Майрат Тайкенова: «Бір әкенің тәрбиесі 100 мұғалімнен артық…»

Нұр-Сұлтан. 5 сәуір.  ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майрат Тайкенова қазіргі ата-аналардың өз балаларымен сөйлесуді доғарғанын айтады.

«Ата-аналар интернеттен балалар туралы бір нәрсе оқып немесе естіп алған соң білімдімін деп ойлайды. Олар балаларымен сөйлесуді доғарған. Балалардың гаджеттерден қолы тимейді. Жүз мұғалімге қарағанда бір әке артық, ал бізде балаларды мектепке әкелсе сейфке әкелгендей болады: тарыдай қып әкеліп береді де, 11-сыныпта дамыған, тәрбиелі бала алып шыққысы келеді. Өкінішке қарай, мұндайға күнде тап боламыз»-дейді білім және ғылым министрінің кеңесшісі.

Сондай-ақ, бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп те бере алмайтынын меңзеген М.Тайкенова отбасылық қарым-қатынасты екі есікке теңеді.

«Бірінші есік жатын бөлмеден ашылады – ата-ана шығады да, жұмысқа кетеді,  сыртқы есік жабылады. Жұмыстан келеді, сыртқы есік ашылады. Шамалы сөйлеседі де, жатын бөлмеге қайта кетеді. Біз ақпараттық уақытта өмір сүріп жатырмыз, уақыт жоқ деп айтуыңызға болады. Бірақ ол сіздің балаңыз ғой» — дейді ол.