МАҢҒЫСТАУДЫҢ АҚПАРАТТЫҚ АЛАҢЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРМАҚ

Маңғыстау облысында өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысы жанданып келеді. Біз осы орайда аталған мекеменің тыныс-тіршілігін бағамдап, болашаққа жоспарын білу мақсатында мекеменің директоры  Құрманәлі Қалмаханмен сұхбаттасқан едік.

Сұрақ: Құрманәлі Қалмаханұлы, соңғы уақытт қоғам сайт, әлеуметтік желіге бәріміз ден қойып кетті. Мүмкін бұл дұрыс шығар. Себебі, заман талабы сол. Бірақ, осы арқылы газет-журнал, теле-радиомыздың құндылықтарын біржола ысырып тастаған жоқпыз ба?

Жауап: Бұл мәселе соңғы уақытта жи айтылып жүр. Тіпті, кей азаматтар әлеуметтік желінің ұлттық формасын жасап, көрініп қалуға тырысып жүр. Түсінемін, әлеуметтік желі қазіргі ақпарат таратудың ең тартымды һәм қызық нұсқасы. Дегенмен де, ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан алсақ, сүзгіден өтпеген «қоқыс» пікірлер мен жазбаларға мұқтаждық (қолдан) жасамауымыз керек. Әлеуметтік желіні кей адами құндылықтар (тәрбие, ағартушылық, ақпараттық) үшін қолдансақ, одан ұтылмаймыз. Бірақ, соңғы уақыттары ұлтаралық-мемлекетаралық қатынастарға сызат түсіру, арандатушылық, жеке бас бостандығына қауіп төндіру мақсатында қолданып жүрміз. Жалған ұрандар мен жалаң ойлардың орталығына айналмаса екен деген тілек бар, менде. Ал, газет-журнал, жекелеген теле-радиолардың медиа нарықтан ысырылып, көрінбей кетуіне сол орталықтардың менеджерлері\басшылары кінәлі. Десек те, елде әлі де рейтингті «бермей» тұрған БАҚ тар бізде жетеді.

Сұрақ: Маңғыстау облысының ақпараттық кеңістігі кең. Алайда, ақпараттық таралымның рейтингін беретін орталықтардың индикаторларына қарасақ, ең соңғы орында келеміз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Жауап: Иә, келісемін. Менде де сондай ақпараттық деректер бар. Алайда, өткенді қазбалап, «қателік» іздеуді жөн санамадым. Бірақ, қателік бар екен деп, қол қусырып отырудың қажеті жоқ. Ақпаратты тарату технологиялары мен жергілікті менталдылық арасындағы байланысты зерттеу арқылы белгілі бір тұжырым жасауға болады. Мұны мен неге айттым. Қазір, эфирден қашатын, газеттердегі сұқбаттарға жоламайтын, артық күнге шыққысы келмейтін «Тұлғалар» элитасы пайда болды. Осы азаматтар тасадан шығып, елге (әсіресе, жастарға) кәсіп ашу, еңбек ету және ағарту жұмыстарына қатысты өмірден көрген білгендерін үйретсе деймін. Әр кәсіпкер сондай бір жобаны қолға алып, эстафета жасасын. Нәтижесін көрейік. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Маңғыстаулық атқа мінерлер де қатыссын. Бір гүрілдетіп алуға болады. Міне, арзан пиардың көкесі осы. Қаш, қашпа, қазір пиарсыз, күнің қараң. Одан бөлек ақпараттық айналым механизмін қайта қарап, материалдағы обьективтілік принципін алғашқы орынға шығару керек. Сонда, индикатор өспесе, маған келіңіз.

Сұрақ: Жуырда, өңірлік коммуникациялар қызметі мекемесінің директоры болып тағайындалдыңыз. Жұмыс барысы, жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

Жауап: Иә, дәм тұз бұйырып, Маңғыстауға келіп қалдық. Негізі, өзім «арық сөйлеп, семіз шық» деген қағиданы ұстанамын. Дегенмен, жоспарларымыздың негізгілерін айта кетейін. Бұл ақпараттық-идеологиялық платформа арқылы Маңғыстаулықтармен тікелей байланыс орнату мақсатымыз бар. Басты принцип, Н.Назарбаев берген тапсырмалардың орындалу деңгейін ақпараттық айналымда таратып, облыс әкімі Е.Тоғжановтың нақты мәселелер бойынша аумақтық басшыларға берген жүктемелерін елге жеткізу. Осы мақсатта апта сайын, біздің брифингке кейбір түйіткілді мәселелер бойынша басқарма басшылары мен тиісті әкімдер келіп, қатысады. Журналистер сұрақтарына жауап береді. Бұдан бөлек, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасымен бірлесіп, ортақ телевизиялық жоба жасап жатырмыз. Бұл жобаның алғашқы саны тікелей эфирге шығып та үлгірді. «СұхбатTime» бағдарламасы арқылы көрермендер өз сұрақтарын тиісті сала басшыларына қойып, жолдай алады. Хабарды қазақ тілінде Маңғыстау өңіріне белгілі тележурналист Нұрбол Оқуов жүргізсе, орыс тілінде жүргізу Айсұлу Дутбаева әріптесімізге сеніп тапсырылды.   Айта кету керек, облыстың ақпараттық-идеологиялық саясаты бағыт-бағдарының «курсы» барынша өзгеретін болады. Қазір осы платформаға жауапты мекеме — облыстық ішкі саясат басқармасының басшылық құрамына белгілі журналист, медиа-менеджер Құрманбек Жұмағали келді. Енді, үлкен серпіліс жасалады деп ойлаймын. Біздің телевизиялық жобаларымызға жауаптылықпен қарап, жанашырлық танытып отырған «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының директоры, белгілі журналист, ақын Әнуар Бимағамбетке ерекше алғыс айтқым келеді. Жұмыс осылай, кешенді түрде жүретін болса, кей кедергілерден сүрінбей өтеміз). Қалған жобаларымызды уақыт көрсетеді. Айтпақшы, ұмытып бара жатырмын. Күзде жақсы жаңалықтарымыз бар.

Сұрақ: Жоғарыда бір сөзіңізде ақпараттық қауіпсіздік туралы айтып қалдыңыз. Бізде ондай қауіп бар ма?

Жауап: «Бар», не «жоқ» деп кесіп айта алмайды ешкім. Себебі, ақпараттық кеңістікті нығайту саясаты барынша күшейген елдердің өзі тоқырап, шайқалып жатыр. Бірақ, алғышарттарына тоқталатын болсақ, «обьективтілік» біршама ашылар еді. Ақпараттық кеңістікті, кей сарапшылар шекара жоқ, ұстап тұру қиын деген пікірлерін айтып қалады. Ол дұрыс емес. Неге десеңіз, ақпараттық қауіпсіздікпен айналысатын тұтастай мемлекеттік құрылым жасақталып, кешенді идеологиялық платформа құрылғанда бұл мәселеден сырттай айналып өтуге болады. (Бірақ, теория жүзінде) Практика әлдеқайда қиын. Жақында ғана, Қарағанды облысындағы, Украйна мәселесіне қатысты көрсетілген бейнекадрлардан да «арандатушылардың» арам пиғылы сезіледі.

Сұрақ: Айтпағыңыз…

Жауап: Айтпағым, ақпараттық қауіпсіздік кеңістігінің кеміс тұсы болса, оған әркім жауапты. Неге десеңіз?, бұл жерде әркімнің жеке азаматтық жауапкершілігі басты рөл ойнайды. Кез келген азамат арандатушылық сипаттағы қауіпті ақпараттарды көре қалса, әрі қарай үдетпей,тиісті қорғану шараларын жасау керек. Ол иммунитетті Сіз бен Біз тұрғындардың бойына сіңдіруіміз керек. Яғни, ақпараттық-ағарту жұмыстарымен айналысуымыз керек. Сол! Басқа жолдары өзі табыла береді.

Тілші: Құрманәлі Қалмаханұлы, сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

 

Сұхбаттасқан:  А.Оңғарбайқызы