Маңызды саланың мамандары марапатталды

Жыл сайын шілде айының тоғызыншы күні еліміздегі су шаруашылығы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Биыл төртінші мәрте тойланғалы жатқан бұл мереке иелері біздің ауданымызда да жетерлік. Олар өз саласында талмай еңбек етіп, жұртшылықты тіршілік тінімен қамдап отырған қадірлі жандар екенін белгілі.
Кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімі Сәкен Арубаев шулық су шаруашылығының ардагерлері мен қызметкерлерін қабылдап, жүрек жарды лебізін жеткізген болатын. Мереке иелерімен емен жарқын әңгіме жүргізген Сәкен Қаланұлы мұрап болудың машақаты мен маңызына тоқталып, су жағалаған жандардың еңбегі ақадал екенін атап өтті.
-Су шаруашылығы саласының жұмысшылары еліміздегі су ресурстарын есептеу және оны пайдалануды жоспарлау мен басқару ісімен айналысады. Сонымен қатар су шаруашылығы жүйесін пайдалану, олардың ластануы мен сарқылуынан қорғау да сіздерге жүктелген жауапты міндет. Осы үдеден шығып жүрген сала мамандарының жұмыстары құрметке лайық. Сондықтан баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін,-деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Ізгі тілекпен жиынды қорытындылаған Сәкен Қаланұлы сала ардагерлерінің кеудесіне өңіріміздің өсіп өркендеуіне оның ішінде су шаруашылығын жетілдіруге қосқан қомақты үлестері үшін «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін қадады. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлерге өзінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.
Өздеріне көрсетілген ілтипатқа «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Нұрлан Кирбаев пен еңбек ардагері Агабала Гасановтар да айрықша алғысын білдірді. Онымен қоса өңірдің өзекті саласына серпін қосатынына сендірді.

Шу ауданы әкімдігі