Маңғыстаулық каратэшілер азия чемпионатының жеңімпаздары

9-16 шілде аралығында Астана қаласында карате-додан жасөспірімдер мен кадеттер арасында 16-шы және ересектер арасында 14-ші Азия чемпионаты өткен болатын. Чемпионатқа 24 ел қатысты. Шарада Ақтау қаласының карате спорт мектебінің спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Ересектер мен әйелдердің Қазақстан құрамасы командалық есеппен 3 орын алса, команда құрамында Сабина Захарова, Екатерина Хуповец, Ермек Айназаров және Асылбек Мұратовтар қола жүлдеге ие болды.

Облыс әкімі Азия Чемпионатында жақсы өнер көрсеткен маңғыстаулық спортшыларды жеңісімен құттықтап, карате-до спорт мектебі жаттықтырушыларының жұмысын жоғары бағалады.

— Cіздер, Азия Чемпионатында аймағымыздың абыройын асқақтаттыңыз. Біз сіздердің жеңістеріңіздің арқасында сіздермен мақтанамыз. Болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің мәртебесін әлемдік деңгейде көтеруге тілектеспін. Сіздер, еліміздің, Қазақстанның намысын қорғап жүрсіздер, ал карате-до олимпиадалық спорттың түріне жатады. Еліміздің туын көтеретін үздік спортшылардың қатарына кіруге ерекше мүмкіндіктеріңіз бар, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Өз кезегінде спортшылар аймақ спортының дамуына қолдау көрсетіп отырған облыс әкіміне алғысын білдіріп, спорт әлемінде жоғары жетістіктерге жетуге уәде берді.

— Жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің қызметкерлері мен басшыларының арқасында Маңғыстау спортшылары әр түрлі деңгейдегі жарыстарда, Әлем Чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында облысымыз бен еліміздің абыройын асқақтатуда. Спортшыларды, жаттықтырушылар құрамын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге береке-бірлік, мықты денсаулық, сәттілік пен табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, — деді  Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мансуров Парвиз Дунямали-оғлы.

 

Айман Оңғарбайқызы

Суреттерді түсірген: С. Майемеров