М.Ж.Көпейұлы шежіресі- қазақтың алтын қазынасы

М.Ж.Көпейұлы жазбасын оның жазу стиліне қарап анықтауға болады. Мысалы мына бір мәтінді қарайық- «Әуелі — Адам ата, оның атасының атын білуші жоқ, қайдан білсін. Первый человек болып топырақтан жаратылды. Екінші — хазірет Ғайса пайғамбар, оның атасының атын білуші жоқ, қайдан білсін! Құдірет шеберлігін көрсету үшін, он жасар қыздан атасыз туғызды. Үшінші Қызыр пайғамбардың атасының атын білуші жоқ Атасы бар шығар, бірақ анық біліп сарт еткізіп айтушы жоқ. Төртінші-Ескендір Зұлқарнайын , атасының атын білуші жоқ. Бесінші — Шыңғыс ханның атасының атын білуші жоқ . Бағзы бір ата білемін дегендер Есугей баһадүрдің баласы дейді. Ол бекер -Есугей — қалмақ. Бір қалмақтың баласын осынша жұрт қалай төбесіне көтереді. Стамбұлдағы Османи нәсілінен басқа, бұл Азияда, хандардың көбі Шыңғыс нәсілінен. Россияда — граф, ноғайда — князь, қазақта төре бәрі Шыңғыс нәсілінен.
Есугей баһадүрден қыз туып, ол қыз он бес жасқа жеткенде, отырған үйінің ішіне сағым түсіп, сол сағымнан буаз болып, бір ұл туыпты. Ол бала он үш жаста жетімдікпен жиһан кезіп, жиырма жеті жаста Алла тағала бақталайын өзгеден арылтып, шүршітке хан болып жүріс қылып, дүние жүзін алып, Шыңғыс деп ат атанды. Мағынасы «хандардың ханы» деген сөз. Сондай атасыз қүдайдың құдіретінің шеберлігімен сағымнан пайда болғанына заманындағы халықтың көзі жетіп, соның үшін, тұқым — түқымын жұрт басына көтеріп кетті. Кеше Әмір Темір көреген қанша жұртты алғанда, бұл Шыңғыс нәсілінен болған хандарды өлтіргенде, орнына сол Шыңғыс нәсілінен екінші біреуін хан сайлап жүрді. Бұл Шыңғыстан бері қарай бір кітапта мәшһүр болган хандар, — баршасы — Шыңғыс ханның нәсілі. Дүниені алған Батый — һүлагудің немересі, заты қарадан болгандықтан әмір Темір қанша жұртты алса да, хан аталған жоқ. Жақсы көргендер: «Әмір Темір көреген», — дейді. Жек көргендер: «Темірлің», — дейді. Кім болсын, ол болсын, жаман кісі болған жоқ. Жұрт аузында аты қалды. Дүниеде қанша қылган жақсылықтар қалды.Алтыншы — Алаша ханның атасының аты жоқ. Жетінші — Асан қайғының атасының атын білуші жоқ. Сегізінші — Жиренше шешеннің атасының атын білуші жоқ. Тоғызыншы — Абылай ханның  атасының атын білуші жоқ. Өз басына қойдырган тасында Абылай бин Сүйеніш хан деп жазыпты. Ол Сүйеніш қай жерге хан болғанын, қайда жүріп хандық қылганын ешкім білмейді. Осындай атасының атын адам білмей, аты жұртқа шығып кеткен жандар көп болады. Бағзы біреуден сұрасаң, білмеймін деуді өлім есепті көреді де, бәріне де ата табады».
Бұл мәтін Мәшһүрдің өз қолынан шыққан дүние. Мәшһүр атын пайдалану соңғы кезде күшейді. Өздері бірдеме жазады да, бұл Мәшһүрдікі дейді. Кім оның 20 томдығын алып тексеріп жатады, оның ішінде редакцияда кеткен қате және бар. Сол себепті Мәшһүрдің жазу стилін білуіміз керек. Мәшһүрдің тілін осы мәтін арқылы ажыратуға болады. Бұл аз болса, басқа мәтіндерін беруге болады.
Жамбыл Артықбаев ФБ парақшасынан алынды