МАҚТЫМҚҰЛЫ МЕН МЕҢЛІ

(Ақын мен ару хикаясы)

Аруларға жыр арнамаған ақын жоқ. Әдебиетте айрықша із қалдырған шайырлардың жүрегінде жатталған ақмаңдай аруларды баршамыз жақсы білеміз. Петрарка Лаураны, Руми Гауһарды, Хафиз Шахнабатты, Естай Қорланды, Жұматай Ләйланы поэзиядағы әйелдер галереясының қатарына қосты. Осындай көркем образға айналған әйгілі әйелдің бірі – түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының сезімін оятып, жүрегін жаулаған Меңлі қыз. Түрікмен жұрты Мақтымқұлыны ұлықтаған жерде Меңліні де ұмытпайды. 1968 жылы Алты Карлиев түсірген «Мақтымқұлы» фильмінде Меңлі бейнесі (актриса Г.Дәулетмұрадова) көрініс тапты. Ақынның жастық шағы туралы сахналық қойылым «Меңлі» деп аталды.
Бүгінгі ұрпаққа тек Меңлі туралы аңыздар ғана жеткен. Шын ғашықтар қосылмайды дегендей, Мақтымқұлы мен Меңліге де отау тігу бақыты бұйырмапты. Аңыздардың мәліметі бойынша, Меңліні жақын-жуықтары қалың малды мол төлеген біреуге ұзатқан көрінеді.
Түрікменстан Ғылым академиясының академигі Баймұхамед Каррыев 1947 жылы Мақтымқұлының қазақ тілінде шыққан «Таңдаулы өлеңдер» атты жинағына жазған алғы сөзінде былай дейді: «Мақтымқұлы – әйел жөнінде бақытсыз болған адам. Ол жас күнінде сүйген Меңлі сұлу деген қызға қосыла алмай кеткенін өмірінше арман етіп жырға қосқан. Бұл да оның өміріне көп әсер еткен секілді. Ол заманның тіпті әдет-ғұрпы Мақтымқұлының талабына дес бермей, сүйген қызы Меңлі сұлудан айырып, екі жас өмірінше қайғы-зармен өтіпті. Оны Мақтымқұлы өзінің «Айрылдым» деген өлеңінде өте шебер суреттейді». Сол «Айрылдым» («Aýryldym») өлеңінің түпнұсқасы мынау:

Bilbilem, ahy-zar çekip,
Täze gülzardan aýryldym.
Gözden ganly ýaşym döküp,
Ol söwer ýardan aýryldym.
Ýara ýaraşar sürmeçe,
Sypatyn söýlärem ança,
Lebi şeker, agzy gunça,
Zülpi garadan aýryldym.
Şirin janda ýokdur takat,
Jebri anyň jana rahat,
Gaşlary pitneýi-apat,
Çeşmi hunhordan aýryldym.
Aýryldym gunça-gülümden,
Syýa saçy sünbülimden,
Hoş owazly bilbilimden –
Şirin güftardan aýryldym.

Бұл өлеңді Ғали Орманов 1947 жылы, Дүйсенбек Қанатбаев 1983 жылы түрікмен тілінен қазақшаға аударып бастырған. Алғашқы шумақтың аудармалары бір-біріне өте ұқсас. Түрікмен аруын Ғали Орманов: «Бұлбұл құстай зар шегіп, Гүл бақшамнан айрылдым. Екі көзден жас төгіп, Сүйгенімнен айрылдым», – деп кейіптесе, Дүйсенбек Қанатбаев: «Бұлбұл едім, зар шегіп, Гүлзарымнан айрылдым. Көзден қанды зәр төгіп, Шын жарымнан айрылдым», – деп суреттейді. Ал екінші шумақта қазақ ақындары еркіндеу көсіліп, өзгеше өрнек салады. Ғали ақын: «Жардың көркі үш мүше, Соны айтайын ендеше: Ауызы – бал, ерні – гүл, Қолаң шаштан айрылдым», – деп әдіптесе, Дүйсенбек ақын: «Үш мүшелді жасында, Сыпат былай асылға: Тегелегі басында, Сырғалымнан айрылдым», – деп толғайды.
Түрікмен тілін жетік меңгерген Дүйсенбек Қанатбаев аудармасының дәлдігіне әйгілі ғалым Халық Короглының пікірлері дәлел бола алады. Ол алдымен былай дейді: «Ақын сезімінің нәзік қылын шерткен көптеген өлеңін арнаған Гөклен тайпасынан шыққан Меңлі қыз осындай болған. Одан ақынның қандай жағдайда айрылысқаны беймәлім. Бір өлеңінде ол қыздың басқалармен бірге тұтқынға түскенін меңзейді. Меңлі шайырдың алғашқы махаббаты емес екені айдан анық». Х.Короглы одан әрі М.Тарловский аударған Мақтымқұлының «Айрылдым» («Лишен») деген өлеңінен мысал келтіреді:

Если ей три дюжины лет,
Значит, лучще возраста нет!
Я тех уст, чей мятежен цвет,
Их хмельного склада
Лишен.

Осыған орай Х.Короглы: «Жас жігіттің отыз алтыдағы (үш мүшелге толған, Б.О.) әйелді өліп-өшіп жақсы көре алмайтыны даусыз, әрине. Сірә, жалғыздыққан жабыққан ақынның бұл жаңа бір махаббаты болуы керек. «Келмес пе?» («Зашла бы», (М.Тарловский аударған) атты өлеңінде ол Меңліні аңсап егіліп, өзін әйелінен айрылған еркек ретінде сезінетінін аңғартады», – дейді (Х.Короглы. Туркменская литература. М., 1972).

Чем горевать одной, зашла бы к дружку!
Можем поладить мы, ты видишь – я вдов.
Я госпожой своей тебя нареку,
Будь ты не так мила, не тратил бы слов.

Бір кезде Мақтымқұлының Меңлісін бүкіл кеңес елінің оқырмандарына танытқан ақын Марк Ариевич (Аркадьевич) Тарловский (1902-1952) шығыс халықтарының баға жетпес бірқатар мұрасын орыс тіліне аударды. Қазақ әдебиетінің құндылықтарын орысша сөйлетуге де өлшеусіз үлес қосты. Жамбылдың әдеби хатшыларымен үзеңгілес жүріп, оның соғыс тақырыбына арналған біраз өлеңін тәржімәлады. Марк Тарловский аударған ұлы жыраудың әйгілі «Ленинградтық өренім» өлеңі қоршаудағы қаланың тұрғындарын қалай рухтандырғаны баршаға мәлім. Ол сонымен қатар, қырғыздың «Манас», буряттың «Гэсэр» эпостарының, қазақтың «Қобыланды батыр» жырының үзіктерін аударып, бұрынғы одақтың жұртшылығына таныстырды.
Мақтымқұлының Меңліні жоқтап жырлаған «Айрылдым» өлеңінің қалған келесі шумағын қазақ ақындары былайша өрнектейді. Қырқыншы жылдардың аяғында Ғали Орманов: «Шыбын жанда жоқ тағат, Жалғыз сөзі – жан рахат. Қасы бейне қарақат, Бота көзден айрылдым», – деп сипаттаса, қырық жыл өткен соң Дүйсенбек Қанатбаев: «Шыбын жанда тағат жоқ, Мұнарланды абат көк. Медиен бар, жаннат жоқ,Тұлғалымнан айрылдым», – деп бейнеледі. «Айрылдым сол гүлімнен, Толқын шашы төгілген, Бұлбұлымның үнінен, Ескен жырдан айрылдым», – деп бедерлеген Мақтымқұлы-Ғалиды Дүйсенбек-Мақтымқұлы былайша түрлендіреді: «Жүрек қалай басылар: Қаламдайын қасы бар, Сүмбіл қара шашы бар, Гүл жанымнан айрылдым».
Көркем аударманың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес, кейбір тіркестер мен ой орамдары бір шумақтан бір шумаққа ауысады. Кей тұста мәтіннің мағыналық реңкі өзгеріңкіреп кететіні де рас. Бірақ соған қарамастан Мақтымқұлының Меңлісі өз ажарымен, өз болмысымен келіп, қазақ оқырмандарының арасына сіңді.
Түрікменнің ұлы ойшылы өз тілінде суреттеген арудың бейнесі:

İlleri bar diňli-diňli,
Sowuk suwly, ter öleňli,
İli – gökleň, ady – Meňli,
Näzli dildardan aýryldym, –

деп танытылса, қазақ ақыны Дүйсенбек Қанатбаев осының сынын бұзбай, салмағын кемітпей былайша бедерледі:

Аулы – жердің жаннаты,
Өзі адам бекзаты.
Елі – гөклен, Меңлі – аты,
Өз жанымнан айрылдым.

Түрікмен әдебиетін зерттеген ғалым Марина Агаева Мақтымқұлының Пырағы деген бүркеншек есімі «зарыққан», «айрылысқан» («разлученный») деген ұғымды білдіретінін айтады (М.Агаева. Туркменская литература. М., 1980). Әкесінен, бауырларынан, перзенттерінен айрылған ақынның тағы бір қасіреті – сүйгенін жоғалтудың («Меңді сұлу дер деді – Сол жарымнан айрылдым») зары. М.Агаева аталған еңбегінде «Мақтымқұлының өмірі қиындыққа толы болды. Сол кезеңнің қатаң қағидалары оның сүйген қызы Меңліге қосылуына мүмкіндік берген жоқ. Ол Аққыз деген басқа бір әйелге үйленді», – деп жазды.
Аққыз демекші, қолға тиген тиген мәліметтерге сүйенсек, Мақтымқұлының Аққыздан екі ұлы болыпты. Бірақ ол балаларынан жастай айрылған көрінеді. Х.Короглы Аққыздың кейінгі тағдыры белгісіз екенін айтады. Б.Каррыев Мақтымқұлының 1974 жылы орыс тілінде шыққан таңдамалы жинағына жазған алғы сөзінде Аққыздың жесір әйел болғаны, ақын ұлдарының есімдері Ыбрайым және Сары екендігі туралы мәлімет келтіреді (Б.Каррыев. «Слово о Мактумкули» // Мактумкули. Избранное. Ашхабад, 1947).
Қорыта айтсақ, Мақтымқұлының Меңлісі – махаббат мұңы («Көзі жас Меңлі қасқаның, Жүректі өртеп дал қылды») мен ғашықтық қасіретінің («Меңлі мұңын сыйлады, Ол кеудеме сыймады») символына айналған, әлемдік әдебиеттегі әйелдер образы галереясына еркін енген болмысы биік бейне.
Бауыржан Омарұлы