Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметі жаңа 3 автокөлікпен толықты

Жедел жәрдем қызметіне берілген заманауи көліктер ГАЗ автомобильдері базасында құрастырылған және В категориясына сәйкес келеді. Жаңа технологиялық құрал жабдықпен қамтамасыз етілген бұл атвомобильдерге сұраныс жоғары. Евро-5 экологиялық стандартына сай, барлық қауіпсіздік жүйелерімен қамтылған.

Маңғыстау облысы жедел және шұғыл жәрдем станциясына табысталған Соболь, Next и Бизнес 4х4 толық жетекті Газель автомобильдері «СемАЗ» ЖШС базасында жиналған. «Вираж»  компаниялар тобы құрамына кіреді және жедел медициналық көмек автомобильдеріне қойылатын заманауи талаптарға сай келеді.

 

 

Темір тұлпарлар әзірге Ақтау қаласындағы шақыртуларға барады, себебі «103» қызметіне түсетін негізгі шақырулар облыс орталығында көп болып тұр.

Бүгін «NCOC» компаниясының өкілдері Ақтаудағы «Вираж» автосалонында 3 автокөліктің кілтін ақ халатты абзал жандарға табыс етті. Бұл мәселенің оң шешілуіне Маңғыстау облысы әкімдігі ықпал еткен. Алдағы уақытта тағы да жаңа көліктер беріледі деп күтілуде. Ол үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіледі және жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмақ.

Маңғыстау облысы жедел және шұғыл жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Жәйнагүл Ілиясованың айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша тәулік бойы кезекшілікке 46 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған.

«Covid-19» вирусымен күрес кезінде жедел жәрдем қызметі алдыңғы қатарда жүреді. Ал автопаркті жаңарту мәселе қашанда өзекті. 700.000-мыңға жуық тұрғыны бар Маңғыстау өңірінде негізінен 70 көлік болуы тиіс. Бұйырса бұл мәселе көп күттірмей шешімін табады деп сенеміз. Облыс әкімдігіне және NCOC компаниясына алғысымыз шексіз», — дейді ол.

Осылайша NCOC компаниясы өзінің өндірістік қызметі жүзеге асырылып жатқан өңірлердегі жергілікті қоғамдастыққа COVID-19 індетімен күресуге көмек көрсетуді жалғастыруда.

Жақын арада NCOC Маңғыстау облысының медициналық мекемелерін аса қажет өмірлік маңызы бар бірнеше жабдықтармен, соның ішінде өкпені жасанды желдететін заманауи құрылғылармен, көп функциялы кереуеттермен, дефибрилляторлармен, сонымен қатар дезинфекциялау құралдарымен және медициналық персоналға арналған жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етпек.

NCOC компаниясы өткен аптада Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесіне қажетті медициналық жабдықтар жеткізу жұмысын бастап кетті. NCOC жұмыс жасап келе жатқан көп жылдар ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарындағы жергілікті жұртшылықтың ажырамас бөлігі бола білді және компания үшін қолынан келгенше көмек көрсету осындай күрделі кезеңде өте маңызды болып табылады.

Айта кету керек, облыс әкімдігі тарапынан денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат бөлінуде. Материалдық-техникалық базаны жаңартудан бөлек, коронавируспен күрес жүргізіп жатқан ақ халаттыларға 13 тепловизор және 1000-ға тарта қорғаныш костюмдері мен арнайы халаттар басқа демеушілердің есебінен сатып алынды.

 

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау

басқармасының баспасөз қызметі