МЕМОРАНДУМ МІНДЕТТЕРІ ҚАРАЛДЫ

Өткен жылдың соңында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен аудан әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.
Аталған меморандум аясында кәсіпорын басшылығы ауданымыздағы Д.Қонаев, Бірлік және Бірлікүстем ауылдық округтеріне қолдау көрсетіп, әлеуметтік жағынан бірқатар игі істерді қолға алуы тиіс болған. Бүгін серіктестіктің жобалар мен лицензияларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Жағыпар Шәріпұлымен кездесіп, өндіріс ошағының жергілікті тұрғындар алдындағы міндеттемелерін талқыладық.

Сәтін салса, келесі аптадан бастап Бірлік стансасының темір жол тығырығына дейінгі ұзындығы 600 метр жол учаскесіне және Шу өзенінің арнасы арқылы өтетін көпірдің жанындағы ұзындығы 300 метрлік айналма жолға асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстары басталады.
Екіншіден, Шатыркөл кенішінен Бірлік стансасының темір жол тұйығына кенді тасымалдау кезінде жолға сәуірден қазан айына дейін су себу жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Үшіншіден, Бірлік темір жол тұйығына гамма-сәулелену деңгейінің деректерін (радиациялық өріс) көрсететін ақпараттық табло да дайын. Жуық арада тиісті орынға орнатылатын болады.
Төртіншіден, меморандумда жоғарыда аталған үш ауылдық округтегі қарияларға санаторий-курорттық жолдамалары берілу қажет болған. Кездесу барысында жолдамалар санын бірнеше есеге арттыру туралы ұсынысымды жеткіздім. Сонымен бірге 2025 жылға дейін үш ауылдық округтегі көпбалалы отбасыларға жылына бір рет 16-18 бірлік азық-түлік себетін бөлу де меморандум аясындағы қолдауға жатады.

Сонымен қатар, кәсіпорын басшылығы Д.Қонаев пен Бірлік ауылын жалғап жатқан көпірдің жөндеуге келмейтінін, тиісінше жаңа көпір салу қажеттігін айтты. Ол үшін өткен айда көпірдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қажетті келісімшартқа қол қойылған. Бұл жұмыстар да жоспарға сәйкес жүргізілмек.

Сәкен Арубаев, Шу ауданының әкімі