Медреседе оқып жүр қалай қазақ баласы?

«Астана» медресе-колледжі Алматы ауданында, Қобыланды батыр көшесінде орналасқан. Ақ мешіттің дәл қасында жаңадан салынған медресе де ақ түспен боялған биік ғимарат екен.  Медресеге кіріп келгенде, құран оқып жатқан шәкірттердің дауысы ғана естілді. Кіре берістен кезекші жігіттер мен медресе басшысы қарсы алып, медресенің ішін аралап қайттық. Медресенің іші кең, таза, кабинеттері жайлы. Кітапхана, асхана, жаттығу залы,  барлығы заманауи технологиямен жасалған. Білім алушылар  кітапханадан  өздеріне қажетті барлық кітаптарды іздеп таба алады. Жаттығу залына тәлімгерлер белгіленген кесте бойынша келіп, жаттығады. Сондай-ақ арнайы шаш алатын, кір жуатын бөлмелері бар. Жатын бөлмелері төрт немесе алты орынды болып бөлінеді.

Медресе директоры  Ибраһим Келдібайұлы медресенің жай-күйін баяндап берді. Яғни, оқуға бастапқы діни білімі жоқ шәкірттер қабылданбайды. Оқуға түсерде олардан арнайы емтихан қабылданады екен. Сондай-ақ оқу бітірген шәкірттердің 70-80 пайызы мешіт, медреселерде жұмыс істейді, ал бірқатары шетелдерде білімдерін жетілдіріп жүр.

Баршаларыңызға мәлім «Астана медресесі» 2007 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен ашылып, бүгінгі күнде 258 түлек бітіріп шықты. 2019 жылы арнайы сапармен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, медресе оқу процесі мен материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Дін басқармасының қолдауымен «Астана медресесі» жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңа ғимараттағы мүліктер демеушілер тарапынан толықтай жаңадан жабдықталды. Жаңа ғимараттың жалпы алаңы 2546,2 м2, медресе 4 қабаттан тұрады. Қазіргі таңда медресе құрамында: 18 оқытушы ұстаз бар: 1 доктор, 8 магистр, 9 бакалавр. Олар Нұр-Мүбарак, Еуразия ұлттық университетінен,  Мысыр мемлекетіндегі «Әл Азхар» университетінен, Катар мемлекетіндегі «Хамад бин Халифа» университетінен, сондай-ақ, Түркия Республикасындағы «Хасеки» академиясынан келгендер — деді  Ибраһим Келдібайұлы.

Биыл мұғалім біліктілігін дайындайтын «Астана медресесінде» қыздар бөлімі  де ашылды. Қазір 13 қыз бала ілім алып жатыр. Жалпы 2 жыл 10 айдың ішінде ұлдар «Исламтану» мамандығы бойынша, қыздар тобы «Исламтану негізіндегі мұғалімі» мамандығы бойынша диплом алып шығады. Медресеге Қазақстанның барлық аймақтарынан 17-25 жас аралығындағы білім алушылар қабылданады. Қазіргі таңда жалпы 99 шәкірт тәлім алып жатыр. 1 курста — 42 шәкірт, 2 курста — 29 шәкірт, 3 курста — 28  шәкірт бар.

Медреседе қазақ бөлімімен қатар орыс бөлімі де бар. Орыс бөлімінде тек орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де оқытады. Өйткені имамдар қоғамның талабына сай екі тілде еркін сөйлеуге тура келетіні анық. Болашақта Гарвард университетін бітірген коледждің директорын арнайы шақыртып, шәкірттерімізге ағылшын тілінде оқытуды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ ҚР Білім және Ғылым министрлігі және Дін басқармасы бекіткен жоспар бойынша, «Педагогика мен Психология», «Мемлекеттік тілде іс-қағаздар жүргізу», «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі», «Әлеуметтану» пәндері өтіледі.

«Астана» медресе-колледжінің үшінші курс шәкірттері Қалдыбай Баубек, Сейдулла Темірхан  осы медресеге оқуға түскендеріне қатты қуанатындықтарын айтты. Олар медресеге қалай келгендерін, жалпы оқу орны несімен ұнайтының, оның жай-күйін баяндап берді.

Қалдыбай Баубек:

Менің діни білім алуға деген қызығушылығым университет қабырғасында жүрген кезімде-ақ туындаған. Сол кезде имамдардан білім ала бастадым. Кейін осы дін мәселесіне байланысты түсінбейтін біраз сұрақтар туындады. Осы сұрақтардың жауабын білуге, білімімді тереңдетуге осы аталған медресеге 2017 жылы түстім. Ата-анам еш қарсылық білдірген жоқ. Керісінше қуанды, себебі дін жолында жүретін адам түзу жолмен жүретіні анық. Бұл медресенің артықшылығы – бәрі жап-жаңа, заманауи тұрғыда жасалған. Ұстаздарымыз да бар мейірімін төгіп, тәлім-тәрбие беріп жатыр. Медресенің ішкі ережесі  тәртіпке, қандай да бір істі уақытында істеуге үйретеді. 3 жылдың ішінде оқып біткеннен кейін де бойымызда осы қасиеттер сақталып қалатыны анық. Ары қарай алған білімімді жетілдіру мақсатында, тәжірибемен алмасу үшін шетелге барып оқығым келеді.

Сейдулла Темірхан:

Мен мектеп бітіре салысымен осында оқуға түстім. Себебі мектеп қабырғасында жүрген кезімде діни сауатымды мешіттен аштым. Ағам да біраз дін жайында ақпараттар беретін. Осы кезден бастап дінге деген қызығушылығым артып, медреседен білім алуға бел будым. Туғандарым да қолдау көрсетті. «Астана» медресесіне түскеніме қатты қуанамын. Себебі шәкірттерге барлық жағдай жасалған.  Болашақта білімімді шындап, ұлтыма қызмет еткім келеді. Бұл сапарымыздың мақсаты — белгілі бір оқу орнына жарнама жасау емес, қоғамға діни білім беретін ұйымдар туралы ақпаратты кеңірек тарату. Қазіргі таңда көпшіліктің ойында ондай мекемелер туралы әртүрлі пікірлер мен күдікті көзқарастардың бары жасырын емес. Осыған қатысты барынша шынайы ақпаратты беруге тырыстық. KAZISLAM порталы алдағы уақытта басқа да діни мекемелер туралы мәліметтер жариялайтын болады.

Сұхбаттасқан —

Балжан Әуезханқызы