Майқайыңда жер астында қалғандарды іздестіру жұмыстары тоқтатылды

Аумақта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан құтқарушылар мен мамандарға үлкен қауіп төніп тұр.
«GRP-RIDDER-GROUP» ЖШС жүргізген зерттеу нәтижелері ойық түбінде топырақ құрылымы өзгеріп, әлсірегенін анықтады. Астындағы қуыстар мен бос кеңістіктердің құлау қаупі өте жоғары.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері аталған учаскеде қандай да бір тау-кен, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу құтқарушылар мен мамандар үшін үлкен қауіп төндіріп тұрғанын айтады.
«Апатты жою жөніндегі басшының орынбасары — КӘАҚҚ РШО Павлодар филиалы директорының орынбасары Ерлан Жарқымбеков құтқарушылардың, экскаватор машинистерінің өміріне қауіп төнуіне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады», — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.