Мемлекеттік органдардың басшылары атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин басқарма басшыларының 2020 жылғы жұмыстарының нәтижелері туралы есептерін тыңдауды жалғастыруда. Ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов облыста алты саяси партияның барын, 776 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін баяндады. Олардың 150-і белсенді жұмыс жасап жатыр. Ақтөбе қаласында 648, аудандарда 128 үкіметтік емес ұйым тіркелген.
​ «Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыс бойынша карантин салдарынан жоспарланған 92 жобаның 73-і жүзеге асырылды. Осы жылы 93 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу, көпбалалы аналарға арнап майдан-кеңсе ашу т.б.
жобалары бар»,- деді баяндамашы.
Оңдасын Оразалин: «Мұқият талдау жүргізіп, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық және саяси тұрақтылықты, халықтың әлеуметтік осал топтарын қамтамасыз ету үшін тиімділігін анықтау керек. Қоғамдық бірлестіктер бізге тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектесулері керек. Олардың пайдасын еңбектеген баладан
еңкейген кәріге дейін, барлық ақтөбелік көрулері тиіс.
Мемлекеттік ақпараттық саясат аясында халықпен кері байланысты жолға қою, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыру шаралары қабылданып жатыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Қазақстанның 30 жылдығына орай «Туған жерге тағзым», «Тәуелсіздік тағзым», сонымен қатар, «Ақтөбе – алтын бесігім» жобалары аясындағы арнайы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Сәбит Мұқанов өңірде 81 мыңға жуық экономикалық белсенді, 6,7 мың өзін өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың бар екенін айтты.
«Жұмыссыз жастардың деңгейі 2020 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 1,5%-ды құрайды, 2019 жылмен салыстырғанда жұмыссыз жастардың саны екі есеге азайған. Өткен жылы 25 мыңға жуық жастарды жұмысқа орналастыру шаралары қабылданған болатын. Олардың ішінде 12​ 998 адам тұрақты жұмыстарға орналасқан. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында тұрғын үй сатып алу үшін 252 жас маман несие, 577 маман көтермеақы алды. ​ «Жастар тәжірибесі» жобасына 3274 жас тартылып, ​ олардың 1526-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша былтыр 334 адам кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, олардың 149-ы гранттар мен несиелерді пайдаланды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 212 жас отбасыға жалдамалы пәтер берілді»,- деді Сәбит Мұқанов.
Өзекті мәселелердің қатарында «Серпін — 2050» бағдарламасының нашар орындалуы, аула клубтарының жоқтығы және т.б. бар. Осыған байланысты облыс әкімі Ақтөбе қаласында, Қобда, Ойыл, Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би және Мәртөк аудандарында ашылып жатқан спорттық және мәдени-сауықтыру мекемелерінің жанынан ашылатын аула клубтарын ашу мәселесін қайта қарауды тапсырды. Облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері жастар арасындағы суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдап, тұрақты бақылауды қамтамасыз етулері керек болады.
Оңдасын Оразалин сонымен қатар, басқарма басшылығына ​ кәсіпкерлік басқармасымен, «Атамекен» ӨКП-мен бірге жастар кәсіпкерлігін дамыту, жұмысшы мамандықтарына оқыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов Ақтөбе қаласы мен алты ауданда тілдерді оқыту орталығының тілдік курстары жұмыс жасап жатқанын жеткізді.
2007 жылдан бері 18​ 988 адам қазақ тілін үйренсе, олардың 4​ 391-і өзге ұлт өкілдері. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде білетіндердің үлесі 94% құрады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде елді мекендердің тарихи атауларын қайтару ерекше орын алады. Облыстың 167 елді мекені өздерінің тарихи атауларын қайта алды. Ақтөбе мен аудандарда көшелер түгенделіп, облыстық ономастикалық комиссияның отырысына 148 ұсыныс түсті.
Өзекті мәселелердің бірі — жарнама мен көрнекі ақпаратта тіл туралы заңнаманың сақталмауы. Тексерістердің нәтижесі бойынша 1183 нысан 793 заңбұзушылық анықталып, барлығы жойылды.
Жиын соңында өңір басшысы барлық бағыт бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.