МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУ – ӨМІРДІҢ КІРПІШІН ДҰРЫС ҚАЛАУ

Мамандық таңдау мәселесі – адам өміріндегі ең күрделі және жауапты қадам. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің «…адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген қанатты, нақыл сөзі бар.
М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінде аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес, мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт — бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуіне ықпал ету мақсатында «Мамандықты таңдау–өмірдің кірпішін дұрыс қалау» тақырыбында кездесу өтті. Оған әр салада жетістікке жеткен мамандар мен мектеп директоры Шыңғыс Жашаралин, аудандық қорғаныс істер бөлімінің қызметкері Айдархан Сәрсембеков, мектеп ұстаздары, жоғары сыныптың оқушылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты.
Іс-шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Бекқожаева жүргізіп, «Менің мамандығым – менің мақтанышым» тақырыбында баяндама жасады.
-Қазіргі таңда мамандық кәсібімізге ғана емес, өміріміздің өзіне айналып бара жатқандай. Себебі кәсіпсіз күн көру қиын. Көп адам мамандықты дұрыс таңдамағандықтан дені дұрыс жұмыс таба алмай, болмаса мамандығы бойынша қызметті алып кете алмай, абыройсыздыққа ұшырайды. Әрі-беріден соң, өзі ұнатпайтын салада грант үшін ғана оқитындар, оқығандар жетерлік. Мұндайда мемлекеттің қаржысы далаға кеткенмен тең-дей келе, кездесуге келген қонақтармен таныстырды.
Мектептің әлеуметтік педагогы Ақерке Жанат мамандық адамның психологиялық мінезіне сәйкес келуін айтып, «фигуралар сөйлейді» атты тренинг өткізді.
Жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр. Олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. Жаңа Қазақстанда ұстаздарға дұрыс бағдар беріп, үздік әдістемелік көмек көрсетіп отырған аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлнар Райымбекова іс-шараның ашылуында сөз алып, ізгі тілегін жеткізді.
Бұдан кейін оқушылардың суреттегі бейнелерді таңдауы арқылы мамандық иелері кезекпен сөз сөйледі.
Алдымен сөз алған аудандық мәдениет үйінің әншісі Гүлгүл Тәйтімова 5 жасынан бастап, ағасының қолдауымен сахнаға шығып, ән айтқанын еске алды. Оқуға түсер кезінде туыстары өнер жолына түсуіне қарсылық білдірсе де, өз қалаған мамандығында оқуын аяқтап, дұрыс таңдау жасағанын тілге тиек етті. Ал сабыр, төзім және қажыр-қайрат, шапшаңдық пен жылдам әрекет ете білу қабілетін бойына сіңірген аудандық полиция бөлімінің қызметкері Дархан Жасұзақов мамандықты дұрыс таңдауының арқасында бүгінде отбасын асырап отырғанын айтты.
«Ішкі істер органдарына жұмысқа кірер кезде денешынықтыру даярлықтарыңызды тексереді. Оның ішінде турникке тартылу, жүгіру тәрізді сынақтармен төзімділіктеріңізді бақылайды. Бұл мамандыққа түсу үшін дүниежүзі тарихын таңдайды. Егер ҰБТ-де бір пәннен екілік бағасын алып қалсаңыз, қанша жерден жоғары балл жинасаңыз да оқуға қабылдамайды. Сондықтан бұл мамандыққа түсу үшін жан-жақты дайындық қажет» деді. Сондай-ақ мамандық таңдауда әлеуметтік ортадағы дәрежеге қарадыңыз ба? Қандай спорт түрімен айналыстыңыз? деген оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Бұл жөнінде Дархан Дәуренұлы өз талантына қарап, мектеп кезден күреске қатысқанын айтты.
Адам жанының бағдаршамы, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бағлан Жүнісбеков: «Ауданымыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебін 2008 жылы аяқтаған соң, әл-Фараби атындағы КазҰУ-дің балық шаруашылығы мамандығына грантқа түстім. Алайда арманым тіс дәрігері болу етін. Содан әкеме түрлі себеп айтып, Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне тіс дәрігері мамандығының ақылы бөліміне оқуға түстім. Кейін білімімді дәлелдеп, грант бөліміне ауыстым. Бүгінде Қазақстандағы №1 стоматолог Мойынқұмның жігіті, менің аттасым Бағлан Ғалымұлы. «Болмасаң да ұқсап бақ дегендей» мен де болашақта туған жеріме емхана ашу жоспарымда бар» деді.
Ұлы мамандыққа өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардагер ұстаз Шахаркүл Оспанова бақытты ана, бақытты ұстаз болғаны туралы мақтанышпен айтып, кеңінен әңгіме өрбітті.
«Сендер үлкен мүмкіндіктер ғасырында өмір сүріп жатсыңдар. Әр мүмкіндікті пайдаланып, өз жігерлеріңді қайрап, жалындаған жастықтарыңда өз бақыттарың үшін аянып қалмауларың керек. Жаңа идеялар, тың ойлар, ішкі рух пен өзіңе деген сенім алға қойған армандарыңа жеткізбей қоймайды» — деді Шахаркүл Қанапияқызы.
Халық қалаулылары, жеке кәсіпкерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары Бекболат Өткелбаев, Қанат Көшербаевтар: «Біздің негізгі мамандығымыз-педагог. Ал депутат боламыз деп ойлаған да жоқпыз. Елдің, ауылдың мүддесін ойлайтындықтан халық ұсынып, сайлады. Әлі күнге дейін ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға ықпал етеміз. Қазіргі таңда ауданға газ келсе, біздің басты міндетіміздің орындалғаны деп білеміз» деді.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Бекболат Өткелбаев мамандық таңдау мен жар таңдауда мүлт кетпеудің маңыздылығына тоқталды. «Қай саланы таңдаса да әркім өз қызметін сүйсініп атқарса, нәтиже шығады. Жүрек қалауыңмен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу – өмір сүрудің материалдық қана емес, моральдық та көзі.
Мәселен, қаладан келгендер ауылды төмендеткісі келетіндерін байқаймын. Мен ауылда тұрғаныма намыстанбаймын. Бірақ қалаға ұқсатып дүкеніме автоматты есік қойдым. Ол есіктің бағасы 3 млн. 800 мың екен. Содан Қытай Республикасына барып, бір апта демалып, төмен бағада алып келдім. Қазір өзім механикпін. Бұзылып қалса жөндеп аламын-дей келе, армандары мен алға қойған мақсаттары орындалғанын айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.
Кездесу барысында келген қонақтарға алға қойған мақсаттарыңыз қандай? дәрігер болу үшін қанша жыл оқиды? мейрамханаңыздың дизайынын кім жасады? мақтан тұтар шәкірттеріңіз бар ма? жетістікке жету жолында қандай қиындықтар болды? бүгінгі таңда қандай мамандықтар сұранысқа ие? Тісті емдету неге қымбат? тәрізді сұрақтар қойылып, оған тұщымды жауаптар алынды.
Кездесу соңында уақыт бөліп келген мамандық иелеріне мектеп ұстаздары алғыстарын айтып, естелікке суретке түсті.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».