«Мейірімді отбасы»

Осындай атаумен «Теремок» балалар бақшасында спорттық іс-шара өтті. Дене шынықтыру жетекшісі Нұржамал Трушеваның ұйытқы болуымен өткен спорттық сайысқа «Березка» тобынан Ильмурадовтар отбасы, «Қарлығаш» тобынан Досовтар отбасы және Абильдаевтар отбасы қатысты.
Жарыс қатысушылары «Папа, мама, я-спортивная семья», «Болашақ», «Қыран» тобына бөлініп, үш топ балаларымен бірге түрлі аталым бойынша сынға түсті. Алдымен өздерін таныстырды. Сосын «Кім жылдам?», «Бәйге», «Қаппен секіру», «Ептілік», «Орындықпен сырғанау», «Ептілікке кім құмар» «Біз мықтымыз» «Арқан тарту» атты кезеңдерінен сүрінбей өтіп, өздерінің ептіліктері мен спорттық шеберліктерін танытты. Ерекше атап өтетін жайт, спорттық сайыс көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, балалардың спорттық шараларға деген ықыласын, жеңіске деген құлшынысын көрсетті.
Өте тартысты өткен жанұялар жарысының нәтижесінде Ильмурадовтар отбасы І орынды, ал Досовтар, Абильдаевтар отбасылары теңдей ұпай жинап, ІІ орынды иеленді.
Шара соңында сөз алған балабақша меңгерушісі Толғанай Мыхыева балалардың денсаулығын нығайту, салауаттылыққа тәрбиелеудің маңызына тоқтала келе, топ жарған жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, сыйлықтарды табыстады. Белсенді қатысқан ата-аналарға бақша ұжымы атынан алғысын білдірді.
— Отбасы мүшелерінің денсаулығын, белсенділігін нығайту, спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттауды және отбасылық спортты дамытуды мақсат еткен жарысты ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Мұндай отбасылық сайыстар жиі ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді,-деді Ильмурадовтар отбасының топ басшысы Манат Абдикаримұлы.

Асия Нурадинова,
әдіскер.