Мұғалім мамандығының мәртебесі

Мұғалім мәртебесі қашанда қастерлі. «Ұстаздың орны қашанда төр», деп Мемлекет басшысы барша ұстаздардың еңбегін жоғары бағалап, педагог мәртебесін көтеруді жиі айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп келеді. Педагогтердің аса маңызды, қарбалас еңбегін бағалап, жалақыларын да тұрақты өсіруде. Себебі, еліміздің келешегін дайындап жатқан ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Талас ауданы, Көшек батыр ауылы, Жамбыл орта мектебінің бірқатар мұғалімдерін білікті ұстаздар санатына жатқызуға болады. Фарида Мажинова аталған орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Білген маманға мектептің тіл маманы болу деген – үлкен жауапкершілік.

Болашақта мұғалім, жазушы, журналист, ақын болғысы келетін жеткіншектердің барлығы мектептегі тіл маманының берген білімімен, бағытымен өзін қалыптастырады. Оны ұзақ жылдық тәжірибесі бар ұстаз Фарида Керімбайқызы жақсы түсінеді. Ол былтыр «Үздік партфолио» байқауына қатысып, жүлдегер атаныпты. Дайындаған шәкірттері де жақсы жетістіктерге жетіп жүр.

Мәселен, Аида Білтен Түркістан қаласында өткен «Бабалар мұрасын сақтай отырып, көркейеміз» атты аймақтық ғылыми жоба жарысында үшінші орынды иеленсе, Гауһар Елемес Абай Құнанбайұлын зерттеуге арналған облыстық ғылыми жоба байқауында І орынды иеленді.

Роза Кенбай – осы мектепте география және биология пәнінің мұғалімі. Еңбек өтілі 25 жылдан асады. Роза мұғалімдерге арналған республикалық «Ұлттық интернет» олимпиадасында, республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасында екінші орын иеленген. Білімді де білікті Роза Ақылқызының шәкірттері де жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Атап айтқанда, республикалық «Ұлттық интернет» олимпиадасында Аяулым Білтен, Әсел Төлепберген жүлделі бірінші орындарды иеленді. Жанбота Пәрімбек облыстық пән олимпиадасында жүлдегер атанса, республикалық «Ақбота» интеллектуалдық марафонынан Дәулет Білтен үшінші орын иеленіпті. Оның жүлдегер шәкірттерінің қатарында Сымбат Жанай, Аянат Мейірбек те бар. Шалғайдағы мектепте жүріп, осындай озат оқушыларды тәрбиелей білген Розаның еңбегі құрметке лайық.

Аталған мектептің директоры, математика пәнінің мұғалімі Жылжанат Жантайбекова – өз ісінің нағыз шебері. Оның еңбек өтілі 25 жылға жуықтайды. «Математика – мидың гимнастикамен шұғылдануы» демекші, ауыл балаларына есептің қыр-сырын үйретуде Жылжанат Елемесқызының еңбегі ерен. Ұжымды басқарып, мектепті биік белестерге жетелеу де оңай шаруа емес. Аталған еңбектері үшін Жылжанат Елемесқызы облыстық білім басқармасы және аудан әкімдігі тарапынан бірнеше марапаттарға ие болған.

Ауыл балаларын еңбекке баулудың маңызы жоғары. Аталған мектепте 12 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қалима Жұмабаеваны да ауыл тегіс сыйлайды. Ол биыл халықаралық Тараз инновациялық институтының «Педагогика ғылымдарының магистрі» атанды. Қалиманың «Үздік тәлімгер» байқауында «Ең тапқыр» аталымы бойынша дипломмен марапатталғаны және бар. Қалима Ықыласқызының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық байқауда «Үздік жетекші» дипломымен марапатталғаны да – мектеп ұжымы үшін мақтаныш.

Аталған мектеп басшысы Жылжанат Елемесқызы:

– Мектебіміздің жыр алыбы – Жамбыл Жабаев атамыздың есімімен аталғаны да мұғалімдер мен оқушыларға қуаныш сыйлайды. Шалғай ауылдағы мектеп болсақ та, ел болашағы жолында атқарып жүрген еңбегіміз атап өтуге лайық. Осындағы білікті ұстаздардан тәлім алған жас ұрпақтың болашағы жарқын. Кейде сол өмір тәжірибесі мол мұғалімдерден, білікті мамандардан өзімнің де үйренерім көп. Менің әкем Елемес, анам Зайым да ертеректе осы мектепте еңбек еткен. Осы білім ошағында өзім де ұзақ жыл мұғалім болдым. Осы ауылға келін болып, «Күміс алқа» иесі атандым. Енді осы мектепті басқарып отырғаныма қуанамын. Жауапкершілік жүгі жоғары екенін сезінемін. Қазір жазғы демалыс кезінде де мектепті жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Мектеп – оқушылармен қызықты. Жазғы демалыс кездерінде оқушыларымызды сағынатынымыз рас, – дейді.

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы