Мемлекеттік және жергілікті басқару
Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінде тәжірибелік дағдыларын қамту және дамыту аясында 2026 жылдың 17 ақпанында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының профессорлары Ш.М. Кантарбаева, А.Н. Жанбырбаевалардың ұйымдастыруымен «Азаматтық сананы қалыптастыру – қоғамды топтастырудың құралы» тақырыбындағы практикалық курстың ресми ашылуы өтті.
Аталған курстың негізгі мақсаты – азаматтық жауапкершілігі жоғары, қоғамдық бірлікті нығайтуға үлес қоса алатын тұлғаны қалыптастыру, қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастықты дамыту және азаматтық сананың маңыздылығын түсіндіру болып табылады.
Жалпы аталған курс мазмұны Нархоз университетінің миссиясы мен стратегиялық даму бағытына сәйкес жүзеге асырылады, яғни университет миссиясы – өмірдегі күрделі мәселелерді шешуге жауапкершілікпен қарайтын көшбасшыларды дамытып, қоғамның дамуына үлес қосу болып табылады. Сонымен қатар университеттің стратегиялық көзқарасы халықаралық аккредитациялардан өткен жоғары оқу орны ретінде өнеркәсіппен тығыз байланыс орнатқан пәнаралық серіктестікке негізделген және жаһандық бағдарланған білім беру арқылы болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған.
Практикалық курс «Ақпараттық-ресурстық орталық («Civil Center Almaty» жобасы аясында Алматы қаласының Азаматтық орталығы)» ҚҚ қолдауымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Алматы қаласының Азаматтық орталығы Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен құрылып, қала тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысуына жағдай жасау, азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын арттыру және олардың ұйымдастырушылық әлеуетін дамыту мақсатында қызмет етеді.
Ашылу рәсімі барысында Нархоз университетінің Президенті Кожахмет Канат Темиргалиевич пен «Ақпараттық-ресурстық орталық («Civil Center Almaty» жобасы аясында Алматы қаласының Азаматтық орталығы)» ҚҚ директоры Кобеева Алтынай Орманкалиевна арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондықтан, жоғары айтылған мекемелердің миссияларын ескере отырып, ынтымақтастық екі тарап үшін де мазмұнды, әрі нәтижелі болып табылады.
Практикалық курс «Мемлекеттік және жергілікті басқару» ББ студенттері мен магистранттарына арналған және осы жылдың 17 ақпан мен 28 сәуір аралығын қамтиды. Нәтижесінде тыңдаушылар азаматтық сананың мәні мен мазмұнын меңгеріп, өзін-өзі басқару дағдыларын жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және қоғамды топтастыру тетіктерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастырады.

