Мұсылман бала

Бір күні Париждегі үлкен мешітке кішкентай бала кіріпті де, имамға кеп:
— Анам мені осында жұмсады, осы мектепте оқысын деп жіберді, — дейді.
Анаң қайда, сен туралы бізге ештеңе айтпады ғой, — дейді имам. Бала оған:
— Анам сыртта тұр. Ол кіре алмайды. Анам мұсылман емес, — деп жауап қатады.
Имам сыртқа шығады. Есіктің көзіндегі баланың анасына жолығады. Не қалайтынын сұрайды. Баланың анасы бүй депті:
— Менің көршім мұсылман. Анасы балаларын мектепке шығарып салар кезде олар оның қолынан сүйетінін күнде көрем. Сол отбасына қонған бақ баянды болды. Имам мырза, біздің елімізде бірде бір мұсылманның ата-анасын қарттар үйіне апарып тастағанын көрмедім. Менің баламды да өз қанатыңыздың астына алып, сол көркем мінезді, шын мұсылман болуды үйретсеңіз… Бәлкім, өскенде ол да мені мұсылманға тән әдеппен бағып-күтер деп дәмеленіп, ертіп әкелдім.

Аударған Шынар Әбілдә