«Мемлекеттік тілді білмейтіндер де мемлекеттік қызметте жүр»

«Қазтесттен» көбі құлады…

— Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатқанымен, ресми тілдің ықпалы әлі күнге дейін бәсеңдемей отыр, — дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнар Әлжанова әңгімесін әріден бастап. — Өз ана тіліне үрке қараған қандастарымды көргенде, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. Өкінішке орай, ондайлардың көбі мемлекеттік қызметте. Мемлекеттік тілді білмейтін адамдардың жауапты қызметті қалай атқарып жүргендеріне таң қаламын… Қолдарында екі-үштен дипломдары бар, кішігірім мекеме-кәсіпорындарды басқарып отырған азаматтардың көбі тіл мәселесіне келгенде сүріншектеп қалады. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Қазтест» емтиханы сондайлардың шынайы бет-бейнесін ашып берді. «Қазтест» — ҚР-дағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Бұл сынақ біздің өңірімізде 2013 жылдан бастап өтіп келеді. Облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін осы сынақтың қорытындысынан-ақ көруге болады. Мысалы, 2013-2015 жылдары өңірімізде барлығы 5772 мемлекеттік қызметкер «Қазтесттен» өтуге талаптанса, соның 904-і ғана мемлекеттік тілді толық меңгергендігі жөнінде сертификатқа қол жеткізді. Ал 2015 жылдың қараша айында өткен «Қазтест» емтиханына облыс бойынша 667 мемлекеттік қызметші қатысып, солардың тек 321-і ғана тиісті деңгейдегі сертификатқа қол жеткізді. Яғни бұл — мемлекеттік қызметкерлердің тек 50 пайызы ғана емтиханнан өтті деген сөз. Ал қалған 50 пайызы мемлекеттік тілді өз деңгейінде білмесе де, мемлекеттік қызметті атқарып жүр. Мені әсіресе Қаратөбе, Сырым ауданы секілді қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аудандардың мемлекеттік қызметшілерінің ана тіліне деген немқұрайлылығы таң қалдырды. Олардың қайсыбірі «Осы «Қазтесттің» қажеті қанша?» деп менсінбей келіп, емтиханнан омақаса құлағанда, не күлерімді, не жыларымды білмедім. Сондай-ақ, емтихан кезінде облыстағы белді бір мекеменің кейбір қызметкерлері «Мемлекеттік тілді білу міндетті емес» дегендей кейіп танытты. Олар да емтиханнан «екілік» алып, масқара болды.

Аудармашы ұстауға ұялмайды

Оның сөзінше, қазіргі таңда құжат айналымын қазақша жасап отырған мекемелердің көпшілігі аудармашы ұстайды.
— Әрине, мекеме-кәсіпорындарда «аудармашы» деген арнайы штат жоқ. Бірақ олар қазақ тілінің маманы немесе қазақ тілін жетік білетін жоғары білімді маманды қызметке алады да, оған аудармашылық қызметті артып қояды. Айтайын дегенім, туған елімізде отырып, құжаттарды мемлекеттік тілге аударатын қызметкер ұстау ұят нәрсе. Бізден басқа бірде-бір елде мұндай келеңсіздік жоқ шығар. Көшеге шықсақ, ірі сауда орындарының атауы орыс, не ағылшын тілінде жазылғанын көреміз, ондағы тауар сипаттамалары да тек қана бір тілде, орыс тілінде. Мысалы, қаланың қақ ортасындағы «Форум» сауда үйінің атауынан бастап, барлық жазу түгелге жуық ресми тілде жазылған. Көшелердегі жарнамалар мен ірі баннерлер және бағыттаушы сілтемелердің басым көпшілігі тек қана орыс тілінде, қауіпсіздік ережелері мен жеделсаты нұсқаулары да сол тілде, тіпті кейбір ғимарат атаулары ағылшын тілінде. Сонда қазақ тілі қайда қалды? — дейді Гүлнар Әлжанова туған тіліміздің өзге тілдердің тасасына қалғанына қынжылып.

«Шіркін, тексеруге құқымыз болса!..»

Оның сөзінше, өзге тілде жазылған жарнама қожайындары «Тіл туралы» ҚР заңының 21-бабын бұзып отыр. Аталмыш бап бойынша бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар мен жарнамалар, прейскуранттар мен баға көрсеткіштері және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады. Біздің қаламызда жарнама берушілер әуелі орыс тілінде, сосын барып қазақ тілінде береді. Бұл дұрыс емес. Заң бойынша мәтін алдымен мемлекеттік тілде жазылуы керек, сосын барып өзге тілде жазылады. Тағы бір айта кететін нәрсе, қожайындар жарнаманың тек әдемілігіне ғана назар аударады, ал мәтінін қарап жатпайды. Қазақ тіліндегі жарнамаларда қателер өріп жүр. Оны түзетуге нысан қожайындарының құлқы жоқ. Ал біздің жеке кәсіпкерлердің жарнамаларын тексеруге құқымыз жоқ. Соншама заңбұзушылықты көріп тұрып, ештеңе жасай алмайтынымыз, әрине, жанымызға батады. Егер бізге жоспарсыз тексерулер жасау құқығы берілсе, көп нәрсенің беті ашылар еді. Кәсіпкерлер «Кедергі келтірмеу керек» дегенді желеу етіп, бізді маңайына жақындатпайды.

Цыганов — Егіндібұлаққа, Чесноков Сулыкөлге айналды…

Тіл жанашырының айтуынша, облысымызда Сырым, Қаратөбе, Жәнібек, Бөкейордасы, Жаңақала, Казталов аумағындағы ономастикалық ахуал оң. Ал Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласының ономастикалық ахуалы күрделілеу. Оның сөзінше, халықтың ономастика жөніндегі түсінігі тым таяз. Кейбір елді мекендердің атын өзгерту барысында сол жердің тұрғындарының кейбіреуі ол ауылдың өсіп-өркендеуіне еңбегін сіңірді ме, жоқ па, оған қарамай, баяғыда кішігірім мекемені басқарған өз ата-бабаларының есімдерін тықпалайтын көрінеді. Халық арасында тарихи атауларды қайтару, ономастикалық атауларды бүгінгі күннің талабына сай өзгерту қажет деген пікір толық қалыптаспаған. Ең алдымен халықтың пікірін қалыптастыру қажет, ол үшін жергілікті әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс.
— Республика аумағындағы нысандарға атау беруге мораторий жарияланған болатын, алайда бұл тоқталыс биылғы жылы алынады деп күтілуде. Мораторий алынған уақытта облыстың ономастикалық келбетін айшықтау бағытында біраз шаралар жүзеге асырылды. Нақтырақ айтқанда, Зеленов ауданындағы 22 ауылдың 14-нің атауы өзгертілді, мысалы, Цыганов — Егіндібұлақ, Первосоветск — Шалғай т.б. Мораторий алынғаннан кейін Бөрлі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласына қарасты елді мекен атауларын өзгертуді жоспарлап отырмыз. Негізі орыстілді елді мекендерінің атаулары да сол кезеңде шұрайлы жерлерді басып алған казактардың жүргізген отаршылдық саясатының сарқыншағы, бұл атаулар да моральдық тұрғыдан ескіріп, бүгінгі күннің талабына сәйкес келмей отыр, — дейді Гүлнар Жәрдемқызы.

731 көшенің атауы өзгерді

— Енді көше мәселесіне тоқталар болсам, 2014 жылы облыстық ономастикалық комиссияның қарауына облыс бойынша 792 көшенің атауын өзгерту жөнінде ұсыныс келіп түссе, соның 731-і жаңа атауға ие болды. Бүгінгі таңда ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алған көшелердің құжаттары ғылыми сараптамадан өтіп, әділет органдарында тіркеліп, басқармамен бекітілген бірыңғай үлгідегі сілтемелер ілінуде, — деген Гүлнар Жәрдемқызы алдағы уақытта облыс аумағындағы мән-мағынасы жойылған, топонимикалық жүктемесі жоқ бірқатар атауларға байырғы тарихи атауларының қайтарылатынын жеткізді.
Туған тілі мен ділін бәрінен артық қоятын Гүлнар Жәрдемқызының еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, еңбекқорлығы көпке үлгі болғандай-ақ. Шіркін, қазақтың әрбір азаматы өз ұлтын осы Гүлнардай сүйсе, ана тіліміз тап бүгінгідей шеттетмес еді-ау!..» деп ойладым мен осы бір ұлтжанды қазақ қызына сүйсіне қарап тұрып.

Айша Өтепали