Мемлекеттік рәміздердің әр нышаны Қазақстан тарихымен тығыз байланысты

Бүгін Қазақстан Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуде. Белгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлері Тудың, Елтаңбаның және Мемлекеттік Әнұранның өздері үшін қандай мән-маңызға ие екенін айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. «Мен көптеген елдерде, түрлі саммиттер мен конференцияларда болдым. Сонда мен Қазақстанның Туын көргенде қуанышқа, мақтаныш сезіміне бөленемін. Осындай сәттерде мен өзімнің туысымды, жат жерде отандасымды кездестіргендей сезінемін», – дейді профессор, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсемет. Профессор, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабек Қазақстанның әрбір мемлекеттік рәмізінің терең қасиетті мәні бар екенін айтады. «Әнұранның алғашқы дыбыстарын естігенде орнынан тұрмаған, қолын жүрегіне қойып бұл әнді шырқамаған бірде-бір қазақстандық жоқ шығар. Елтаңбаның әр нышаны Қазақстан тарихымен тығыз байланысты және терең мағынаға ие. Біздің Тудың түсі – күн сәулесін шашқан бейбіт аспан, оның астында ұшатын

қыран – біздің халқымыздың батырлығы мен ерлігі», – деді Д.Қамзабек. Белгілі ақын және Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айт кез-келген тәуелсіз мемлекет үшін Мемлекеттік рәміздер күні үлкен мереке екенін атап өтті. «Тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны қабылданған күн бәріміздің жадымызда. Мемлекеттік рәміздеріміз патриоттық сезімді, елдегі мақтаныш сезімін оятады. Тудағы өрнек біздің тарихымызды, құндылықтарымызды, мәдениетімізді білдіреді», – деді өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Мемлекеттік рәміздер – бүкіл әлемде елдің тәуелсіздігін, халықтың патриотизмін, батырлығы мен даналығын, жарқын болашаққа ұмтылысын бейнелейтін, мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың бейнесі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында Нұр-Сұлтанда бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, бүгінде елордада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған челлендж өтуде. Азаматтар елдің басты әнін айтып, бір-біріне жолдауда. #МеніңТуым #МемлекеттікРәміздер #БізБіргеміз #МеніңЕлімҚазақстан хэштегтерін қолдана отырып бейнероликтер қала тұрғындарының жеке парақшаларында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі мемлекеттік және ведомстволық бағынысты мекемелердің беттерінде жарияланады.