Мағынасы терең, тәлімі ортақ

Қазақ елі тәуелсіздік алған сәттен бүгінге дейінгі кезеңде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қазақ даналығын әлемдік биікке көтерген хакім Абайдың есімін Алаш баласы асқақтатып келеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласында: «Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музей құрылды. Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әкелінген ұлутастардан ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Меккеге айналғанын атап өттім», – деп жазылған болатын.
Барша қазақ баласын еңбексүйгіштікке, бауырмалдыққа үндейтін данышпанның шығармашылығы туралы Нұрсұлтан Әбішұлы «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын. Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі, бір жағынан, мақтаныш, екінші жағынан, жауапкершілік екенін ұқтым» деп ой сабақтайды. Мұнан бөлек, Нұрсұлтан Әбішұлы бізге ұлы адамды еске алу, атаулы күндерді атап өту үшін шектен асқан той жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы, зиялылық пен ұстамдылықтың қажет екенін, мерейтой жоғары мәдениеттілік аясында өту керектігіне тоқталады.
Абай аманатына адалдық туралы екшеп жазған мақалада жан-жақты жақсы көрсетілген. Себебі Абай шығармасын қай қырынан алып қарасаңыз да, қандай заман келбетімен өлшесеңіз де, ой орамдары мен толғамдары дәлме-дәл келеді. Сондықтан Абай бейнесі қанша ғасыр өтсе де өміршеңдігін жоймақ емес. Әсіресе: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», – деген сөздері Абай Құнанбайұлының мемлекет, халық үшін қандай маңызға ие тұлға екендігін барынша айғақтай түседі. Нұрсұлтан Назарбаев «Абай қаншама тар қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды» деген сөздері Абай аманатының бүгінгімен сабақтасып жатқандығын көрсетеді.
Тағылымы мол мақалада Тұңғыш Президент: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», – деген. Бұдан біз Абай Құнанбайұлының қазақ халқы үшін әркез рухани ұлы тұлға екенін аңғарамыз. Расында да, біз қай тарапта, қай талапта жүрсек те өмірімізді, арман-мақсаттарымыз бен жоспарларымызды Абайдың ойлары мен пікірлерінсіз елестете алмаймыз. Өйткені ақынның артында қалған мол мұрасы ешқашан ескірмейді, өз құндылығын жоймайды.
Аталған мақаласында Н.Назарбаев: «Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз», – деген едім. Осы қағида – менің ешқашан айнымайтын өмірлік ұстанымымның бірі», – деп жазған болатын. Тұңғыш Президент Абайдың «Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір» екенін айта келіп: «Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, «өз қолынан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады; баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты» – деп, Абайдың өмір сүрген қоғамына қазіргі көзқараспен баға береді.
Абайды бүге-шігесіне дейін талдаған, Абай болып толғанып, Абай болып күңіренген ғалымдардың пікірін тұздық ете отырып, өзіндік пайымын, ойын, қазіргі қоғаммен байланысын айтады. Тәуелсіз жас Қазақстан үшін Абайдың алар орнын пайымдайды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда сеператистер мен іріткі салушылардың жетегіне еріп кетпеуге де ақынның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі негіз болғанын тілге тиек етеді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында Абайды рухани ұстаз тұтып, оның әрбір сөзін жадында сақтап, Абай салған негізбен әсіреұлтшылдыққа бой ұрмай-ақ ұлтты, елді сүюге болатынын сөз етеді. Оның айтуынша, «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұрмыс тапшылығын да бір тайқазаннан ас ішкендей бірге еңсердік. Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты. Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті.
Қазақ қоғамында қандай көрнекті тұлғалар болмасын бірде-бірі Абай ғибраттарына жүгінбей өткен емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Абай ойларына тіреледі. Ұлы ақын тек қазақ қоғамының рухани дүниесіне ғана тоқталмаған. Ол сондай-ақ халқымыздың өмір сүру заңдылықтарының ешбірін назардан тыс қалдырмайды. Мінез-құлық, еңбек, елді сүю, ғылым-білім, адамгершілік, сот, әділдік сияқты қоғам үшін маңызды тетіктердің барлығына өз ойын, бағыт-бағдарын білдіріп отырған. Абай аманаты, Абай ғибраты сонысымен құнды, сонысымен өміршең. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты рухани мақаласының осындай ізгі ойларға бастайтыны да сондықтан.Ендеше, «Абай аманаты» мақаласындағы орнықты ойларды әрбір ұстаз бен білімге ұмтылған жас оқуы керек. Себебі ақынның аманатын ақтау – баршамызға, оның ішінде ұстаздар мен жастарға артылған міндет.

Жайнар МҰРАТ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының
3-курс студенті