Мекемтас Мырзахметов, абайтанушы ғалым: Адамды тазартудың құдіреті – Абай ілімінде

Рахманқұл Бердібаев атындағы Халық уни­вер­си­те­тінің қо­на­ғы, қазіргі рухани ақсақалдары­мыз­дың бірі – Мекемтас Мыр­зах­ме­тов. Ал модераторы – әдеттегідей, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты дирек­торы Кенжехан Матыжанов. Біз Мекемтас ағаның негізгі ойларын оқырманға ұсынуға тырыс­тық. Абайдың «толық адамын» кейін түсіндім

– Абай «үлкен адам» дегенде нені айтқысы келеді?» деген тақырыпта ізденісті бастадым. «Адамдар осы саналы өмірге келгеннен кейін ізгілік идеясы қайдан пайда болды?» деген ой келді. Қытайлар ежелгі кезде «улуч­шенный человек» деген ойды айтты. Конфуций келді де, ол ойды тоқтатып тастады. Қы­тайлар – бер жағы. Одан ары Иран мен Үндістанды қарастырды. Авестада «Тара» деген әйел құдай бар. Ізгілік соның ауызынан тара­тылып отырады. Бірақ ол ізгі­лікті ирандықтар дәстүрге ай­нал­дыра алмады. Енді осы ой қазақтарда, түркі елдерінде қалай болады? Сонда «Ақый» дегенді байқадым. «Ақый» деген түріктің көне «жомарт» деген сөзі. Бұл VII ғасырдан XI ғасырға дейін бүкіл түркі халықтарының ілімін таратып алған болатын. Неге олай? Еуропалықтарға елік­теп, бизнес жасап жүрген түр­кі­лер отбасыға керек ақшаны ғана қалдырып, қалған ақшаны елге тарататын жомарттығын білдіреді. Ол шетелдегі түріктер емес, өзіміздің қазақ жерінде бол­ған. «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ұрпағының санасына ізгіліктің дәнін егеді» дейтін қазақтың сөзі бар. Бұндай сөзді ешбір халық айта алмаған. Осы сөзді негізгі концепция деп ұстандым. Қытай, Иран мен Үндістанды көрдік, енді түркілер не істеген? Түркілер негізі өте дұрыс нәрсе істегенбіз. VII ғасыр «Ақыйдан» басталды, содан кейін әл-Фарабидің «Парасатты адам» деген ілімі шықты. Онда ел басқаратын адамның 12 түрлі қасиеті болу керек делінген. Содан кейін «Құтадғу-білік» бар, Жуанмәрттілік негізі салынды. Онда 4 кейіпкер, 4 ұғым бар. Кейін XII ғасырда парсыларда «Кабус-нама» шықты, ол жерде «Құтадғу біліктің» негізі жатыр. Одан ары алып кеткен Қожа-Ахмет Ясауидың «Хәләлімі» бола­тын. Онда айтылатын негізгі ой «Хәләлін білмеген адамдар өмір бойы 40 есектің жүгін арқалап өтеді. Ал оны білгендер 40 есектің жүгінен айырылады» деген. Қа­зір­гі Абайдың «толық адамы» да сон­дай. Меңгерсең, өзіңді-өзің та­залап шығасың. Қазіргі заман – дүниетаным заманы. Қытай, Иран, Еуропада бәрібір де біздің түркі елдерінен оза алмайды. Санап берейік, бірінші – Ақый, екінші – Парасатты адам, үшінші – Жуанмәрттік ілімі, төртінші – Һәл ілімі, бесінші – Абайдың «толық адамы», алтыншы – Шәкәрімнің «ар ғылымы». Ғасырлар бойы дамыған дәстүр, міне, осы. Оны ешкім өзгерте алмайды.

Алғашқы кезде Абайдың «то­­лық адамын» түсіне алма­дым. Оның Абайдың өлең­де­рін­де, қарасөздерінде, шығарма­шы­­лығында шашылып-төгіліп жат­қанын әбден бәрін зерттеп бар­ған соң көрдім. 20 жылдай зерт­теп, тани бастадым. Студенттік кезде Әуезовті үнемі сынға алып жататын. «Ол мынадай теория шы­ғарып жатыр» деп жақтырмай отыратын. Абайды оқығанда, Әуезовтің ол теорияларды қайдан шығарғанын түсінгем. Көп ойдың бәрін Абайдың өзі айтып, Мұхтар Әуезов оны тек қайталаған. Не­гі­зінде, Абайды түсіну өте қиын. Оны түсініп кетсең, абайтанудың көкесін көрсетесің. Абайдың «жан тану» деген өлеңі бар, оған әлі де ешкім барған жоқ. Шәкәрім біраз дамытып кетті, бірақ Еуро­па оған жеткен жоқ. «Еуропа жанды білмейді, Еуропа иманды білмейді» деген Мағжан. Олар иманды білмейтіні ешнәрсеге сен­бейді. Сондықтан да иманды білмейді. Жанды білмейтіні неге? Олар жанды бір материализация деп қана біледі. Адам қазір өмір сүрді де кетті дейді. Жан мәңгілік екенін, өлмейтінін білмейді. Осы ұғымдардың өзі қандай даналықпен айтылғаны Абайдың ғұламалығында жатыр.

Қисық жолдан құтқарған Баукең болды

– Біз ілімді не үшін көтеріп отыр­мыз? Проблеманың бәрі осы­нда жатыр. Тағдыр бізді оң­дырған жоқ. «Қазақ, ноғай ха­лықтарын жер бетінен түгел құр­­та­мыз, жерді аламыз» деді. Қы­­таймен бірге қалмақтарды біз­ге айдап салды, тағдыр әй­те­уір, қазақты аман сақтап қалды. Голощекин, Сталиндердің сая­саты – бізді құрту идеясы. Себе­бі біздің ой-санамызға идея салын­ған. Голощекин кезінде Сталинға жазған хатында «Бірінші – ұлттық интеллигенциясын бір-біріне айдап салып, қазақтарды тұтас жоямыз» деген сөзі бар. Сол идея өсіп келе жатқан ұрпақтарға өтіп кетпесін деп жазуымызды екі рет ауыстырды. Содан кейін «Тари­хын білмейтін адамдар бізге керегі жоқ» деді. Біз әлі күнге дейін академиктерден бастап, мәңгүрт болып келеміз. Сөйтіп, мен де мәңгүрттендім… Кеңес халқының ойлары барлық жерде орыстар үстем, басқалары соған қарап отырған болып шығатын. Өзбекстанда ауатком мүшелеріне ұлт-саяси сабағын бергенде «оян­дым». Ұлт саясатына қатысты қарамаған материалым жоқ. Сон­дағы ойым: кеңес халқында құқық деген ой құрдымға кетті. Сол қи­сық жолдан мені Бауыржан Мо­мыш­ұлы құтқарған болатын. Аспирантурада үш жыл бірге оқы­дық. Кейде түнімен отырамыз, ай­ты­латын дүние көп еді. Менің көз­қарасымды 180 градусқа өз­герт­кен сол болды. Лениннен сонда да кет­педім. Бірде «Сен Ленинді мақ­тайсың, ол біздің жерімізді алды» дегенде жүрегім зу ете түсті. Орынборды бізден алдырған – Ленин. Себебі ол жерде қазақ, башқұрт, шуаш бірігіп кетпесін деген тапсырма болуы керек. Бауыржанның ойлары керемет бо­латын. Христиандардың діни кі­таптарында «там есть слова Бога, слова правителя мира» деп айтады. Бүкіл христиан дінінің кітаптарында ортақ ой жоқ, өзгеріп кеткен. Осындай ойлар арқылы адам білмейтін құпия нәрселерді осы кісіден алдым. Айтып отырған ойым Абайдың «толық адамы». Толық адамды көпке дейін түсінбей қойдым. Оның бәрі дінмен байланысты. Әуезов оны білген, «гармоничная личность» деген. Егер оны Әуезов сол заманда айтқанда, әлдеқайда бұрын ашылып кететін еді. Қазір оның жүйесін жасадық. Кітабын өзім жазып тапсырдым. Астанада Абай мектебі ашылды. Соған каби­нет дайындап, схемаға түсі­ріп жатыр. Балалар оны тез тү­сі­ніп алады. Қазақтан қазаққа рух қирату мәселесі жүрді. Со­дан біздің мінез-құлқымыз бұзы­лады. Нағыз арызқой, бә­ле­қор­лар бізден шықты. Ана «Абай жо­лындағы» тобықтыларды көр­сең… Дегенмен бүкіл қазақ сон­дай емес. Содан барып, біз бұзылдық. Онбасы болды, елубасы болды, содан 250 штат болды. Соған таласты, таласып барып мі­незіміз бұзылды. Абай «Халқым құрып бара жатыр, осыны қалай жөндеймін?» деген ойға келді. Дұрыс ойды өзі тарата бастады. Ең алғашқы идеясы «ғылым таппай мақтанба» не үшін керек бізге? Қазіргі заманда адамзат бұзылып барады. Капитализм оны бұзбай қоймайды. Кедей кедей бола береді, бай бай бола береді. Ол бір жақты ой. Капитализмге келетін болсақ, баймын дейтін адамдар кедейлерге бірдеңе тамызып отыру керек. Әйтпесе, ол бізді бұзады. Осыдан басқа әдіс жоқ деді. Олай болса, миллиардерлерге мүлікке салық шығарып, халықтың аузына тамызып отырмасаң болмайды деу керек. Мысалы, көпбалалы ана­ларға үй салып беру. Қазір халық оян­ған. Сондықтан мемлекет қай­дан болса содан тапқан ақ­ша­ны, ұрланған ақшаларды жинап жіберсе, талай ақша шығады. Сөйтіп барып қазақтың көңілін тауып отыру керек. Қазақ қай­та оянып келеді. Қазақтар сүйе­гіне батқаннан кейін сөйтеді. Сондықтан бұл мәселелерге терең оймен қарау керек. Капитализм де бізді бұзып жатыр. Олардың құдайы – ақша. Бәріміз ақша іздеп жатырмыз. Басқа еш нәрсе емес. Сондықтан адамды адам сақтайды. Дүниежүзінде бір-ақ ілім бар, ол – Абайдың «толық адамы». Бұл басқа елдерде, Қытайда да, Еуропада да жоқ. Әлі ол ілімді тереңдетеміз. Сүйегін келтіріп, схемасын жасап қойдық, еті де пайда болып, одан кейін адамша сөйлейтін болады…

Рухани тазалық керек

– Ташкентке кейін барғанда басылып, тазаланып бардым. Ол кезде «толық адамды» меңгер­генмін. Сырдария институтына бар­ғанда өзімді таза ұстауға ты­рыс­тым. Сонда декан, проректор болдым. Ақшаны қапшықтап алуға болар еді. Мен алмадым. Себебі менде Абай болды. Адамды тазартудың құдіреті бар екенін өзімнен көрдім. Анадай вагон-вагон ақша келетін жерден аман шықтым. Себебі Абайдың ілі­мі тазалады. Біз өсіп келе жат­қан жас­тардың бәрін осылай таза­ла­уымыз керек. Балаға мақтап, жолдарының бәрін көрсетсек жөн болады. «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп айтып отырамын. Міне, осылай сабақ бастаймын. «Араларыңда «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» бар ма?» деп сұрағанда, олар «Бар ғой» деп кү­ліп отырады. Біліп отыр. Енді оны қайтіп құртамыз, сол жағын айтамыз. Содан барып «толық адамға» алып келеміз. Оны бірден қа­былдау қиын. Себебі қазір күр­­делілендірмей, оңайлатып схемаға келтірдік. Балалар оны тез түсінеді, әйтпесе, оны оқып ала алмайды. Кітап жазып, оңайлатып бермесе, тым күрделі. Мұның құдіреті осында болып тұр. Себебі халқымызды рухани тазалауымыз керек. Бәріміз періштеміз деп ойламаңдар, бәріміз адамдармыз. Бізде күнәнің бәрі бар. Содан ары­луымыз керек. Оны біз өзіміздің емес, жастардың бойына сіңіруіміз керек. Өсіп келе жатқан солар ғой. Оларды тазартып алсақ, қоқыстың бәрі өзі-ақ кетіп қалады.