Мамыр айында неге үйленуге болмайды?

Қоғамымызда әлі күнге «Мамыр айында үйленуге болмайды» деп, қыз ұзату мен ұлды үйлендіруден бас тартып жүрген жандарды кездестіріп қаламыз. Мұндай наным-сенімнің астарына үңілген кім бар дейсіз? Әйтеуір, «болмайды» деген бір ауыз сөзге жастардың тоқтап, «қу бас домалайтын» қазақ тойының мамыр айында өтпеуіне не себеп? Белгілі дінтанушы осы сұрақтың ақ-қарасын ажыратып, оқырмандардың сауалына жауап береді.

Мамыр айында үйленбеу керек деп астрологтар айтады. Олардың сенімінше мамыр айында күн Алголь  есімді жұлдыздың жанынан өтеді екен де, сол себептен, аталмыш жұлдыздың жағымсыз әсері тимей кетпейді-мыс. Бұнымен қатар, май айында күн Гиадам және Плеядам дейтін жұлдыздармен де байланысатынға ұқсайды. Аталмыш қос жұлдыз осы айда тұрмысқа шыққан әйел қауымына бақытсыздық әкеледі дейді.  

Алайда бұның Ислам дінінде ешқандай негізі жоқ. Дінімізде үйленуге болмайтын сәтсіз ай жоқ. Барлық ай сәтті, иншаАлла. Сондықтан да, мамыр айында үйленуді жаман ырымға балаудың қажеті жоқ.  

Бақытты не бақытсыз болу әуелі Алла тағаланың қолында. Одан соң, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қарым-қатынастарына байланысты. Ал, өзара қарым-қатынастың қалай болмақ керектігі дінімізде анық көрсетілген.