушының мархабатынан күдер үзбеген, таңдау жасауда такаппарлықты емес адамшылықты ұстаған МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

4. КЕҢЕС

Мектеп бітіргендеріне жиырма жыл өтсе де, осы кластас сегіз жігіт отбастарымен үзбей араласады. Жетеуі үйленген, бала- шағалары бар.

Сегізіншілері сүр бойлақ. Бас бұзбақ тұрмақ, біреудің бетіне тіке қарап сөйлемейтін момындығынан үйленбей қалды.
Кейде жолдастарының әйелдері “күйеу құрдас” деп әзілдеп, шымбайына тисе, екі беті қып- қызыл боп күліп құтылады.

Бірде жаңа жыл кешіне жиналды.
Бір құрдастың жұбайы:

– Ия арақ ішпейсің, ия темекі тартпайсың, ия әйелдерге бармайсың, сен өзі еркек емес шығарсың… Әй, менің күмәнім бар,- деп ахахалай күліп мұның ышқырына жармасты,- шешіп көрейін онда,- деді.

Қып- қызыл болып булығып, бар болғаны ышқырын қолымен қорғаштай үйден атып шықты.

Дастархан басында отырған Сәулеш (шартты есім) қолындағы қасығымен столды бір ұрып:

– Біз неткен кереметпіз, неткен кереметпіз!!- деді қаттырақ сөйлеп:
– Момынның намысына тиіп, қорлағанымыз таптырмас ақыл болды. Біздей “ақылдылардың” берекетсіз ісіне үндемей кетті.

Ия, жындылармен жынды болсын ба?
Сендердің жолдас болғандарың, дос болғандарың қайсы, жігіттер? Біреуің әйелдеріңе қой дей алмадыңдар ғой. Әлсізге әлімжеттік ету, момынды түртпектеу адамшылдыққа, еркектікке жата ма?

Өз еркегі тұрып, өзге еркектің ышқырына жармасу әйелге жараса ма?
Сендер одан мықты екенсіңдер, қыз- қырқынға епті екенсіңдер, сауапты іс қой, үйлендірмейсіңдер ме, көмектеспейсіңдер ме?

Жығылғанға жұдырық көрсету, табалау достың ісі емес. Келіншектер, мен сендер үшін ұяламын. Осындайға жол беріп отырған, жігіттер, сендер үшін ұяламын,- деді.

Бәрі есеңгіреп қалғандай, бір сәт сілтідей тынды. Бір- екі келіншек бір- бірін құптай бірдеме дегілері келіп еді азаматтары тыйып тастады.

Не керек, жігіттер әупірімдеп жүріп, достарына қыз әкеп берді. Ия, ия, оның өзі барған жоқ, бір қызды алып қашып келді. Қазір екі балалы, қатардағы жақсы отбасының бірі.

Түйін : Біреудің қайғы- мұңына бей- жай қарамаған, батыл айтып білместің көзін ашқан, келеңсіздің көңілін басқан, әдептен аспаған, ақылмен іс бастаған МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

5. Жанашыр қыз

Әкесінің үш бауыры бар еді. Үлкендері дүние салды. Қалған екеуі арақпен “достасты”. Бірі отбасымен түбегейлі ажырасып, екіншісінің бірге тұрады дегені болмаса, күні күн емес. Әкесі олардай салынып ішпесе де, ақаңды жек көрмейді.

Қызы институт бітірген жылы әйелі қайтты. Араққа кет әрі емес кісіге әйелінің өлімі тым- тәуір сылтау болды. Бірақ қызы босаңсымады. Ашып айтты, ашынып айтты, сөйтіп әкесіне ес жидырды.

Жылдар жылжып өте берді. Жасы отызға таяғанда тұрмысқа шығуына лайықты азаматын жолықтырды. Жағдайын бүкпесіз баяндады.
Уайымын тұспалдап жеткізді.

– Мүмкін үйленген соң қолымызға алармыз, немесе біраз уақыт өтсе қолына келіп тұрармыз,- деді сүйіктісі қыздың қабағына қарап.

Ақылды қыз бұл екі шешімге де іштей келіспеді. Қолдарына алса, әкесінің намысы тапталады, қолына кірсе азаматының намысы тапталады. Қайтпек керек?

Әкесіне серік іздеді. Ешкімге жария салмады, ешкімнен көмек күтпеді. Көзімен іздеді, көкірегімен іздеді, бар ынтасымен іздеді.

Екі рет тұрмысқа шыққанымен бөпе көтермеген, піскен бауырсақтай томпақ, сүйкімді өңді келіншекті көргенде, іштей оны құп көріп, өзі барып танысты, сөйлесті, көндірді. Әкесінің келісімін алды да, көп ұзартпай кіші- гірім той жасады.

Жанашыр, ақылды қыздың алымды ісіне ағайын- туыс таңдай қағып, үлкендер батасын берісті. “Батамен ер көгерер”. Қазір тұрмыста. Өрімдей күйеуін, сүйкімді ұл- қызын ертіп ауылына келіп тұрады. Екінші шешесінің де балаларға деген сүйіспеншілігы зор. Немерелері келгенде балаша қуанады.

Түйін: Нәзік саусақтарымен қатал тағдырдың шалғайына жабысып, өмір- өзен толқындары өзін керексіз заттай жағаға шығарып тастауына жол бермей, бақытын қолдан орната білген МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

6. Парасат биігі

– Біз де, қызықпыз

– Неге?

– Қыста курортқа келе ме екен адам?

-Өкінемісің?

Күйеуі мырс етіп мұның бетіне қарады.

– Нәке,- деді келіншегі жарының иғына иегін арта еркелей,- неге азапқа түсіп қиналасың?

– Қиналғаны несі,тек…

Келіншегі сөзді бөліп жіберді:
– Аты кім оның?

-Кімнің?

– Әңгіме өзіңнен шықсын деп ем, бірақ олай болмады. Ағыңнан жарылмаған жағдайда, бір шешімін өзің табарсың деп сенгем, ақырын күткем.

Есіңде ме, “осы сенің үшінші көзің бар” деуші ең. Олай емес, өзіңді жанымнан артық жақсы көргендіктен болар, сенің жай- күйіңді жанарыңнан ұққандаймын, жаныммен, бүкіл денеммен сезінетіндеймін.

Азаптанып, ия әрі, ия бері бел шешіп шыға алмай қиналуың кеше мен бүгін емес. Өзімді өзіңе табындырған жақсы қасиеттеріңнен айрыла бастадың, сол қабырғама батады. Оны ойлап аласұрасың, сансыз ойдың жетегінде алабұртқан көңіліңе басу айта алмай күйзелесің.

Оныңды білдірмеуге ұрынасың, біліп қоя ма деп жалтақтайсың- соның жаныма батады. Сен маған “ойыңды ашып айтпайсың” дейсің, өзің неден қорқасың?. Басың кетсе де турасын айтып жеңілденбеймісің. Оны сүйесің, мені қимайсың.

Соқырға таяқ ұстатқандай айқын затты көрмес мені су қараңғы дедің бе? “Жақсы әйелден ер кетпес”. Осыны өзімнің алдыма көлденең тартып, өзімді өзім кінәлаумен келдім. Кінәлап қана қоймай, қатем мен кемшілігімді жөндеуге талпынып келдім. Бірақ оның бірін де көзге ілмедің.

Сонда барып оған деген көңіліңнің қатты құлағанын, оны қайта қайыру мүмкін еместігін ұқтым. Әйелдікке салынып, ашуға тізгін ұстатпадым. Мүмкін мұным бостығым, нашарлығым шығар, бірақ қорыққандық емес. Қорықсам, тек сені жоғалтып алудан қорықтым. Қашан да сені түсінсем, жаныңа жалау болсам дедім. “Тастап кетіпті” деген жалған намыстан емес, өзіңді шынайы жақсы көргендіктен.

Менен іздеп таппағаныңды, ол әйелдің бойынан тапқан боларсың. Бақыттың кәусар бұлағынан ол ғана сусын бере алған болар.
Оны да кінәламаймын, сені де кінәлағым келмейді, балаларды да алдыңа кесе көлденең тартпаймын, өзім де…

Суыққа жаураған күздің жапырағындай дір- дір еткен келіншегін баурына тартқысы келіп еді:

– Өкпем жоқ, Нариман, тек бұдан әрі майдаланбашы, жек көріп кетем бе деп қорқам,- деді.

Түйін: Сезімге селкеу түскенде де парасат биігінде қала білетін МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

7. ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ

Құрбымның қызы шет елде оқиды. Қызының келу құрметіне ата- анасы дастархан жайды.
Бардық. Аппақ маңдайын ашып, толқынды мойыл шашын артқа тарап ұшына шашбау қадап қойыпты. Жо-оқ, шашы ұзын емес, тіпті, беліне де жетпейді. Десе де, шашбауына көзім түсіп, ішім жылыды.

Фото альбомын көріп отырмыз. Шет елдің бір шамасында болыпты. Аңғарғаным, қай жерде, қай елде, кіммен суретке түспесін ашық- шашық суреті жоқ екен. Бүркеніп араб болмаған, ашылып европа болмаған.

Сәнді заманауи киімдері тал бойына жарасып тұр. Тағы аңғарғаным, сол киімдерінің өңін ашатындай етіп, әдемі талғаммен ұлтымыздың әшекей бұйымдары: сырға,сақина, білезік, шекелік, омыраубастырғыш, шолпы, алқа тағынады екен. Көз қуантады. Сән әлемінің сұлуларындай. Ойымды жанымдағылармен бөлісіп, қызды сөзге тарттым.

– Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апайдың бір әңгімесін желіден естіп едім,- деді ол.
“Қыз үйінде жүргенде әкесінің қызы. Мүлт кетсе, әкесіне тіл тиеді.

Одан қала берді, тұрып жатқан ауыл, қаласының қызы. Жаман аты шықса,
“пәленше ауылдың” қызы деп, ауылға жаман ат тағылады” деп еді.

Мен шет елде жүрмін, әпке. Мен онда қазақ деген елдің қызымын. Жалтыраған сан, ашық кеуде, жалаңаш иықты екінің бірі киеді. Мен көптің бірі емеспін, мен қазақтың қызымын. Мен ерекшемін. Өйткені, өзіндік қалпымен, салт- санасымен елім ерекше.

Адам үйлестіре білсе, заманауи киім мен ұлттық коллоритті тіндестіруге болады. Мысалы, мына той кешіне киген көйлегіме қараңызшы, кәдімгі қос етек. Енді мынаған қараңыз, бұл- сырт киім, жеңіл пальто. Байқасаңыз, қазақтың шапаны, тек заманауи үлгіде. Етігіме, сумкама, бас киімдеріме қараңыз.

– Мұның бәрін қалай, қайдан…

– Елге келгенде тіккіземін, сатып аламын. Ал шет елдік киім алсам, элементтерін өзім үйлестіремін. Қазір дүкенде не жоқ, бәрі бар, тігемін, жапсырамын, әшекейлеймін, яғни ұлттық үлгіге келтіріп өңдеймін,- деп риза кейіппен күлімсіреді.
Сосын тағы сөзін жалғап:

– Жанымдағы шет елдік достарым, таныстарым таң қалады, қызығады. Қазақстаннан тапсырыспен алдыртады, – деді.

Шынында, керемет! Қандай талғам, қандай үйлесім, қандай ұлтжандылық!

Түйін: Үлкеннің ұлағатын ұққан, жаман әдеттің ұйығына жұтылмай, алпауыт ортада жүрсе де, кішкентай жүрегіне ұлтының ұлылығын жинаған МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ!

Аймаханның Сақыпжаны.