Махаббат деген Құдай, Құдай деген Махаббат

Альберт Эйнштейннің қызына хаты
Салыстырмалылық теориясын ұсынғанымда мені түсінген адамның қарасы аз еді. Сондықтан қазір саған айтарымның да адамзат үшін түсініксіз тұстары көп болмақ.
Бұл хатты неғұрлым ұзақ сақтағаның жөн. Жылдар бойы, он жылдықтар бойы сақта. Сонда қоғам дамып, бұл хаттың мәнін түсінетін деңгейге жетіп қалар. Осы күнге дейін ғылым түсіндіре алмайтын өте қуатты күш бар. Бұл күш бүкіл Ғаламдағы өзге күш пен құбылыстың бәрін басқарып, өзіне тиесілі етеді. Осынау күллі ғаламдық күштің аты – Махаббат. Ғалымдар Ғаламның біртұтас теориясын іздегенде көзге көрінбес ең алапат күшті есепке алмады. Махаббат деген жарық, ол осы сезімді қадірлейтін, махаббатқа сенетін адамның бәрін сәулелендіреді. Махаббат деген тартылыс күші. Бір адамды екіншісіне магниттей тартады. Махаббат — ұлы күш. Себебі, ол адамның бойындағы ең жақсы қасиетін еселеп, адамзатты соқыр өзімшілдіктің шекарасынан шығаратын күш. Махаббат адамға жан-дүниесін ашып көрсетіп, өзіне-өзін танытады. Махаббат үшін дүниеге келіп, өлеміз. Махаббат деген Құдай, Құдай деген Махаббат. Бұл күш бәрін түсіндіріп бере алады. Өмірге мән береді. Махаббаттың күшін ғасырлар бойы елемей келдік. Махаббаттан қорыққаннан шығар. Махаббатты түсіну үшін мен мынау есепті алмастырдым. Егер Е=mc2 формуласындағы энергияның орнына махаббатты қолдансақ, жарықтың жылдамдығының квадратын махаббатқа көбейту арқылы бүкіл әлемді құтқарып қалар едік. Осыдан-ақ махаббат әлемдегі ең ғаламат күш екенін білуге болады. Махаббаттың шегі жоқ. Адамзаттың ғаламның басқа күш-қуатын қолдану мен басқару саласындағы сәтсіздігінен соң бізге нәр алу үшін күш керек болды. Ол күш – махаббат. Адамзат өркениеті өлмесін десек, өмір мәнді болсын десек, әлемдегі бейбітшілік сақталсын десек, сезімнің қадіріне жетер әр адамның өмірін сақтайық десек, бәрінің жауабы махаббат болмақ. Бәлкім, әзірге «махаббат бомбасын» жасауға дәрменсіз шығармыз. Ол өте қуатты қару болар еді. Сонда кек, өзімшілдік, сараңдық атаулы жойылып, жер бетінен көшер еді. Дегенмен әр жеке индивидуумның жүрегінде өте қуатты махаббат генераторы бар. Оның ішіндегі күш бостандыққа шығуға асық. Егер біз универсумның махаббатын дұрыс алып, дұрыс беруді үйренсек, қарағым Lieserl, сонда ғана махаббат бәрін жеңетіндігін дәлелдейміз. Махаббат бәрін еңсере алады. Себебі, ол өмірдің квинтэссенциясы (толық мазмұны). Сен деп соққан жүрегімдегі махаббатымды сарқып бере алмағаным үшін өкінемін. Кешірім сұрауға кеш қалған болармын, бірақ уақыт деген салыстырмалы дүние ғой. Бар айтарым, сені өте қатты жақсы көрем. Сенің арқаңда махаббат жайындағы ізденісімді толық аяқтай алдым.
Әкең, Альберт Эйнштейн.

Аударған Шынар Әбілда