Мамедов шырын өндіріп, ризығын еселеп отыр

Кәсіп ашып, табысымды еселеймін деген азаматқа мемлекет тарапынан қолдау көп. Егер жобаның өміршеңдігі байқалса кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларды ұтымды пайдалануға болады. Тек ауызы жыбырлағанның қолы қатар қыбырласа адамның алмайтын қамалы, жүзеге аспайтын жоспары жоқ. Барлық жеңістің соңында тер, еңбек, жауапкершілік тұрғыны белгілі.
Жуырда Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов кәсібінен несібесін айырып отырған «Мамедов Р» шаруа қожалығының тындырымды тірлігін көріп қайтты.
Шайқорық ауылының тұрғыны Равшан Мамедов 4 жылдан бері көкөніс консервілеу, алма, шабдалыдан шырын өндірумен айналысады. Қарамағында жұмысшылар жақындарынан құралған. Қызанақ, қияр және басқа да дақылдарды еккен кәсіпкер өнімін жинап алғаннан кейін оны үй іргесіндегі қоймада сақтап, сондағы шырын жасайтын құрылғыларын іске қосады. Әрине, көкөністер қызарып, жеміс-жидек піскен шақта «Мамедов» шаруа қожалығында тыным жоқ.
– Мына тұрған шыны ыдыстың бір данасын 90 теңгеден, қақпағын 14 теңге 60 тиыннан сатып аламын. Ал алма мен шабдалыны арзан бағада Алматы, Шымент қалаларынан алдыртам. Маусымдық науқанда күніне 500-600 банка шығарамыз. Әр банка 2 литрдан есептегенде 1 тонна шырын тапсырыс берушілерге жеткізіледі. Біздің тауарымыз аудан, облыстың дүкендерінің сөресінде тұр. Жұмыс барысын айта кетер болсақ, мына тұрған құрылғыларды өзім құрастырдым. Тек шыныға қақпақ жабатын аппаратты және қозғалтқыш маторлард сатып алдым. Алдымен қолдағы шыны ыдыс ыстық бу арқылы залалсыздандырылып, тазаланса, жүгіртпе жол арқылы жоғарыда тұрған жеміс сығындысы арнайы батырма арқылы ыдысқа құйылады. Шырынға толы ыдыс бұдан әрі қақпағын байлайтын аппаратқа жеткізіледі. Соңынан шыны ыдысқа жарнама парақтары жапсырылады. Біз тек тапсырыс түскен жаңдайда ғана жұмысқа жұмыла кірісеміз, — дейді ол.
Құрылғылардың жұмысымен танысқан Ербол Жұмабекұлы кәсіпкерлерге қолдау білдіру біздің негізгі міндеті екенін айтты.
— Кәсіпкер алғашында «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында оқыту курсынан өтіп, «БизнесБастау» бағдарламасымен 6 млн теңге несие алды. Кейін микроқарды ұйымдарынан кәсібін кеңейтуге 4 млн теңге қаржы қаралып, ол суммаға қажетті құрылғыларын сатып алды. Бүгінде кәсібі өрге домалап отыр. Қойманың өзінде дайын өнімдер сатылымға шығарылуда – дейді бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Жамбыл ауылдық округінің кәсіпкерлерімен кездесіп, «Бегманов Саид» шаруа қожалығының соғылып жатқан көкөніс сақтау, «Елжан» шаруа қожалығының жем сақтау қоймасының, «Тараз-Бетон» темір — бетон шығаратын өндіріс базасының құрылысын және бірқатар дүкендердегі азық-түлік бағасына шолу жасады.

Жамбыл ауданы әкімдігі